АПВ деген не және ол туралы неліктен білу керек?

Адам паппилома вирусы (АПВ) — жыныстық жолмен жұғатын ең кең тараған аурулардың бірі. Сарапшылардың сөзінше, планетадағы адамдардың көбі өмірінде бір рет болсын АПВ типіне ұшыраған. Десе де, оның алдын алу туралы айтыла бермейді.

Адамдардың көбі АПВ қалай жұғатынын, оның симптомдарын және өзі мен жақындарын одан қалай қорғау керек екенін білмейді. Сонымен қатар бұл вирус көбіне бүкіл әлем бойынша әйелдердегі жатыр мойыны ісігіне себеп болады. Осыған орай «Сексчек» айдары аясында Factcheck.kz редакциясы оқырмандарға АПВ туралы айтып береді.

АПВ деген не және ол неліктен қауіпті?

Адам паппилома вирусы — әртүрлі деректер бойынша (1, 2) 100-150 түрі бар кең тараған вирустар тобы. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректерінше, олардың  40-ы сыртқы жыныс ағзаларын зақымдайды.

Көбіне вирустың ешқандай белгілері болмайды, адамдар АПВ вирусы туралы білмей жүре беруі де мүмкін. Бірақ кейде қол, аяқ немесе басқа дене мүшелерінің терісіне сүйел ретінде көрінуі мүмкін. Ерлердің жыныс мүшесінің ұшында, қынапта, тік ішекте, вульва мен жатыр мойынында шығатын сүйелдер ауыртпалық тудыруы мүмкін. АПВ осы типтері тамақ пен ауыз қуысын да зақымдауы мүмкін.

АПВ вирусының кемінде 13 түрі жатыр мойыны ісігін тудыруы мүмкін. Олар рактың аногенитальды түрлерімен, бас пен мойын ісігімен де байланысты. «Жоғары қауіптегі» ең кең тараған генотиптің екі түрі — АПВ 16 мен 18 — жатыр мойыны ісігінің шамамен 70% жағдайына себеп болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректерінше, жатыр мойыны ісігінің 95%-тен астамы АПВ-мен байланысты.

Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің деректерінше, әйелдердің онкопатологиясында жатыр мойыны ісігі сүт безі рагінен кейін екінші орында тұр. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойыны ісігінің 1 800 жаңа жағдайы тіркеледі және бұл аурудан 600-ге жуық адам қаза табады.

Әлемдік рейтингте жатыр мойыны ісігі әйелдер арасында кең тараған онкология тізімінде төртінші орында тұр. ДДСҰ бағалауынша, 2020 жылы жатыр мойыны ісігінің 604 000 жаңа жағдайы тіркеліп, 342 000 адам көз жұмған. Олардың 90%-не жуығы табыс деңгейі төмен я орташа елдерде болған.

АПВ қалай жұғады?

АПВ таралуының құжатталған жағдайларының көбі жыныс жолдары арқылы жұққан:

  • Сыртқы жыныс ағзалары терісінің бір-біріне тиюі;
  • вагинальды, анальді не оральді секс;
  • секс-ойыншықтар алмасу.

АПВ жұқтыру үшін көп адаммен жыныстық қатынаста болу міндет емес. Вирусты бірінші рет жыныстық қатынаста болғанда-ақ жұқтыруға болады.

Сондай-ақ АПВ тұрмыстық жолмен тараған жағдайлар да бар: мысалы, инфекция жұққан тері қабаты не зақымдалған терімен я сүйелмен тікелей байланыста болу.  

АПВ-дан қалай қорғану керек?

АПВ-дан толықтай қорғану мүмкін емес, бірақ оны жұқтыру мүмкіндігін азайтатын шаралар (1, 2) бар.

  • Презерватив. Ол инфекция жұқтыру қаупін төмендетеді, бірақ 100% қорғамайды, себебі сыртқы жыныс ағзаларының терісін толық жаппайды.
  • Вакцинация. Бүгінгі таңда вакцина АПВ алдын алудың негізгі әдісі. Ол вирустың онкогенді саналатын ең қауіпті түрлерінен қорғайды.

Қазіргі таңда ДДСҰ алдын ала мақұлдаған 4 вакцина бар. Олардың бәрі АПВ-ның 16 және 18 деген түрлерінен қорғайды. 9-валентті вакцина АПВ онкогенді типтерінің қосымша 5 түрінен қорғайды. Екі вакцина аногенитальді сүйел тудыратын  АПВ 6 және 11 типтерінен қорғайды.

АПВ вакциналары АПВ контакт болмай тұрып салғанда жақсы жұмыс істейді. Сондықтан ДДСҰ жатыр мойыны ісігінің алдын алу үшін көбі жыныстық өмірді бастамаған 9-14 жастағы қыздарды вакциналауды ұсынады.

Кей жағдайда жасөспірім ұлдарға да екпе салады, себебі олар да онкогенді АПВ жұқтырып, оны жыныстық қатынас кезінде таратуы мүмкін. АПВ ұшыраған адамдарға да екпе салу ұсынылуы мүмкін. Бұл мәселе дәрігермен әр адамда әрқалай шешіледі.

АПВ-дан қорғаудан бөлек профилактикамен айналысу да маңызды. Негізгі профилактика шарасы рак алдындағы жағдай мен ракті анықтау скринингі саналады. Скринингті адам өзін жақсы сезініп, ешқандай симптом байқалмаса да өткен жөн. Аурудың ерте анықталуы оның емін жеңілдетеді.

Вакцинация жағдайындағыдай, скринингтің мақсатты аудиториясы бірінші кезекте әйелдер. ДДСҰ скринингті әйелдерге 30 жастан, АПВ анықталған әйелдерде әр 5–10 жыл сайын, АИТВ анықталған әйелдерге 25 жастан бастауды ұсынады. АИТВ бар әйелдер скринингті әр 3–5 жыл сайын өтуі керек.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстан 2024 жылдан бастап АПВ вакцинасын ұлттық екпе күнтізбесіне енгізуді жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттың сөзінше, әлемдегі 86 мемлекет АПВ вакцинасын ұлттық иммунизация бағдарламасына қосқан. Олардың арасында АҚШ, Канада, Австралия, Бразилия, Венесуэла, Ұлыбритания және т.б. бар.

ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологі Диляра Қайдарованың сөзінше, АПВ вакцинасы, сонымен қатар 30 жастан асқан әйелдерді жатыр мойыны ісігіне скринингтен өткізу вирус таралуының алдын алатын қауіпсіз және тиімді жол екенін айтады.

Factcheck.kz