Жылына 1200 қыз кәмелет жасына толмай тұрмысқа шығатыны рас па?

Жақында UNPFA-ның ұлттық гендерлік теңсіздік мәселелері бойынша жоба координаторы Ғазиза Молдақұлова жылына 1200-ге жуық кәмелетке толмаған қыз бала тұрмысқа шығатынын айтты. Содан кейін бірқатар отандық БАҚ бұл туралы жазды. Біз мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтадық.

Ерте тұрмыс құру мәселесі Қазақстанды да айналып өтпейді. Жыл сайын мұндай неке саны азайып келе жатыр десек те, соңғы бес жылдың әр бірінде шамамен 1200 қыз кәмелет жасына толмай тұрмыс құрған.

Ғазиза Молдақұлова

Үкім: Жартылай шындық

Бес жыл бұрынғы дерек деп 2015 жылдан бері санасақ мұндай неке біраз төмендегенін көреміз. Бес жыл бұрынғы деректе кәмелет жасына жетпеген 1247 қыз тұрмысқа шықса, кейін бұл 1086 (2016 жыл), 1009 (2017 жыл), 990 (2018), 984 (2019)-ке дейін төмендеген. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш тіпті 1336 болған.

Кәмелет жасына толмаған ер балаллар некесінің саны бұған қарағанда әлдеқайда аз. Бес жыл бұрынғы дерекке көз жүгіртсек, 2015 жылы 75 ер бала үйленсе, 2019 жылы 70 бала отбасын құрған.

Әлемдегі жағдай қалай?

Әлем бойынша 18 жасқа толмаған қыздар арасындағы некеге тұру фактісі (35%) Сахараның оңтүстік аймағында жиі тіркеледі. Одан соң бұл көрсеткіште 30%-пен Оңтүстік Азия тұр. Кәмелет жасына толмаған қыздар некесі Латын Америка елдерінде сирек кездеседі.

Әлемде соңғы он жылда балалар арасындағы неке көрсеткіші төмендеп келе жатса да, кәмелет жасына жетпестен тұрмыс құрған қыздар саны жыл сайын 12 миллионды құрайды. UNICEF-тің жазуынша бұл мәселенің алдын алмаса, 2030 жылға дейін 120 миллион қыз ерте жаста тұрмысқа шығуы мүмкін.

Бүгінде әлемдегі 650 миллионға жуық қыз бен әйел 18 жасқа дейін тұрмыс құрған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz