Ресейде оқитын қазақстандық студенттерге азаматтық жеңілдікпен беріле ме?

6 желтоқсанда өткен мәжіліс отырысында депутат Ержан Бейсенбаев Ресейде білім алатын қазақстандық студенттер жайлы мәлімдеме жасады. Депутаттың сөзінше, Ресейде оқитын шетелдік студенттер саны бойынша Қазақстан бірінші орында және оларға Ресей азаматтығы жеңілдікпен беріледі.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:16:16)

Factcheck.kz депутаттың сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Ресей университеттері мен колледждерінде қазақстандық мектептердің 70 мыңдай түлектері бар екен. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейдегі шетелдік студенттер арасында Қазақстаннан келген жастар бірінші орында тұр.

Ержан Бейсенбаев

Үкім: Шындық

Ресейдің ғылым және жоғарғы білім министрлігінің 2022 жылғы ақпаратына сәйкес, қазақстандық студенттер Ресейде оқитын басқа шетелдік студенттер санымен салыстырғанда көп — 61 мың қазақстандық солтүстіктегі көршімізде білім алады. Екінші орында Өзбекстан студенттері (48,7 мың) және үшінші орында қытайлық студенттер (32,6 мың). Ресейдегі Қазақстан елшілігінің 2022-2023 оқу жылына қатысты мәлімдемесінде қазақстандықтардың бұл саны 67 мыңға жеткен.

Одан кейінгі орындарда Түркіменстан (30,6 мың студент), Тәжікстан (23,1 мың) және Үндістаннан (16,7 мың) келген студенттер тұр.

Ал Қазақстанда білім алатын ресейлік студенттер саны 2022-2023 оқу жылының I жарты жылдығы бойынша 1 388 адам, бұл барлық шетелдік студенттер саны ішінде 5-орын. Жалпы Қазақстанның жоғары оқу орындарында 89 елден келген 27 756 шетелдік студент оқиды, бұл білім алушылардың жалпы санының 4,4 %-і.

Мәлімдеме: Егер жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтардың жалпы санымен салыстыратын болсақ, онда Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10 пайыздан асады.

Ержан Бейсенбаев

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022-2023 оқу жылында Қазақстанның оқу орындарында жалпы 555 723 қазақстандық студент білім алады (құжаттың 10-беті). Ресейдегі қазақстандық студенттердің үлесі жалпы Қазақстанда білім алатын студенттердің 12%-і. Алайда, бұл салыстыру барлық қазақстандық студенттердің (шетелде оқитын студенттерді қоса алғанда) саны белгісіз болғандықтан, дұрыс көрсеткіш деп айта алмаймыз.

Депутат Ресейде білім алатын студенттердің үлесін Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын студенттер санымен ғана салыстырған. Қазақстанда шетелде білім алатын студенттердің ресми статистикасы жүргізілмейтіндіктен, жалпы қазақстандық студенттердің үлесімен салыстыра аламаймыз.

Дей тұрғанымен, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының мәліметі бойынша Қазақстанда 626 208 студент бар, оның 598 452-і қазақстандық.

UNESCO статистика Инстутының мәліметін қарайтын болсақ, 2019 жылы шетелде білім алатын қазақстандық студенттердің жалпы саны 89 347 болса, оның 71 368-і Ресейде білім алады, яғни жалпы шетелде білім алатын қазақстандық студенттердің 79,8%-і Ресейде оқиды.

Мәлімдеме: Ресей университеттеріне қазақ талапкерлерін Ұлттық бірыңғай тестілеусіз (ЕНТ) қабылдап, грант, стипендия, жатақхана береді.

Ержан Бейсенбаев

Үкім: Шындық

Ресей оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, депутат айтқандай Ресей университеттерінде шетелдік студенттерге мемлекеттік гранттар қарастырылғаны да рас.

Алайда: Ресейдің шетелдік талапкерлерге арналған ресми сайтындағы мәліметтерге сәйкес, ҰБТ тапсырудың қажеті болмағанымен, шетелдік студенттер конкурстық іріктеуден өтуге міндетті.

Ресейде мемлекеттік грант ұтып алу үшін мектеп түлектері төмендегі талаптардың бірін орындауы керек:

  • Келісімшарт бойынша оқыту — жоғары оқу орындары шетел азаматтары үшін арнайы өткізетін қабылдау емтихандарын тапсыру;
  • Жалпы және конкурстық негізде Ресей азаматтарымен тең құқық бойынша оқу —  жоғары оқу орындары шетел азаматтары үшін арнайы өткізетін қабылдау емтихандарын тапсыру қажет немесе бірыңғай мемлекеттік емтихан (ЕГЭ Единый государственный экзамен) тапсыруы керек;
  • Квота бойынша оқу — әрбір университетке және елге байланысты тест тапсыру, әңгімелесу мен конкурстардан өту керек.

Ресей университеттерінде шетелдік студенттер үшін мемлекеттік гранттар қарастырылғаны да рас. Бірақ барлық қазақстандық студент тегін білім алмайды. Қазақстан елшілігінің мәлімдемесіне сәйкес, 2022-2023 оқу жылында 67 мың қазақстандық студенттің 30 377-сі Ресейдің мемлекеттік бюджеті есебінен оқыса, 30 663 студент ақылы бөлімде білім алады. 

Астанадағы Россотрудничество өкілдігінің басшысы Ольга Филонованың мәлімдеуінше, мемлекеттік грант алған студенттерге тегін оқумен қатар, жатақхана және степендия беріледі.

Астанадағы Россотрудничество өкілдігі — Қазақстан Республикасында Ресейде оқу квотасына кандидаттарды іріктеу және оқуға тапсыру жөніндегі оператор.

Мәлімдеме: …Білім алып шыққаннан кейін жұмыс орнын ұсынатындығы, тіпті азаматтық беретіні жасырын емес.

Ержан Бейсенбаев

Үкім: Шындық

Ресей Федерациясындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан) студенттері мен азаматтарына Ресейде жұмыс істеу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ.

“Ресей Федерациясының азаматтығы туралы” федералды заңға сай, Ресейдің жоғары оқу орындарын аяқтаған азаматтар мен мамандығы бойынша Ресейде кемінде 1 жыл жұмыс істегендер Реcей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады.

Ресейдің сыртқы істер министрлігінің 2023 жылдың қаңтар-маусым дерегіне сәйкес, Қазақстаннан 29 742 адам оқу бойынша Ресейдің көші-қон есебіне тұрған. 6 ай қорытындысы бойынша Қазақстаннан келген 13 876 адамға Ресей азаматтығы берілген. 2022 жылдың осы уақыт көрсеткішінде Ресей азаматтығын алғандар саны 21 647 болды, яғни биыл азаматтық алғандар саны 35,8%-ке аз.

Factcheck.kz