Фактчек | Қоңыров ШОБ проблемалары, жұмыссыздық пен микрокредит туралы

16 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Айқын Қоңыров өз сауалында жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлердің қаржы проблемаларына назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, карантин кезінде шағын орта бизнестегі өндіріс көлемі, нақты айтқанда қоғамдық тамақтану саласында 53%-ға, бөлшек сауда саласында 45%-ға және көлік саласында 37%-ға күрт төмендеген. Осыған қоса микрокредит көлемі де күрт өскен. Бірінші жартыжылдықта ШОБ микрокредит көлемін 850%-ға арттырса, мерзімі өткен берешек 238%-ға жеткен.

Жеке тұлғалардың микрокредиттері шамамен 145%-ға артса, мерзімі өткен берешек 332%-ға жеткен. Осыған қоса карантин кезінде 4,2 млн адам жұмыссыз қалған. Жұмыссыздық 46%-ға дейін өсті.

Енді «Халық коммунистері» фракциясы өкілінің мәлімдемелерін тексеріп көрейік. Қорытындысы төменде.

Мәлімдеме: Карантин кезінде ШОБ саласындағы өндіріс көлемі келесі салаларда күрт төмендеді: қоғамдық тамақтану – 53%, бөлшек сауда – 45%, көлік – 37%.

А. Қоңыров

Үкім: Үкім жоқ

Өкінішке қарай, ашық ақпарат көздерінде ШОБ-тың әр саласы бойынша өнімділік қалай төмендегені туралы ресми дерек жоқ. Сондай-ақ депутат өз мәліметтерін қай кезеңмен салыстырып отырғаны да түсініксіз, ол төмендеу қарқынын өткен жылмен әлде карантинге дейінгі уақытпен салыстырып отыр ма деген сұраққа жауап жоқ. Осыған қоса депутат көліктің қай түрі туралы айтып жатқаны да белгісіз, оның мәліметтері жүк немесе жолаушылар айналымына әлде тіпті екеуіне де қатысты ма деген сұрақ туындайды. Төтенше жағдай кезінде өндіріс көлемі азайғаны анық, алайда нақты сандар жоқ немесе әр сала бойынша әртүрлі.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, алғашқы карантин мен төтенше жағдай уақытында өндіріс құлдырады. ШОБ бойынша жеке деректер болмаса да, Статистика комитеті, мысалы, бөлшек сауда бойынша жалпы сандарды ұсынады. Мәселен елдегі бөлшек сауда айналымы сәуір айында 52 963 миллион теңгені құрады, бұл ақпан айымен салыстырғанда (73 216,6 миллион теңге) 28%-ға аз.

Сондай-ақ Nurkassa компаниясының сарапшылары да сәуір айында қызметтің ең белсенді 100 саласына талдау жүргізіп, есеп ұсынған. ШОБ компанияларының сәуір айындағы күнделікті кірісі ақпанмен салыстырғанда өндіріс және ауыл шаруашылығы саласында 14% (6 есе төмендеу), қызмет көрсету саласында 27% (3 еседен артық төмендеу) және сауда саласында 39% (2,5 есе төмендеу) болды.

Мәлімдеме: 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ШОБ өзінің микрокредит портфелін 850%-ға арттырды. Осы орайда негізгі қарыз немесе есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешек те 238%-ға өсті. Жеке тұлғалардың микрокредиттері шамамен 145%-ға артып, мерзімі өткен қарыздар 332%-ды құрады.

А.Қоңыров

Үкім: Техникалық қате салдарынан жалған мәлімет айтылды

Депутат өзінің ақпарат көзін көрсетпеді, сондай-ақ ол микроқаржы қызметін жүзеге асыратын барлық ұйымдар туралы (микроқаржы ұйымдары, несиелік серіктестіктер мен ломбардтар) әлде тек МҚҰ туралы айтып жатқанын нақтыламады. Алайда Қоңыров келтірген сандарға қарап, ол Ұлттық банк ұсынған мәліметтерді пайдаланғанын байқаймыз. Сондықтан ол микроқаржы ұйымдарының кредит портфеліндегі пайыздық өсімді дұрыс есептемеді деп болжауға болады. Негізі МҚҰ ұсынған микрокредиттер өсімі соншалықты көп емес.

Фактчек | Қоңыров ШОБ проблемалары, жұмыссыздық пен микрокредит туралы
ҚР микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері туралы мәліметтер (Дереккөз: ҚР Ұлттық Банкі)

Ұлттық Банк деректерін пайдалана отырып, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ШОБ үшін микрокредиттердің өсуі 353,6%-ды, ал жеке тұлғалар үшін 29,8%-ды құрағанын есептеп шығуға болады. ШОБ үшін негізгі қарыз бен/немесе есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешектің өсуі 96,2%-ды, жеке тұлғалар үшін 155%-ды құрады.

Мәжіліс депутаты бұл сандарды қайдан алып отыр? Егер сәуір мен шілде айларының басында заңды тұлғаларға берілген шағын несиелер туралы деректерді қосып, қаңтардың басындағы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, онда өсім дәл осы 850%-ды құрайды. Алайда бұлай есептеу дұрыс емес, себебі микрокредиттер әр тоқсанда нөлден басталмайды.

Егер МҚЖАҰ берген микрокредиттерді есептейтін болсақ, онда кредит портфелінің өсуі депутат айтқан сандардан да көп болады. Алайда бұл МҚЖАҰ санының күрт артуына байланысты, себебі 1 қаңтардан бастап «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 1-бабының нормалары (03.07.2019 жылғы № 262-VI ҚРЗ) күшіне енді. Оған сәйкес 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтарға қарыз беретін барлық заңды тұлғалар мемлекеттік қайта тіркеуден өтті.

Мәлімдеме: Ресми мәліметтер бойынша карантин кезінде 4 миллион 200 мың адам жұмыссыз қалды. Жұмыссыздық бірден 46%-ға көбейді, бұл біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған жағдай.

А. Қоңыров

Үкім: Шындық және манипуляция

Расында да Қазақстанда наурыз-сәуір айларында уақытша 4,2 млн адам жұмыспен қамтылмай қалды. Бұл туралы маусым айының басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтқан еді. Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны 8,8 млн адамды құрайтынын ескерсек, жалпы 47,7% адам жұмыссыз қалды деген сөз. Дегенмен депутат ақпаратты ұсынған кезде манипуляцияға жол бергенін байқаймыз. Себебі карантиннен кейін көп адам жұмысқа оралды.

Яғни жұмыссыздық 46%-ға дейін өспеген, әйтпесе бұл нағыз апат болар еді.

Дегенмен елдегі жұмыссыздық мәселесі пандемияға байланысты өршіп кеткені рас. Біз шілденің ортасында Қазақстандағы жұмыспен қамту статистикасы туралы материал жаздық. Онда келесі тақырыптар қамтылған еді: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл соңына дейін жұмыссыздыққа қатысты жасаған болжамдары қаншалықты жақсы, бұл туралы мамандар не ойлайды және жұмыспен қамту туралы мәліметтері қалай жиналады. Оқып көруге ұсынамыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz