Сауд Арабия футболшылары Аргентинаны жеңгені үшін 2,5 млн еуро сыйақы алды ма?

Катарда өтіп жатқан футболдың әлем чемпионатында фаворит саналған Аргентина құрамасы Сауд Арабия футболшыларынан жеңілді. Бұл ойыннан соң желіде Сауд Арабияда демалыс жарияланғаны туралы ақпарат тарап, мұның рас екенін анықтадық. Кейін желі қолданушылары мен медиада Сауд Арабия ойыншыларына 2 500 000 еуро сыйақы тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Factcheck.kz оқырмандардың сұрауымен желіде тараған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Сауд Арабия футболшылары Аргентинаны жеңгені үшін 2,5 млн еуро сыйақы алды.

Желіде тараған ақпарат.

Үкім: Дәлелденбеген

Ақпарат ресми түрде расталмады. Сауд Арабия баспасөз агенттігінің сайтында да бұл жайлы ақпарат жоқ.

Толығырақ…

Бұл ақпаратты ең бірінші болып “Это футбол брат” телеграм каналында ресейлік танымал агент Тимур Гурцкая таратты.

Шейх, патша немесе Сауд Арабияның футбол федерациясы… Маңызды емес. Бізде бапкер штабынан [Сауд Арабия-авт.] Аргентинаны жеңгені үшін әрбір ойыншының 2,5 еуро сыйақы алғаны туралы ақпарат бар.

Тимур Гурцкая

Кейін ақпарат ресейлік медиа мен Қазақстандағы желі қолданушылары арасында тарады. Гурцкая мұны инсайдерлік ақпарат екенін ескертті. Бірақ, дереккөзін көрсетпеді.

Бұдан бөлек интернетте Сауд Арабия ханзадасы Мұхаммед ибн Салман аль-Сауд әрбір футболшыға жаңадан шыққан Rolls Royce Phantom көлігін сыйлады деген ақпарат тарады. Алайда дерек ресми расталмаған. Rolls Royce Pasadena дерегінше, мұндай көлік шамамен 460 000-550 000 доллар тұрады.

Контекст

  • Factcheck.kz бұған дейін «Сауд Арабия Корольдігі 23 қарашаны демалыс деп жариялағаны» туралы ақпараттың рас екенін анықтады.
  • Сонымен қатар, әлем чемпионаты басталмас бұрын желіде кім де кім ЛГБТК+ туын әлем чемпионаты кезінде көтерсе, 7 немесе 11 жылға сотталатыны жайлы ақпарат тараған. Алайда бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Катардың Мадридтегі елшілігі және Катарда өтетін әлем чемпионатының коммуникация бөлімі Халықаралық фактчекерлер желісінің (IFCN) Испаниядағы мүшесі Maldita.es фактчекерлеріне әлем чемпионатына жауапты өкілдердің мұндай мәлімдеме жасамағанын хабарлады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz