Түркия мен Сириядағы зілзала: Катар қайырымдылық рекордын орнатты ма?

2023 жылы 6 ақпанда Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желіде осы елдерге жасалған қайырымдылық немесе көмек ретінде аударылған ақша туралы сан түрлі ақпарат тарады. Солардың бірінде Катардың Түркия мен Сирияға зілзаладан зардап шеккендерге 1,5 млрд АҚШ долларын бөліп, рекорд орнатып жатқаны жазылған.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Түркия мен Сириядағы зілзала: Катар қайырымдылық рекордын орнатты ма?
Желіде тараған жазба скриншоты.

Катар қайырымдылық бойынша рекорд жаңартты: Түркия мен Сириядағы құрбандарға бір жарым миллиард доллар[ред.-аударды]. Катар билігі әлем чемпионатынан түскен барлық қаражатты 1,56 миллиард доллар көлемінде бауырлас мұсылман мемлекетке беру туралы шешім қабылдады.

Желіде тараған жазбаның аудармасы.

Үкім: Манипуляция

Катар қайырымдылық қорының немесе мемлекеттік ақпарат тарататын агенттігі (Qatar News Agency) сайтынан желіде тараған ақпарат расталмады. Бірақ қайырымдылыққа ақша аударғаны рас (толығырақ төменде). Сонымен қатар, Халықаралық футбол федерациясының ресми сайтында (FIFA) Катар билігінің әлем чемпионатынан түскен табыстың барлық сомасын аударғаны туралы мәлімет жоқ. Желіде тараған ақпарат бастапқы кезде туиттер қолданушылары арасында тараған.

Катар қалай көмектесті?

Түркия мен Сирияда жер сілкінген соң Катар қызыл жарты ай (Qatar Red Crescent Society) ұйымы мен Qatar Charity үкіметтік емес ұйымы тез арада көмек көрсету шарасын бастады. Қазіргі уақытта гуманитарлы көмектен бөлек, қаржылай да ақша жиналып жатыр. Бірақ желіде айтылғандай рекорд орнатып, 1,5 млрд доллар аудармады. Катар қызыл жарты айдың ресми сайтында Түркия мен Сирияға қайырымдылыққа 10 млн АҚШ долларын жинау басталды. Әзірше, 1,6 млн доллардан астам қаржы жиналған.

Ал Qatar Charity ұйымының сайтында нақты қанша сома жиналғаны жазылмаған. Бірақ жер сілкінгеннен кейін бастапқы уақытқа 6 млн доллар бөлінгені туралы ақпарат бар.

Бұдан бөлек, Катар Әмірі Тамим ибн Хамад Аль Тани 13,7 млн доллар, ал Қайрымдылық және ислам істері бойынша министрлігі 2,7 млн долларды Сирия мен Түркияға қайырымдылыққа аударған. Қайырымдылық шараларын реттейтін тиісті органның хабарлауынша, Oun & Sanad кампаниясы аясында (Түркия мен Сирияға қаржы жинауға негізделген кампания) қайырымдылыққа 46 млн АҚШ долларынан астам қаржы жинаған.

Контекст

  • Мессенджер мен әлеуметтік желілерде Түркия мен Сирияда болған жойқын зілзаладан кейін көмек көрсетіп жатқан Қазақстанның ТЖ өкілдері айтты делінген ақпарат тарады. Онда жерасты дүмпуі кезінде аман қалу мүмкіндігі көп қауіпсіз орын – тоңазытқыштың маңы екені айтылған. Ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрдік.
  • Factcheck.kz бұған дейін желіде тараған Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шекпеген қаланың бар-жоғын тексерді. Материалды оқуға кеңес береміз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz