Катарда әлем чемпионаты кезінде ЛГБТК+ туын көтергендерді соттайтыны рас па?

Жақында әлеуметтік желіде және медиада Катардағы Әлем чемпионатына қатысты ақпарат тарады. Желідегі тараған ақпаратқа сай, кім де кім ЛГБТК+ туын әлем чемпионаты кезінде көтеретін болса, 7 немесе 11 жылға сотталуы мүмкін. Factcheck.kz оқырмандардың сұруы бойынша, желіде тараған жазбаның қаншалықты рас екенін тексерді.

Кімде кім ЛГБТ [ЛГБТК+ – ред.] туын әлем чемпионатында көтеретін болса, 7 немесе 11 жылға дейін сотталуы мүмкін. Біз ислам мемлекетіндеміз. Сіздер біздің ұстанымды, дініміз бен мәдениетімізді құрметтеулеріңіз керек. Дәл осындай мәлімдемені әлем чемпионаты өтетін Катар елінің өкілі жасады.

Желіде тараған ақпарат.

Үкім: Фейк

Біріншіден, нақты Катардың қандай өкілі айтқаны көрсетілмеген және ақпарат әлемнің көптеген тілінде дәл осындай мәтінмен тарады. Екіншіден, Катардың Мадридтегі елшілігі және Катарда өтетін әлем чемпионатының коммуникация бөлімі Халықаралық фактчекерлер желісінің (IFCN) Испаниядағы мүшесі Maldita.es фактчекерлеріне әлем чемпионатына жауапты өкілдердің мұндай мәлімдеме жасамағанын хабарлады.

Сонымен қатар, FIFA (Fédération Internationale de Football Association) халықаралық футбол федерациясы 2020 жылы Катарда өтетін әлем чемпионаты кезінде ЛГБТК+ туы мен жейдесі стадиондарда құпталғанын хабарлады. Бұған қоса, Катар билігі әлем чемпионаты кезінде FIFA ережелерін ұстануға уәде берді.

Толығырақ…

Жалпы мұндай дәлелсіз, бұрмаланған ақпарат футболдан Катарда өтетін әлем чемпионаты (21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді) жақындаған тұста тарап жатыр.

Бастапқыда ақпарат ағылшын және испан тілінде, кейін ресейлік сегментте өзгеріссіз аударылып тез тарай бастаған. Мысалы, испан тілінде тараған дәл осындай мәтінде Хассан Аль-Тавадидің суреті қойылған.

Желіде тараған Хасан Аль-Тавадидің суреті Катар астанасы Дохада өткен ФИФА Конгресінің 72-отырысында биыл 31 наурызда түсірілген. Хасан Аль-Тавади — 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу және мұраға қалдыру жөніндегі Жоғарғы комитетінің бас хатшысы.

Жиын барысында ағылшын, испан немесе араб тілінде де ЛГБТК+ туын көтергендерге қатысты түрме жазасы жайлы әңгіме айтылмады. Бұдан бөлек, Әлем чемпионатының ресми сайтында Катарда ЛГБТК+ туын көтергендерге қатысты түрме жазасы қарастырылғаны жайлы хабарланбады. Тек Әлем чемпионатының қауіпсіздік қызметі Associated Press журналистеріне кейбір жанкүйерлерден олардың қауіпсіздігі үшін ЛГБТК+ туы тартып алынуы мүмкін екенін ескертті.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz