Сауд Арабиясында жауған қар жаһандық жылынудың өтірік екенін білдіре ме?

Twitter-де Сауд Арабиясында жауған қардың видеосы тарады. Бейнені көргендер “Бұл — 100 жылда бірінші рет болған жағдай, яғни жаһандық жылыну — өтірік” деп мәлімдеді. Agence France-Presse фактчекерлері скептиктердің мәлімдемесін тексеріп көрді.

Көпшілік арасында тараған видеода шынымен-ақ түнгі шөл дала бейнеленген (мұнда, мұнда).

Алайда суретті кері іздеу жүйесі кадрдың ескі екенін анықтады: оны Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ағылшынша жазатын Gulf Today басылымы 2021 жылғы ақпанда жариялаған.

“Видеода Сауд Арабиясындағы түйелердің қардан рахаттанып жатқаны бейнеленген”, – делінген мақаланың сипаттамасында. Оған қоса онда видеоның Табукта түсірілгені жазылған.

Сонымен қатар шөл даланың кей аймағында мұндай ауа райы жиі болып тұрады: Сауд Арабиясының туризм басқармасы мемлекеттің солтүстігіндегі қарлы тауларда түйе сапарларын насихаттаумен айналысады.

Видео алғаш жариялағаннан кейін Сауд Арабиясының АҚШ-тағы елшілігінің өкілі Фахад Назер оған қатысты пікір білдірген.

“Климаттың өзгеріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды, бірақ бұл аймақта, Табукада, Сауд Арабияның солтүстік-батысында қар жиі жауады. Көпшілік арасында тараған пікірлерге қарамастан, патшалықтың барлық аумағында жыл бойы күн жылы бола бермейді”, – деп жазды ол 2021 жылғы 17 ақпанда.

Arab News басылымының 2023 жылғы 10 қаңтарда жариялаған мақаласында тағы бір қардың жауған сәті көрсетілген. Ал басқа мақалаларда Сауд Арабиясындағы қарды түрлі жылдағы ауа райы құбылысы ретінде сипаттаған (мұндамұнда және мұнда).

“Қыста полярлық аймақтардан суық ауа әдетте Таяу Шығысқа, соның ішінде Ливанға, Сирияға, Иорданияға және оның айналасына әсер етеді. Кей жағдайда сирек болса да, оңтүстікке қарай Сауд Арабиясына жетуі мүмкін. Ауа ылғал болса және жер бетіндегі температура төмен түссе, шөл аймақтарда да қар жаууы мүмкін”, – дейді Дүниежүзілік метеорология ұйымының (ДМҰ) климаттық мониториң және саясат бөлімінің басшысы Омар Баддур.

Кейінгі бірнеше онжылдықта синоптиктер Сауд Арабиясы мен Табук аймағында температураның көтерілгенін байқады.

“Бүкіл әлемде өте төмен температура азайып барады, десе де ондай жағдайлар жалғасып, тіркеліп жатыр”, – деп қосады Баддур.

2023 жылғы 12 қаңтарда ДМҰ температураны өлшеу басталғалы бері кейінгі сегіз жыл ең ыстық болғанын мәлімдеді. БҰҰ-ның мәліметінше, орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі деңгейден шамамен 1,15 градус Цельсий жоғары болған. АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфера басқармасы мен NASA бұған дейін 2022 жылғы ұқсас деректерді жариялады.

Factcheck.kz