Міндетті вакцинация және конспирологиялық хабарламалар

Factcheck.kz жаңа денсаулық кодексіне қатысты фактчектер сериясын жалғастырып жатыр. Негізгі нысан – әнші Шоқан Маратұлының таратып жатқан виралды хабарламалар легі. Қазақстандық әнші қабылданған жаңа кодексті «халық пен адамгершілікке қарсы, фашистік, жазалаушы және зиян» деп атайды. 

Еске салайық, біз бұған дейін өлімнен кейін адам мүшелерін донорлыққа пайдалану тақырыбын қозғаған едік. Ал бұл мақалада вакцинация тақырыбына қатысты ақпаратты тексереміз (әнші таратқан хабарламаның 11, 12 және 13-ші тармақтары).

Мәлімдеме: Вакцинацияны міндетті етіп қойды. Бірақ «Азаматтар құқықтарының» 77-бабына вакцинациядан бас тартуға ҚҰҚЫҒЫН қосты. (Медицина қызметкерлері заң мен бас тарту құқығы туралы білмейтін ата-аналарды вакцинация жасатуға итермелейді деген қорқыныш бар).

Үкім: Шындық және манипуляция

Кодекстің 85-бабының 4-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты болатын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуға міндетті. Сондай-ақ 77-баптың 1-тармағына сәйкес, емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға құқығы бар.

Вакцинация тақырыбы қоғамда қандай резонанс тудырғанын және оған қарсы шыққан түрлі топтар мен хабарламалардың санын ескерсек (толығырақ мына мақалада), ата-аналар өзінің бас тарту құқығы туралы білмей қалады деп айту дұрыс емес сияқты. Қалай болғанда да, егер сіз қаламасаңыз, сізді ешкім вакцинациялауға мәжбүрлей алмайды. Сондықтан медицина қызметкерлері туралы айтылған мәлімдеме манипулятивті, себебі нақты дәлел жоқ, тек әншінің өз ойы.

Міндетті профилактикалық екпелердің тізімін мына жерден көруге болады.

Мәлімдеме: Вакциналарды ұлттық САРАПТАМАСЫЗ әкелуге рұқсат берді. Осыған қоса мұның бәрі ДДСҰ ұсынған ұйымдар арқылы өтеді.

Үкім: Манипуляция

Қазақстанда тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды халықаралық ұйымдардан сатып алу процесі бұрынғы кодексте де болған, сондықтан бұл жаңалық емес. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрілік заттардың алдын ала квалификациясы арнайы сараптамадан өтеді. Ол дәрі-дәрмектердің сапасының, қауіпсіздігі мен тиімділігінің халықаралық фармацевтикалық стандарттарына негізделген.

Кодекстің 251-бабының 3-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйымдар беретін және (немесе) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы терең саралаудан өткізген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірыңғай дистрибьютордың сатып алуына жол беріледі.

ДДСҰ-ның дәрілік заттарды алдын ала квалификациясы деген – бұл ДДСҰ-ның дәрі-дәрмектердің сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау жөніндегі қызметі.

Дәрілік препараттарды жыл сайын UNICEF, ЖҚТБ, туберкулез және безгекпен күресуге арналған Жаһандық қор және UNITAID сияқты халықаралық ұйымдар сатып алады немесе олар арқылы ресурстары шектеулі елдерде таратылады.

ДДСҰ-ның дәрілік заттардың алдын ала квалификациясы 5 кезеңнен тұрады:

1. Ұсыныс – ДДСҰ-ның дәрілік заттарды алдын ала квалификация жөніндегі бағдарламасы, БҰҰ-ның басқа ұйымдары (UNAIDS және UNICEF) мен UNITAID өндірушілерге өнімді бағалауға қатысуға шақырады. Алдын ала квалификация критерийлеріне тек осы тізімге кірген өнімдер ғана сәйкес келеді.
2. Құжаттар ұсыну – өндіруші бағалауға ұсынылған өнімнің сапасы, қауіпсіздігі және тиімділігі туралы толық мәліметтер ұсынады.
3. Бағалау – барлық ұсынылған деректерді бағалау жөніндегі мамандар тобы бағалайды. Оның құрамына ДДСҰ қызметкерлері мен әртүрлі елдердің ұлттық реттеу органдарының сарапшылары кіреді.
4. Инспекция – фармацевтикалық өнімді өндіру жөніндегі учаскелердің инспекторлар тобы ДДСҰ өндірісінің практикасына сәйкестігін тексереді, сондай-ақ клиникалық сынақтар жүргізетін келісімшарттық-зерттеу ұйымы да ДДСҰ-ның тиісті клиникалық және зертханалық практикасына сәйкестігі тексеріледі.
5. Шешім – егер өнім белгіленген талаптарға сай келіп, өндіріс жөніндегі тиісті учаске/-лер мен келісімшарттық-зерттеу ұйымы/-дары ДДСҰ стандарттарына сәйкес келсе, онда өнім ДДСҰ-ның алдын ала квалификациясынан өткен дәрілік препараттар тізіміне қосылады.

Алдын ала квалификация бағдарламасы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз. Алдын ала квалификациядан өткен вакциналардың тізімін мына сілтемеден табуға болады.

Мәлімдеме: Екпесі жоқ балаларға балабақшаға баруға ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ. Екпесіз бала балабақшаға балалардың 95%-ы вакцинацияланған жағдайда ғана бара алады, яғни топта барлығы 20 бала болса, онда екпесі жоқ БІР ҒАНА бала топқа кіргізіледі!

Үкім: Шындық

Кодекстің 85-бабының 11-тармағына сәйкес, жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу мектепке дейінгі ұйымдағы ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен кезде ғана жүзеге асырылады. Былай айтқанда, Кодексте 95% туралы нақты жазылмаған, алайда шекті деңгейдің қандай болатынын уәкілетті орган шешеді. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі оның 95%-ға тең екенін айтты.

Не болса да әншінің заңның осы тармағына соншалықты ашулануы түсініксіз, себебі ол да, бүкіл дүниежүзі де жаппай вакцинация мен ұжымдық иммунитеттің арқасында бірқатар ауруды жеңіп, қазіргідей әлемде өмір сүріп жатыр. Мұндай мәлімдемелер – нағыз популизм.

Ұжымдық иммунитет – вакциналармен алдын алатын инфекцияларға қарсы халықты жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтудың шекті деңгейіне жеткізу есебінен егілмеген адамдарды жанама қорғау.

Ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейі ауруға байланысты өзгеріп тұруы мүмкін, себебі әр инфекцияның жұғу деңгейі әртүрлі. Мысалы дифтериямен ауыратын бала 6-7 баланы, ал қызылшамен ауыратын бала 12-ден 18 балаға дейін жұқтыруы мүмкін. Дифтерия үшін ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейі – 85%, ал қызылша үшін – 92-94%. Балаларына екпе салдыртқысы келмейтін ата-аналар көбіне оларға мүлдем екпе жасатпайды, әрине осыдан кейін балабақшаларда ұжымдық иммунитеттің ең жоғары шекті деңгейі қойылады.

Бір ескеретін жайт, жеке себептерге байланысты вакцинациядан бас тартқан ата-аналардың балаларынан басқа медициналық себептермен вакцинация ала алмайтын балалар да бар. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы ең алдымен осы топты қорғауға көмектеседі.

Қорытынды

– Вакцинация тақырыбына арналған хабарламада үш мәлімдеме бар, олар Кодекстегі екі фактіні келтірсе де, манипулятивті, автор оларды жалпы конспирологиялық дискурс қатарына қосып, ДДСҰ-ны адамзаттың қас жауы етіп көрсетеді.

– Міндетті вакцинация туралы мақала жазу жалпы вакцинация деңгейін арттыра ма, екпе салдыртпаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу дұрыс па әлде қауіпті инфекциялардан қорғаудың басқа да жолдары бар ма – бұл сұрақтар әлемнің көптеген елінде пікірталас тудырып, талқыланып жатыр және оларға әлі нақты жауап жоқ. Дегенмен халықаралық қауымдастықтың пікірінше, халықты ұжымдық иммундау көптеген ауруды жеңуге көмектеседі.

Вакцинация бойынша ликбез

Кейінгі кезде Factcheck.kz вакцинация тақырыбына қатысты көптеген хабарлама мен ақпараты тексерді. Оқырмандар назарына солардың ең маңыздыларын ұсынамыз:

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz