Адам папиломма вирусына қарсы вакцина туралы 8 миф

2021 жылдан бастап қазақстандық қыздар АПВ (ВПЧ)-ға қарсы екпені тегін алады. Вакцинация ата-анасының рұқсатымен 9-11 жастағы қыздарға салынады.

АПВ (ВПЧ) – 170-тен астам түрі бар вирустар тобы. Олардың 13-і қатерлі ісік тудыруға қабілетті. АПВ (ВПЧ) көп жағдайда жыныстық жолмен жұғады, кейде тұрмыстық байланыс кезінде – моншаға, бассейнге және спорт кешеніне барғанда, сонымен қатар босанған кезде анадан балаға жұғуы мүмкін. АПВ (ВПЧ) қарсы вакцинаны ДДСҰ ұсынған және 75 елде иммундау күнтізбесіне енгізілген.

Соған қарамастан, қазақстандықтар жаңа вакцинаға сенбейді және балаларына екпе жасатқысы келмейді. Ата-аналарға АПВ-ға қарсы екпенің зиян екені туралы жалған ақпарат тараған. Сол себепті, біз вакцина туралы кең тараған мифтерді талдап көрдік.

1-миф. АПВ-ға (ВПЧ) қарсы вакцина – бедеулікке себеп

Екпе алған әйелдер бала көтере алмайды – бұл АПВ (ВПЧ) вакцинасы туралы ең көп таралған миф. Мұндай миф Journal of toxicology and environmental health журналындағы материалдан кейін пайда болды. Бірақ бұл жариялымды кейін баспагер «статистикалық сараптама мен мәліметтерді интерпретациялауда кемшілік өте көп» деп қайтарып алды. Мақалада АҚШ-та 25-29 жастағы әйелдердің бала көтеру мүмкіндігі төмен екендігі айтылған. Зерттеуге қыздар арасында «бұрын жүкті болдыңыз ба» деген сауалнаманы дерек ретінде алған.

Зерттеуде экономикалық, әлеуметтік және отбасы жағдайы, ұрықтылық немесе бала көтертпейтін дәрілерді пайдалану, сонымен қатар балалы болуға деген ниет (сауалнамаға дейін ол әйелдер балалы болуға тырысты ма) ескерілмеген. Зерттеу логикасына сүйенсек, вакцинация салдарынан балалы болуға тырыспаған қыздар да жүкті бола алмады деп көрсетілген. Салыстырмалы түрде журналдың осы саладағы импакт-факторының да төмен екендігі (2019-2020 жылға 2.670) мақаланың сапасына күмән тудырады.

Бұл пікір — тұнып тұрған манипуляция.

Импакт-фактор (ИФ) – ғылыми басылымның маңыздылығының сандық көрсеткіші. Ол белгілі бір уақыт аралығында жарияланған (әдетте 3 жылдағы)  материалдарға жасалған сілтеме санына тең. ИФ-ды жыл сайын Ғылыми ақпарат  институты (ISI) есептейді. Топ-100 ғылыми журналдың ИФ 10-нан жоғары, ал алдыңғы қатарлы ғылыми журналдардың ИФ – 40 және одан да көп.

2-миф. Вакцина мидың жұмысын бұзады

Искусственный Интеллект, Мозг, Думать, Управления

Зерттеу мәліметтері мен бастапқы параметрлеріне манипуляция. 2016 жылы Тосихиро Накадзима (Toshihiro Nakajima) басшылық еткен зерттеушілер тобы Nature журналында мақала жариялап, «Гардасил» вакцинасын енгізу зерттеуге қатысқан тышқандардың нейрологиялық ауытқуларына әкелгенін мәлімдеді. Осы материал жарияланғаннан кейін редакцияға зерттеудің толық емес екеніне қатысты шағым көбейген. Себебі тышқандарға салынған вакцина мөлшері адамға егетін екпеден 1000 есе көп еді. Вакцинамен қатар ми кедергісінің өткізгіштігін арттыратын токсин енгізілген.

Бір жарым жылдан кейін журнал мақаланың толық және анық емес екенін мәлімдеді. Ол кезде 20 ғылыми жариялым бұл мақаладан үзінді алып, сілтеме беріп қойған болатын. Жариялым үрей тудырып, салдарынан Жапония үкіметі вакцина егу туралы ұсынысты қайтарып алуға мәжбүр болды.

3-миф. Вакцинада рак жасушалары бар

Жалған пікір. Вакцина құрамына рак жасушалары да, толық адам папиломмасы вирусы да енбейді.

Дәрідегі нұсқаулыққа сәйкес, төртвалентті вакцина құрамына кіретін белсенді заттар: рекомбинантты антигендер: адам папиломмасы вирусының L1-ақуызы мынадай қатынаста: 6-тип (20 мкг), 11-тип (40 мкг), 16-тип (40 мкг), 18-тип (20 мкг).

Антигендер – инъекция орнында макрофагтар мен дендритті жасушалармен сіңірілетін вирустың бөлек ақуыздары. Соның нәтижесінде вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады.

4-миф. АПВ-ға (ВПЧ) қарсы екпені жатырға егеді

Вакцинация қарсыластары қорқытатын тағы бір миф – вакцинаны жатыр мойыны тініне егеді-міс. Бұл пікірді вакцина аннотациясына жүгініп теріске шығару қиын емес.  ДДСҰ мақұлдаған папиломмавирус инфекциясына қарсы вакцина жасауға арналған екі дәрі де («Гардасил»/Gardasil® и «Церварикс»/Cervarix®), бұлшықетке енгізіледі. Пікір – жалған.

5-миф. Жатыр мойыны қатерлі ісігі сирек кездесетін ауру және екпе алудың қажеті жоқ

Өте қауіпті жалған ақпарат. Қазақстан әйелдері арасында таралуы бойынша  бұл ауру көкірек безінің қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Ал ДДСҰ Еуропа өңірлік әйелдері арасында кең тараған онкологиялық аурулар тізімінде сегізінші орында.

Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мәліметтері (2018)

Гинекологқа жиі қаралып, цитологиялық жағынды (мазок) алу (бұл жатырдағы өзгерісті дәл анықтайтын тәсіл) мәдениеті қалыптаспағандықтан жатыр мойыны қатерлі ісігін ерте кезде анықтау қиын болып тұр.

Вакцинаның тиімділігі туралы толығырақ сілтемеден оқыңыз.

6-миф. АПВ-ға (ВПЧ) қарсы вакцина жатыр мойын қатерлі ісігінен ғана қорғайды

Адам папиломмасы вирусына қарсы екпені жатыр мойын қатерлі ісігіне қарсы екпе деп те атайды. Дегенмен, АПВ (ВПЧ) тік ішек, қынап пен вульва, жыныс мүшесі, көмекей және ауыз қуысы қатерлі ісігін туындатуы мүмкін. Төрт немесе тоғызвалентті вакцинаны енгізу сіздің өміріңіз үшін қауіпті болмаса да емделуі қиын үшкір кондиломадан қорғауға қабілетті.

7-миф. Вакцина тек қыздарға арналған

Гендерные, Равенство, Женщины, Женщина, Правосудия

Жоғарыдағы тармақтан көргеніміздей, ер адамдар да вирус пен оның салдарынан сақтандырылмаған. Жігіттерге де 9 жастан вакцина егеді. Бірақ Қазақстанда жігіттерге тегін екпе егіледі ме – ол жағы айтылған жоқ.

8-миф. 26 жастан кейін АПВ-дан (ВПЧ) екпе алуға кеш

Әуелде вакцина 10-25 жас (Cervarix®) және 9-26 жас (Gardasil®) аралығындағы науқастарға арналған. Бірақ 2018 жылдың қазанында АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) тоғыз валентті Gardasil9 вакцинасын 27-45 жас аралығындағы әйелдер мен ерлерге салуды мақұлдады. FDA дерегі бойынша, 27-45 жас аралығындағы 3200 әйел қатысқан зерттеу АПВ (ВПЧ) типті аурулардың алдын алуда тиімділігі 88%-ды құрайтынын көрсетті. Осындай ұсыныс төрт валентті «Гардасил» вакцинасына да қолданылады.

Вакцина жасалатын жас мөлшері артқанына қарамастан, вакцинаны әсіресе жыныстық өмір басталғанға дейін алу тиімдірек (экономикалық және логика тұрғысынан да, яғни қауіп тобына енгенге дейін вакцинациялау).

Маңызды қосымша

Вакцинация алғаннан кейін гинекологқа қаралмай немесе скринингтік зерттеуден өтпей қалуға болмайды. Мекенжайыңыз бойынша тіркелген емханада тексерістен өтіп тұрған жөн. Ол папиломма вирусынан бөлек қауіпті аурулардың алдын алуға немесе жоюға көмектеседі. Айтпақшы, скрининг те кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кіреді және тегін жүргізіледі. Бірақ оның қажеттілігіне қатысты да сұрақ көп.

Мақала авторлары – Алиса Набиуллина және Павел Банников

Редакция
Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2016 года. Член международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)