Адам өлімінен кейінгі донорлық | аңыз бен ақиқат

Қоғамда 7 шілдеде қабылданған денсаулық туралы Кодекстің жаңа нұсқасына қатысты пікірталас толастар емес. Міне бір айға жуық оны «халық пен адамгершілікке қарсы, фашистік, жазалаушы және зиянды» деп атау таққан хабарламалар тарап жатыр. Бұл хабарламаларды таратып жүрген адамдар 23 дәлел келтіріп, мәлімдеме жасаған. Олардың арасында вакцинация, өлімнен кейінгі донорлық мүшелер, скрининг, жыныстық білім беру, психикалық денсаулық, медициналық деректердің қауіпсіздігі және тағы басқа тақырыптар бар. Осы сынды ақпарат көпшіліктің назарын аудара бастады, себебі оны еліміздің танымал адамдары мен селебритиі белсенді түрде тарата бастады.

https://www.instagram.com/p/CCtWvr8DeZz/?igshid=8g3mqit9ydyl

Бұл ақпараттың қоғамда кең таралуына байланысты және оқырмандарымыздың өтініші бойынша Factcheck.kz бұл мәлімдемелерге қатысты бірнеше мақала арнайтын болды.

Бүгінгі мақалада біз өлімнен кейінгі адам денесі мен оның мүшелерінің донорлығына байланысты мәлімдемелерді тексеретін боламыз. Айта кетейік, хабарламадағы 23 мәлімдеменің үш тармағы (6, 8 және 14) осы тақырыпқа арналған, енді солардың барлығын жеке талдап көрелік.

Мәлімдеме: халық қарсы болса да, қайтыс болған адамдардан олардың ДЕНЕ МҮШЕЛЕРІН алып қоюға келісім презумпциясын қалдырды! Яғни, егер адам БАС ТАРТЫП үлгермесе, онда ол автоматты түрде мүше доноры бола алады. (Сіз не тірі кезде бас тартуыңыз керек, не кейін туыстарыңыз келіспеуі қажет)

Үкім: Жартылай шындық

Иә, жаңа Кодексте адам мүшелерін алуға келісім презумпциясы сақталды, алайда кез келген адам донор бола алмайды. Тірі кездегі донорлық сияқты қайтыс болғаннан кейін де донор қажетті әрі қатаң талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ инфекция жұқтырып, қайтыс болған адамнан, кәмелетке толмағандардан, әрекет етуге қабілетсіз адамдардан және қайтыс болған кезде жеке басы анықталмаған адамдардан трансплантация үшін дене мүшелерін алуға тыйым салынады. Марқұмның жұбайы немесе жақын туыстары оның мүшелерін трансплантациялаудан бас тарта алады.

Айта кету керек, мүшелерді алуға келісім презумпциясы заңда 2009 жылдан бері бар.

Келісу не келіспеу мәселесіне қатысты Кодекстің 212-бабының 3-тармағы былай дейді:

Қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) трансплантаттау үшін алуға, егер алу кезінде медициналық ұйым осы адам тірі кезінде не ол қайтыс болғаннан кейін осы тармақтың екінші бөлігінде аталған өзге адамдар оның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) алуға өзінің келіспейтіні туралы мәлімдегенінен хабардар болса, жол берілмейді.

Адамның тірі кезіндегі ерік білдіруі болмаған жағдайда, оның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау үшін алуға өзінің келіспейтіні (келісімі) туралы жазбаша мәлімдеуге жұбайының (зайыбының), ол болмаған кезде жақын туыстарының бірінің құқығы бар.

Осы Кодекстің 209-бабындағы 4-тармағына сәйкес ағзаларды транспланттау кезінде тыйым салынады:

1) адамнан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) мәжбүрлеп алуға;
2) адамды өзінің ағзасын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) беруге мәжбүрлеуге;
3) адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға;
4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) алуға;
5) қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантаттау үшін алуға;
6) денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға тыйым салынады.

Қайтыс болғаннан кейін донор бола алмайтындар:

  • инфекциялық және контагиозды аурулары бар адамдар;
  • бақыланбайтын бактериялық сепсис;
  • ЖҚТБ-мен ауыратындар және АИТВ-инфекциясын тасымалдаушылар;
  • В (HBsAg) немесе С (anti-HCV) гепатиті вирусының оң маркері барлар;
  • адам мүшелері мен жүйелерінде жіті және декомпенсацияланған созылмалы, ошақты және/немесе диффузды аурулары анықталған қатерлі ісіктері барлар;
  • сондай-ақ қайтыс болған кезде кәмелетке толмағандар, әрекетке қабілетсіз және жеке басы анықталмаған адамдар.

Қоғамда келісім презумпциясы талқыланған кезде бұл мәселенің этикалық жағы да айтылады. Негізі келісім презумпциясы дүниежүзі бойынша көп мемлекетте қолданылады. Мұндай елдер қатарында Испания, Аустрия, Бельгия, Чехия, Финляндия, Франция, Греция, Венгрия, Израиль, Италия, Люксембург, Норвегия, Польша, Словения, Швеция, Чили, Түркия, Сингапур, Ресей, Англия, Уэльс және Шотландия бар.

Сондықтан заңнаманың өзінде өзгеше және қылмыстық әрекет жоқ. Израиль мен Сингапур сияқты елдер тіпті донор болғысы келетін адамдарға сыйақы беру жүйесін ойлап тапқан. Оған сәйкес қайтыс болғаннан кейін донор болуға келіскен адам трансплантацияға өзі мұқтаж болып қалса, онда оған кезек бойынша басымдылық беріледі.

Кодекстің 209-бабындағы 8-тармаққа сәйкес, ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімінде Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алуға келісімі немесе одан бас тартуы туралы ерік білдіруін тіркеу медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталында жүргізілуі мүмкін.

Әрине, бұл жерде заңның қалай орындалатыны да маңызды, ал бұл жағынан Қазақстанда проблемалар жиі кездеседі. Дәл осыған байланысты халық көп нәрсеге сенбейді. Мысалы «Время» газетінің тілшісі Egov пен емханалар арқылы қайтыс болғаннан кейін оның мүшелерін алудан бас тартуға тырысып көреді, алайда бұл қызмет онлайн түрде автоматтандырылмағанын, ал дәрігерлер бұл туралы білмейді екен. Сондықтан бұл процесті барынша жеңілдетіп, жауапты ведомство мен медициналық ұйымдар арасында дұрыс байланыс орнатып, сондай-ақ халыққа оның құқықтары жөнінде толық ақпарат беруге болар еді.

Мәлімдеме: Қайтыс болған адамның денесін алу мерзімі 20 күнге дейін қысқарды. Яғни, егер адамның туыстары денені 20 күннің ішінде алып кетпесе, онда ол АНАТОМИЯЛЫҚ сый ретінде қолданылады. (Бұрын 45 күн болатын. Енді карантин кезінде біз басқа қалалардан туыстарымыздың денесін алып кетуге үлгермей қалуымыз мүмкін).

Үкім: Манипуляция

Кодекстің 155-бабындағы 3-тармақта былай деп жазылған: Жеке басы анықталған, медициналық ұйымда қайтыс болған күннен бастап жиырма күн ішінде жерлеу үшін сұрауы болмаған адамның мәйіті, өсиет етілген ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) қоспағанда, анатомиялық сый ретінде танылады. Алайда Кодекстің бұрынғы нұсқасында айтылған 45 күн тек жеке басы анықталмаған және ешкім келіп алып кетпеген денелерге қатысты болған, сондықтан мерзім қысқарды деп айту орынсыз.

Ескі Кодекстің 142-бабындағы 3-тармағында былай деп жазылған:

Өсиет етілген тіндерден және (немесе) ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.

Ал мынау жаңа Кодекстегі анықтама (155-бап, 3-тармақ):

Жеке басы анықталған, медициналық ұйымда қайтыс болған күннен бастап жиырма күн ішінде жерлеу үшін сұрауы болмаған адамның мәйіті, өсиет етілген ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) қоспағанда, анатомиялық сый ретінде танылады.

Танылмаған мәйіттер анатомиялық сый ретінде танылмайды.

Бұл жерде екі өзгерісті бөліп көрсетуге болады: біріншіден, анықталмаған мәйіттер енді анатомиялық сый болып саналмайды, екіншіден енді медициналық ұйымдарда қайтыс болған адамдардың жеке басы анықталған және талап етілмеген денелері анатомиялық сый ретінде тану процесі заң бойынша реттеледі.

Анатомиялық сый – әрекетке қабілетті адамның өз ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, адам оны тиісінше ресімделген шарт немесе өсиеті арқылы жүзеге асырады. Анатомиялық сый биомедициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.

Ал енді қайтыс болған адамның денесін 20 күннің ішінде алып кету талабына тоқталсақ. Бұл халықаралық тәжірибеде бар нәрсе және ақылға қонымды уақыт кезеңі. Мысалы Үндістанда денелерді талап ету процесі әр штатта әртүрлі. Алайда ол жақта қайтыс болған адамның туыстары мен достарына, әдетте, тек 48 сағат беріледі.

АҚШ-та да бұл мәселе бойынша жалпыға ортақ талап жоқ. Лос-Анджелесте талап етілмеген дене бір ай бойы сақталады да, кейін кремацияға жіберіледі. Кремациядан кейін қалдықтар тағы 3 ай сақталады, содан соң жыл сайынғы конфессияаралық рәсімде қайтыс болған адамның тек жылы жазылып, бауырластар зиратына жерленеді. Мэриленд штатында адамның жеке басы «ақылды іздестіру» шаралары барысында табылмай, денені 72 сағат ішінде ешкім алып кетпесе, онда адамның денесі Анатомия жөніндегі мемлекеттік кеңеске беріледі. Кеңес біреу келіп қалады деп қосымша 14 күн күте алады. Одан кейін адам денесі медициналық зерттеулер үшін қолданылады.

Ресейдің «Ресей Федерациясы азаматтарының денсаулығын қорғаудың негіздері туралы» Федералды заңына сәйкес, егер адам денесін 14 күннің ішінде ешкім талап етпесе, онда қайтыс болған адамның денесін, мүшелері мен тіндерін медициналық, ғылыми және білім беру мақсатында пайдалануға болады.

Біздің заңнамаға қайта оралсақ, жеке басы анықталмаған мәйіттерден басқа, анатомиялық сыйға мыналар да жатпайды: зорлық-зомбылықтан қайтыс болғандар, өзін-өзі өлтіргендер, жазатайым оқиғадан немесе басқаларға қауіп төндіретін аурулармен ауырған адамдар.

Мәлімдеме: БАРЛЫҚ адамға скринингтік тексеруден өту міндеттелді. Яғни, скрининг тексеруі бұрынғыдай адамның құқығы емес, оның міндетіне айналды. (Ескерту: әдетте адам донор болуға жарамды ма, жоқ па екенін анықтау үшін скринингтік тексеру өткізу қажет).

Үкім: Жалған

Скринингтік тексерулер халықтың нақты бір тобы үшін ғана міндетті, яғни 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар және 30-дан 70 жасқа дейінгі ересектер. Демек барлығы бірдей өтуі керек емес. Донорларды іздеуге байланысты тұрақты түрде өткізіліп тұратын скринингтік тексеруге қатысты ақпарат манипулятивті, себебі бұл зерттеулер донор іздеумен ғана шектелмейді.

Кодекстің 87-бабындағы 1-тармағына сәйкес, скринингтік зерттеулер халықтың белгілі бір топтары арасында ауруларды ерте кезеңде анықтау және аурулар дамуының, аурулардың пайда болуына ықпал ететін тәуекел факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында жүргізіледі.

Ұлттық денсаулық сақтау орталығының инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің скринингтік бағдарламалар мониторингі бөлімінің бас маманы Гүлжан Қоңыршина Forbes.kz сайтына берген сұхбатында былай дейді: балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізудің мақсаты – ауруларды ерте анықтау, уақтылы сауықтыру шараларын жүргізу, динамикалық бақылау және келесі жас буынында аурулардың алдын алу үшін қажетті іс-шараларды әзірлеу. Ал 30 жастан 70 жасқа дейінгі ересектерге келетін болсақ, тексерудің бұл түрі қан айналымы жүйесі, жатыр мойны обыры, сүт безі қатерлі ісігі, колоректальды қатерлі ісік, қант диабеті және глаукома, ал 2020 жылдан бастап В және С вирустық гепатиттерін анықтау және алдын алу мақсатында қолданылады.

Профилактикалық тексеруден өтуі тиіс адамдардың топтары туралы толық кестені мына жерден көруге болады.

Бұл жердегі логика анық: қай кезде де ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған жақсы. Ауруды орташа немесе соңғы кезеңде емес, барынша ерте анықтаған дұрыс. Алайда скрининг өтуге міндеттеу заң тұрғысынан әлде де талқылауды қажет етеді. Біз бұл туралы да жазған едік.

Қорытынды

  • Тарап жатқан хабарламадағы адамның өлімінен кейін оның денесі мен мүшелерін донорлыққа пайдалануға қатысты тұстары жартылай шынайы, манипуляциялық және жалған мәлімдемелерден тұрады.
  • Өкініштісі, автор кейбір жерлерде жалпылама және қате тұжырымдарды қолдана отырып, адамдардың эмоциясына әсер еткісі келеді. Бұл оқырмандар арасында үрей тудырады.
  • Қазақстанда келісім презумпциясы 11 жылдан бері бар. Сіз қайтыс болғаннан кейін сіздің мүшелеріңізді ешкім алып қоймайды, тек ол үшін сіз немесе сіздің туыстарыңыз осы рәсімге келіспейтінін уақтылы мәлімдеу қажет.
  • 2020 жылғы тамыздағы жағдай бойынша мүшелер трансплантациясының кезегінде 2930 қазақстандық бар, оның 70-і бала.
Медет Есимханов
Главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.