Қызылша мен оған қарсы вакцина туралы 6 миф

Қазақстан қызылша ауруы бойынша 2019 жылға дейін тез тараған әлем елдерінің арасында үшінші орында тұр. Мадагаскар мен Украинаның жағдайы бізден де нашар. Қызылшаға қарсы вакцинадан бас тартудың соңы неге әкеп соғатынын Factcheck.kz бұрын жазған болатын. Бұл жолы өте қауіпті инфекция туралы халық арасында кең тараған мифтерді талдаймыз.

Миф: Қызылша ауруы мен одан болған өлім санының азаюына вакцинаның әсері болған жоқ

Үкім: Жалған

Қызылша мен оған қарсы вакцина туралы 6 миф
1-график

1963 жылы қызылшаға қарсы алғашқы вакцина шыққанға дейін бұл аурудан болатын өлім саны азая бастаған еді, АҚШ-та 40 жыл ішінде 2 есеге кеміген. (1-кесте). Оған екі жағдай себеп болды: біріншіден, 20-ғасырдың басынан тамақтану рационы, оның дәрумендік құрамы және гигиена жақсарды; екіншіден, адамдардың аман қалуы антибиотиктер мен қабынуға қарсы терапия пайда болғаннан кейін артты. 50-жылдардан бастап жылына 400-700 адам қызылшаның кесірінен қаза табады (көбіне бактериялық инфекциядан) – қосымша факторлардың әсерінен біз күткен шектен асып кетті.

Математикалық есептеулердің көмегімен дәлелдеуші медиктер тобы 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина екпелер күнтізбесіне енгізілмегенде, бұл аурудан қайтыс болатын адамдар саны 2004 жылы-ақ екі есеге азаятынын көрсетті. Мұндай нәтижеге вакцина шығарылғаннан кейін 10 жылдан соң ғана қол жеткіздік және ол қарқынды болмаса да әлі күнге жалғасып келеді. ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мәліметінше,  2000 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта қызылшаға қарсы вакцина әлем бойынша 21,1 млн өлімнің алдын алды (осы жылдары өлім саны 80% -ға төмендеді).

Өлім санының кестесі қызылшаға қарсы вакцина тиімділігін анықтап көрсетпесе де, төмендегі ауру  санының кестесінен (2-кесте) оның нәтижелілігін анық байқаймыз (АҚШ). Вакцина енгізілгенге дейін қызылшаның статистикалық азаю көрсеткіштері жоқ.

Қызылша мен оған қарсы вакцина туралы 6 миф
2-график

Осылайша, медицинаның жеткен жетістіктерінің арқасында ауруға шалдыққан адамдардың аман қалуы көбейген, бірақ вакцинаны енгізгенге дейінгі аурудың таралуына әсер етпеген. Қызылшаға қарсы жалпы вакцина енгізілгенге дейін 90 %-дан аса адамдар 10 жасқа дейін бұл инфекцияы жұқтыратын болған.

Миф: Қызылшаға қарсы екпе 100% қорғамайды

Үкім: Манипуляция

ДДСҰ-ның қызылша вакцинасына қатысты айқындамалық құжатына сәйкес балаға 9-11 ай аралығында енгізілген бір ғана вакцина 84% әсер етеді. Ал 12 айдан асқандарға вакцина 92,5 % әсер етеді.

«Ревакцинацияға қатысты зерттеу жүргізгенде қызылша вакцинасының алғашқы дозасына иммундық жауап болмаған, екінші дозадан кейін шамамен 95%  балаларда қорғаушы иммунитет қалыптасып келе жатқаны байқалған»,  – деп толықтырды ДДСҰ сарапшылары.

Медицина қызметкерлері вакцина ештеңеге кепіл емес екенін жиі еске салады. Екпе жақсы жайттардың болуын көбейтіп, біз қаламайтын оқиғалардың болуын азайтады. Қызылшаның 6-8% жағдайларында диарея, құлақтың қабынуы (отит) немесе пневмония сияқты қиындықтар туындауы мүмкін. Ал вакцина осылардың болу қаупін төмендетеді. Осылайша, вакциналанған және вакциналанбаған балалардың қызылшамен ауырып қалуы манипуляциялық жағдайға жатады.

Миф: Қызылшаға қарсы вакцинадан адам иммунитеті көп жылдар бойы әлсірейді

Үкім: Жалған

Шын мәнінде иммундық жүйені қызылшаның вакциналық вирусы емес, жабайы вирусы бұзады. Жалпы, қызылша есте сақтау қабілетінің Т-лимфоциттерін бұзады. Иммундық жүйенің бұл жасушалары бұрын ағзада кездескен патогендермен қалай күресу керектігін «есте сақтайды». Осылайша, бұрын болған  инфекцияға иммунитет әсер етуін қояды (бұл процесс «иммундық амнезия» деп аталады).

Бұл иммуносупрессия қызылшамен ауырған соң 2-3 жылға дейін сақталады екен. Вируспен байланысты иммундық қысым оппортунистикалық инфекцияға әкеледі. Мұндай инфекцияларды қоздырушылар тасиды, ол иммунитеті қалыпты адамдарда ауру тудырмайды. Бұдан бөлек, зерттеушілер қызылшамен ауырғаннан кейін өлім тездеп кеткенін анықтаған.

Адам қызылшамен бір рет ауырғаннан кейін бұл ауруды өмір бойы  жұқтырмайтын иммунитет пайда болады. Дәлелденген иммуносупрессиямен байланысты бұл тіркес «қызылша парадоксы» деп сипатталған.

Қызылшаның вакциналық вирусы әлсіз, сол себепті жабайы қызылша секілді жалпылама Т-лимфоциттердің жойылуына әкелмейді. ДДСҰ (ғылыми зерттеуге сілтеме бере отырып) қызылшаға қарсы вакцина иммунитетті әлсіретеді деген ақпаратты ресми түрде теріске шығарды: ол вакцинадан кейін 3 ай ішінде инвазилді бактериялық немесе вирусты инфекция пайда болуы қаупін туындатпайды.

ДДСҰ сарапшысы қызылшаға қарсы екпені иммуносупрессиясы бар адамдарға да қолдануға болатынын айтты. Бұл екпенің иммунитетті әлсірететін қабілетінің жоқтығына тағы бір дәлел.

Миф: Қызылша рак ауруының алдын алады және жазады

Үкім: Манипуляция

Қазіргі кезде генетикалық модифицикациялық қызылша штаммы қолданылған онколитиялық виротерапияның көмегімен қан қатерлі ісігін емдеген бір жағдайды ғана білеміз.

2013 жылы 49 жастағы америкалық Стейси Эрхольц АҚШ-тың Майо клиникасының зерттеушілері жүргізген клиникалық сынақтың қатысушысы болды. Әйел 10 жыл бойы әртүрлі миеломадан қиналып бірнеше емдеу тәсілдерін көрген. Олардың әрқайсысы қатерлі ісікті жойғанымен, біраз уақыт өткен соң ол қайта пайда болып отырған. Бес жыл бұрын Стейсиге қызылшадан 10 млн (!) адамға екпе жасауға болатын «қызылша коктейлін» салады. Нәтижесінде ол қатерлі ісіктің бүкіл денеге таралуында ремиссияға жетті.

Онколитикалық виротерапия қалай жұмыс істейді?

Кейбір вирустар ағзаның сау жасушаларының ішінен қатерлі ісікті таңдайды: оларға сол жерде көбею жеңіл. Сонымен қоса қатерлі ісік ауруды білдірмей ағзаны алдай алатын қасиетке ие. Қатерлі ісік жасушаларына вирус түскен кезде иммундық жасушалар оянып «жаумен» күресуге кіріседі. Бір мезетте «жауды» жойып, вирустың өзі де жоқ болады. Қатерлі ісікті бұлай емдеуде герпес вирусы немесе аденовирусты пайдаланады (екеуі де генетикалық модификацияланған), «жабайы» вирустардың кейбірі де сынақтан өткен немесе өтіп жатыр.

Одан кейінгі клиникалық сынақтарда қызылшаның модификациялық штаммы өз нәтижесін көрсетпеді. Сонымен қатар, 2013 жылы сынаққа Стейсимен бірге тағы бір әйел қатысқан. Оған қатерлі ісік екі айдан кейін асқынған күйде қайта оралған. Стейсидің жетістігін әлі ешкім қайталай алған жоқ. Егер химиотерапия бұрын ондағы қызылшаның антимүшелерін жойып жібермегенде америкалық әйел айығып кетпес еді.

Қызылшамен ауырғаннан кейін немесе вакцинадан кейін антимүшелердің қалуы жоғарыда аталған терапияға кедергі келтіреді, және оны қалай айналып өтуге болатынын ғалымдар анықтау үстінде. Сонымен қатар, әзірге ғылымда жабайы қызылша вирусы немесе вакциналанған штамм қатерлі ісіктің кез-келген түрін емдеуде немесе профилактикасында тиімді деген дәлел жоқ, сол себепті медицина қызметкерлері бала кезде екпе жасатудан қашпауға шақырады.

Миф: Қызылшаға қарсы екпе аутизмнің пайда болу қаупін  жоғарылатады.

Үкім: Жалған

Factcheck.kz бұл пікірді бұрын тексерген және қате екенін дәлелдейтін зерттеулердің сілтемелерін келтірген. 2019 жылы дат ғалымдары кезекті мәрте бұл пікірді теріске шығарды. Олар ең ауқымды ұлттық зерттеу жүргізіп, 1999 жылдан 2010 жылдар аралығында дүниеге келген 657,5 мың баланы бақылаған.

Нәтижесі осыған сәйкес келетін бұған дейінгі үлкен зерттеу Данияда 1991-1998 жылдар аралығында болған және оған 573,3 бала қатысты. Америкалық ғалымдар да 2015 жылы жүз мыңдаған адамды бақылап, қызылшаға қарсы екпе мен аутизмнің байланысы жоқтығын анықтады.

Жаңа дат зерттеуі кезінде 6517 балада аутизм анықталды. Ғалымдар екпе салдырған және салдырмаған балалардағы аутизмнің дамуы жиілігінде дәлелді айырмашылықты байқамады: қауіптің жүйеленген қатынасы 0,93 құрады. Ағалары немесе әпкелері аутизммен ауырған балалардың  қауіп қатынасы 1,15 құрады. Екі жағдайда да қауіп көрсеткіштері байланыстың болуын кездейсоқтықпен түсіндіреді.

«Қызылшаға, паротит және қызамыққа (MMR) қарсы вакцина аутизмнің туындау қаупін жоғарылатпайды, оған бейім балалардың ауыру факторы емес, сонымен қатар, екпеден кейінгі аутизмнің кластеризациясына қатысы жоқ», – деп қорытындылаған еңбек авторлары.

Миф: Қызылшаға қарсы екпенің құрамындағы антибиотик керең болып қалуға және бүйрек ауруына әкеп соқтыруы мүмкін

Үкім: Жалған

Қызылшаға, паротит және қызамыққа қарсы тірі вакцинаның құрамында расымен, «сульфат неомицин» деп аталатын антибиотик бар. Оған, әрине, аллергиялық әсер болуы мүмкін. Бірақ күнделікті өмірде басқа аллергенді кезіктіру жиілігі одан жоғары.

Вакцина құрамында антибиотик екі түрлі себеппен болады: біріншіден, егер ол бірнеше дозаға есептелген болса ашылғаннан кейін бұзылып кетпес үшін флаконға қосады; екіншіден, антибиотиктер вакцинаны шығару аралығында консервант ретінде препарат құрамына енуі мүмкін.

Өндіруші «Приорикстегі» неомициннің мөлшері 20 мкг-нан аспайды деп сендіреді. Бұл концентрацияның терапевтік әсері жоқ (басқаша айтқанда, жұмыс істемейді) және улағыш емес. Тамақ өнімдері және медикаменттерінің сапасын санитарлық тұрғыда тексеретін америкалық мекеме (FDA) құрамындағы неомицин 0,15 мг/л-ден  (вакцинаның бір дозасындағыдан 6 есеге көп)  аз сүтті және неомицин 0,25 мг/кг-нан (10 есе көп) аз бұзау етін пайдалануға рұқсат береді.

Емдік мақсатта адам неомицинді әр 4 сағат сайын 1 г-нан үш тәулік бойы пайдалана алады. 6-12 жастағы балалар үшін қауіпсіз доза әр 4 сағат сайын 250-500 мг-ден. Антибиотик улағыш және неомицинді өте ұзақ және көп пайданса ғана бөртпе, жүрек айну және диарея, саңырау болып қалу немесе ас қорыту жүйелерінің мәселелері туындауы мүмкін.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz