Кибербуллиң | Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы жағдай

Сәуірдің 14-і өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы қазақстандық балалардың кибербуллиңге ұшырауы туралы және онымен күрестегі халықаралық тәжірибелер жайында бірнеше дерек келітрді. Factcheck.kz депутаттың сөзін тексерді.

Депутат сөзі (тайм-код: 36:16)

Мәлімдеме: Еліміздегі 11-15 жас аралығындағы әрбір 5-жеткіншек кибербуллиңнің құрбанына айналады екен.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Манипуляция

Шамасы, депутат кибербуллиң емес, буллиң деректерін мысалға келтірген. Кибербуллиң депутат келтірген дерекке қарағанда сирек кездеседі.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 2017-2018 оқу жылында жүргізген, 110 мектептен 6 546 оқушы қатысқан зерттеу нәтижесіне сай, 11-13 жас аралығындағы әрбір 5-оқушы, 15 жастағы әрбір 10-оқушы кем дегенде бір не одан көп буллиңге ұшырағаны жазылған. Ұлдар арасында бұл көрсеткіш 15 жасқа жақындаған сайын азаяды. Мұндай ақпарат зерттеудің қысқаша түйіндемесінде көрсетілген. Зерттеудің толық нұсқасында, жас және гендер тұрғысынан дәлірек сандар беріледі.

Кибербуллиң | Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы жағдай
HBSC Kazakhstan 2018

Яғни, 15 жастағы жасөспірімдер туралы айтсақ, шамамен әрбір 7-оқушы буллиңге ұшырайды деп айту дұрысырақ болар еді.

Кибербуллиң деректеріне келсек, ұлдар мен қыздар арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. 11-15 жас аралығындағы ұлдардың шамамен 13-15%-і айына бір немесе одан көп рет кибербуллиң құрбаны болған; осы жастағы жасөспірім қыздар арасында 9-11% кибербуллиңге ұшыраған.

Жалпы алғанда, 11-15 жас аралығындағы оқушылардың 5%-і кибербуллиңге ұшырағанын я айына кем дегенде 2-3 рет не одан да көп басқа адамға кибербуллиң жасауға қатысқанын айтқан. Яғни, шамалап алғанда, 6 546 баланың әрбір 20-сы кибербуллиңге ұшыраған не оған қатысқан

Кибербуллиң | Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы жағдай
HSBC Kazakhstan 2018

Әзірше бұл кибербуллиң туралы осындай ауқымдағы деректер айтылған Қазақстандағы жалғыз зерттеу.

Мәлімдеме: Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бір тәулік ішінде әлеуметтік желілердегі кибербуллиңге қатысы бар материалдарды бұғаттайтын немесе жоюды талап ететін заң Германия, Франция, АҚШ, Жаңа Зеландия сияқты дамыған мемлекеттерде қабылданған. АҚШ-та, 40-тан астам штаттарында кибербуллиңге қолданатын қылмыстық жаза өте қатаң.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Манипуляция

Депутат айтқан елдерде кибербуллиңмен не интернеттегі заңсыздықпен күресуге арналған заңы бары рас, алайда әр елдің жай-күйі мен жағдайы түрлі деңгейде (демократия деңгейінен экономикалық көрсеткіштерге дейін), оларды Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Депутат келтірген елдерге қатысты жеке ақпаратты төменнен оқыңыз.

Германия. Германияда шынында да Netzwerkdurchsetzungsgesetz деген заң бар, ол бойынша әлеуметтік желілер неміс заңнамасына қарсы контентті алып тастауға міндетті. Өйтпеген жағдайда оларға ірі айыппұл салынуы мүмкін. Алайда депутат неміс заңының Германияның ішінде де, халықаралық ұйымдар тарапынан да көп қарсылық, сынмен қабылданғаны туралы айтпады. Талқылау кезінде эксперттер оны конституцияға тікелей қайшы деп атады және оны 3 жыл ішінде қолдану нәтижелері үнемі сын туғызып келеді. Заңды Human Rights Watch ұйымы сынаған, ал БҰҰ баяндамасы оны «жазалаушы және демократиялық қоғамдағы сөз бостандығына нұқсан келтіруге қабілетті» деп атаған.

Франция. Франция президентінің 2015 жылғы 5 ақпанындағы “Террористік актілерге арандататын немесе порнографиялық бейнелер мен кәмелетке толмағандардың бейнелерін насихаттайтын және тарататын сайттарды бұғаттау туралы” деп аталатын жарлығына сай, Франция Үкіметіне терроризмді насихаттады және балалар порнографиясын жариялады деп айыпталған веб-сайттарды сотқа жүгінбей-ақ бұғаттауға мүмкіндік беріледі. Францияның Ішкі Істер Министрлігі жариялаған ережелерге сәйкес, Интернет-провайдерлер Үкіметтің бұйрығын алғаннан кейін 24 сағат ішінде ережелерді бұзатын сайттарды жабуы керек. Жарлық 2015 жылы қаңтарда франциялық Charlie Hebdo сатиралық журналына жасалған шабуылдан соң қабылданған. Алайда депутат бұл жарлықтың да құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырағанын айтпады.

Депутат тағы бір маңызды мәселені елемеген: 2020 жылы 13 мамыр Франция Парламентінің төменгі палатасы әлеуметтік желіллерден “жеккөрініш” тудыратын жазбаны 24 сағат ішінде жоюды талап ететін, өйтпеген жағдайда көп мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүрлейтін заң жобасын мақұлдаған. Одан бөлек, заңға сай, мемлекеттік органдар балалар порнографиясы мен терроризмді насихаттау туралы хабарлаған соң, компания бір сағат ішінде осындай контентті жоюы керек екені туралы тұсы да болған. Алайда, артынан бір топ сенатордың Конституциялық кеңеске жүгінген соң, сот оның әлеуметтік желіллерге қойылатын контентті жою туралы талаптарына қатысты негізгі тұстарын алып тастап, заң жобасын сөз бостандығына шектен тыс араласады деп атаған. Бұл заң жобасына да сөз бостандығын қорғаумен айналысатын топтар қарсы шығып, цензураға алып келеді деген аргумент айтқан.

АҚШ. АҚШ-та әр штат буллиң және кибербуллиңмен күресу үшін өз саясатын, заңын және тәртібін қалыптастырған. Буллиңге қатысты барлық штатқа ортақ федералды заң жоқ. Алайда 2010 жылдың желтоқсанында АҚШ білім департаменті мемлекеттік заңдарда, саясатта және ережелерде буллиңге қарсы күреске бағытталған жалпы компоненттердің құрылымын жасады. Ескеруіміз керек тұсы, АҚШ заңдарында кибербуллиңмен күресу үшін әлеуметтік желіні бұғаттау көзделмеген, оның орнына жауапкершілік құқық бұзушының өз мойынына жүктеледі. АҚШ-тың кибербуллиңді зерттеу орталығының ақпаратына сай, 44 штатта кибербуллиң немесе электронды жыныстық бопсаға қылмыстық жаза қолданылады.

Жаңа Зеландия. Жаңа Зеландияның 2015 жылғы “Зиян цифрлы коммуникация” туралы заңы бары, оның кибербуллиңмен күресуге арналғаны рас. Ол интернеттегі қорлауға қарсы арнайы іс-әрекет процессін белгілейді. Заң, негізінен, кибербуллиңмен күресу үшін қазақстандық мәжілісмендер ұсынған заң жобасына қарағанда адекват процесстен тұрады. Құжатқа сай, кибербуллиңге ұшырадым деген адам не оның өкілі сотқа не Уәкілетті органға жүгіне алады. Екі орган да келіп түскен өтінішті негізгі 10 принципке (принциптің барлығы да адамның негізгі құқын сақтауға арналған) сай қарастырып, соған жүгініп отырады. Оның үстіне, заңда нақты кибербуллиң жасаған адамға не заңды тұлғаға қатысты айыппұл салынатыны не бас бостандығынан айыратын жаза қолданылатыны жазылған.

Контекст

14 сәуірде Cенат ел арасында қызу талқыланған «Сарым-Закиева» түзетулері деп аталып кеткен заң жобасын мәжіліске қайтарды. Бұған дейін де белсенділер мен құқық қорғаушылар заң жобасында әлеуметтік желідегі ой еркіндігіне қауіп төндіретін және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тым кең өкілет беретін түзетулер бар екенін ескерткен. Сенаторлар енгізген түзетуге сай, кибербуллиңге қатысты шағымдарды «арнайы сарапшылар тобы» қарастырады. Бұған дейін ұсынылған заң жобасында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселені тек өзі ғана қарауы керек болған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz