Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатып алу сайтын талдап отырып, мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар арасында мемлекеттік саясатты насихаттау туралы қызықты екі тендерін кездестірдік. Біз оларды зерттеп, оқырмандарға ведомствоның жастарға елдің саяси дамуын түсіндіруге бюджеттен қанша қаражат жұмсайтынын, оны қалай жүзеге асыратынын айтуды жөн көрдік.
Зерттеу мен контентке бөлінген 182 млн теңге
2024 жылы мәдениет және ақпарат министрлігі «жастар және жастар саясаты саласында терең зерттеулер жүргізетін» «Жастар» ғылыми орталығымен тікелей екі ірі келісім-шартқа отырды.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ету бойынша қызметтерді сатып алуға 182 429 464 теңгеге бірінші келісім-шарт 21 ақпанда жасалған. Келісім-шарттың мерзімі жыл соңына дейін белгіленген.
Бұл қаржының бір міндеті – «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасын жасау. Ол жылда шығып тұратын жас қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы аса көлемді мәліметтер базасы. Талаптарға сәйкес зерттеудің жалпы көлемі 360 бет болуы керек. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарияланады. Жұмысты істеу үшін жеткізуші ғылыми дәрежесі бар отандық бес сарапшыны тартып, 70 инфографика жасап, нәтижесінде екі данада кемінде 40 беттен тұратын есеп тапсыру керек.
Сонымен қатар, орталық қызметкерлері екі рет жаппай социологиялық зерттеу жүргізуге тиіс. Біріншісі – жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын, әл-ауқатын зерттеу, екіншісі – жастардың көші-қонының себебін анықтау. Екі сауалнама да 2 000 респондентті қамтуы керек.
Тапсырыс берушінің тапсырмасымен жеткізушілер алты трениң семинар мен бір конференция ұйымдастырады. Ол жерде жастарды жұмыспен қамту, қазақстандықтар арасында мемлекеттік саясатты іске асыру және насихаттау мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, орталықтың ресми сайтын жүргізіп, контен толтырып, ақпаратты үнемі жаңартып отыруы қажет.
Орталық жастар арасындағы мемлекеттік үгіт-насихатқа көп көңіл бөледі. Мысалы, сайтта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты: Мемлекет басшысы Қазақстан жастарына қандай кеңес берді, оның сайлауалды науқаны кезектен тыс кейінгі президент сайлауында қалай жүзеге асырылды, интернет неліктен жастар тәрбиесіне кері әсер етеді деген сынды жаңалықтар жарияланады.
Сондай-ақ порталда министрлердің студенттермен есеп беру кездесулері, жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланатын және Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы ішкі саясаттың міндеттері түсіндірілетін конференция мен форумдар туралы ақпараттар жарияланады. Кейде сайтта саясатқа қатысы жоқ Астанада жаңа көпірдің ашылғаны немесе Халықаралық вегетариан күнін тойлау туралы жаңалықтар да жарияланған.
Әлеуметтік желіде мемлекеттік жастар саясатын насихаттауға бөлінген 30 млн
Мәдениет министрлігі әлеуметтік желіде мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдауға бағытталған Jastar Live жобасын жүзеге асыру үшін ғылыми орталықпен 30 896 428 теңгеге тағы бір келісім-шартқа отырды. Ашық конкурссыз өткен тендердің келісім-шартына 29 ақпанда қол қойылған. Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, жеткізуші жобаның логотипін жасайды, сонымен қатар бір жылға контент-жоспар құрып, БАҚ және әлеуметтік желіде портал материалдарын насихаттауы керек.
Орталық қызметкерлері айына кемінде 30 ақпараттық материалды порталға жариялап, әлеуметтік желіде орналастыру үшін жиырма бейне (имиждік, әлеуметтік және таныстыру) түсіреді, сондай-ақ блогерлер, депутаттар, кәсіпкерлер және т.б. «қоғамдық пікір лидерлері» қатысуымен он подкаст жасауы керек. Сонымен қатар, интернет-БАҚ пен телеарналарда жариялау үшін 15 материал дайындау қажет.
Тапсырыс берушінің жоспарына сәйкес, контетті жариялау және ілгерілеті SIC шоттарына трафикті өткен жылмен салыстырғанда 5%-ке арттырып, сонымен қатар Gov2Jastar телеграм ботына кемінде 200 пайдаланушыны тартуы керек. Жұмыстың нәтижесі бойынша жеткізуші үш данада 100 беттен тұратын есепті ұсынуы қажет.
Қомақты қаржыландыруға қарамастан, орталық интернетте мемлекеттік саясатты тиімді насихаттайды деп айту қиын. Мұны ресми сайттағы және әлеуметтік желідегі материалдар арқылы бағалауға болады.
Жастар және әлеуметтік зерттеулер бойынша ұлттық баяндамалар сирек жарияланса да ең көп қаралым жинайды. Баяндама жылына бір рет шығып, бірнеше мың қаралым жинайды, айына екі рет жарияланатын зерттеулердің қаралымы екі мыңнан сәл асады. Жаңалықтарда қаралым есептеуіші қосылмаған.
Дегенмен ұйымның әлеуметтік желідегі аккаунттары аздап күмәнді. Мысалы, Instagram-да жобаның 10,5 мың жазылушысы бар, бірақ лайк саны көп болса 29-ға жетеді, жазбалардың астында ешқандай пікір жазылмаған. Facebook желісінде де жағдай осындай – аккаунтта 839 жазылушы бар, бірақ жазбалардың астында іс жүзінде мүлдем лайк басылып, пікір жазылмаған. YouTube сайтындағы көрсеткіш шындыққа жақын – 166 жазылушы бар, ал орташа есеппен бейнелер 20-30 рет қаралады. Объективтілік үшін арнадағы ең танымал үш бейне 26 мың, 1,8 мың және 665 қаралым жинаған.
Осының барлығынан орталық контентті дамыту мен насихаттауға көзбояушылық жасау үшін әлеуметтік желідегі жазылушылар санын көбейтті деп болжауға болады, бірақ іс жүзінде ондай болмаған.