IT-ге гендерлік призмамен қарау

Бүгінде әлем экономикасы тез өзгерске ұшырап, қазіргі жұмыс орындары автоматтандыру салдарынан жойылып барады. Бірақ, сонымен қатар, технологияның даму нәтижесінде жаңа жұмыс орындары тез пайда болып жатыр. Осы тұста қазақстандық Беназир Төлеубекова Apple iOS оқытушысы болғаны туралы ақпарат тарады. Factcheck.kz жаңа саланы зерделеп, ол жақтағы теңсіздіктер мен проблемаларға көз жүгіртті.

IT саласындағы әйелдер үшін “мүмкіндіксіз мүмкіндіктер”

Әдетте ғылым, технология, инженерия және математика сынды академиялық пәндерді біріктіру үшін STEM термин қолданылады. Біз әлем және Қазақстандағы STEM-нің дамуына гендерлік теңдік призмасымен қарайтын материалды ұсынамыз.

IT саласы көбіне инновациялық, әлеуметтік, инклюзив және тұрақты дамуды ынталандыратын болашақтың жұмысы саналғанымен, ондағы гендерлік теңсіздік алшақ және алаңдатырлық деңгейде.  

Тарихи тұрғыдан ақпараттық технологиялар (IT) мен информатика әлемі еркектердің саласы болып саналып кеткен. Бірақ әйелдер қазіргі IT-дің маңызды компоненттерін дамытып, салаға айтарлықтай еңбек сіңіріп жатыр. Мысалы, Ада Лавлейс – әлемдегі ең алғашқы компьютер-программист, “Аналитикалық қозғалтқыш” (Analytical Engine) деп аталатын машинаның есептеулер жүргізе алатындығын жоспарлаған. Досы, математик және өнертапқыш Чарльз Бабб, екеуі ойлап тапқан машина алғашқы әмбебап компьютер болып саналады. Лавлейс қазіргі компьютердің жұмысына қатысты “Аналитикалық қозғалтқышқа” арналған қосымшаларды егжей-тегжейлі сипаттаған. Әйелдердің еңбегі сіңгенін дәлелдейтін тағы бір мысал, Маргарет Хамильтон. Ол компьютер-программист және жүйелік инженер маманы, Массачусетс технологиялық институтының Аспап жасау зертханасының Программалық жасақтама бөлімін басқарған. NASA үшін “software engineering” терминін ойлап тапқан. Хамильтон 1969 жылы Айға қонған алғашқы ғарыш кемесі “Аполлон 11-дің”  программалық жасақтамасын жасаған

Дегенмен, АҚШ-та әйелдер компьютерлік ғылым саласындағы жұмысшылардың тек 25%-ін құрайды. Тез дамып жатқан мамандықтар тобындағы әйелдердің үлесі 2000 жылдан 2016 жылға дейін төмендеп, содан бері тұрақталып келеді. 

Оған қоса, Accenture және Girls who Code ұйымдарының жүргізген зерттеуінің дерегінше, әлемде әйелдер ерлермен салыстырғанда технологиялық индустриядан 45%-ке жиі тастап кетеді. Бұл процеске жұмыс шарттары, негізгі шығармашылық позицияларға мүмкіндік берілмеуі және “тұралап қалған мансап” пен “шыны төбе” сезімі себеп болған. 

Дүниежүзілік экономикалық форумының Global Gender Gap есебінде IT амандықтардағы әйел репрезентациясына қатысты келесідей деректерді келтіреді. Ақпаратқа сай жасанды интеллект, Back End Developer, Big Data Developer, Data Engineer, Frontend Engineer, Javascript әзірлеуші сияқты мамандықтарда әйелдердің үлесі ширекке де жетпейді. Ал Data Scientist, Growth Hacker, Python әзірлеушісі мамандықтарында әйелдердің үлесі 35%-тен кем екені көрсетілген. Мамандықтар бойынша әйел үлесін келесі кестеден көруге болады:

IT-ге гендерлік призмамен қарау

Әйел репрезентациясынан бөлек, IT-гиганттардың техникалық және басқару позицияларындағы әйелдердің үлесі де өте маңызды. ЮНЕСКО-ның “Ақылды болу үшін цифрлық революция инклюзив болуы керек” атты есебінде 2018-2019 жылдардағы үлкен IT компаниялардағы (Meta, Apple, Amazon, Google, Microsoft, Huawei, Samsung) техникалық мамандықта жұмыс істейтін әйелдер мен басқарма рөліндегі әйелдер үлесін Linkedin дерегімен есептеген. Өкінішке орай, техникалық мамандықтағы әйелдер мен басқарма рөліндегі әйелдер үлесі 33%-тен аспаған. Толығырақ келесі инфографикадан көріңіз.

IT-ге гендерлік призмамен қарау

Б. Төлеубекова дискриминация көрмеген, бірақ…

Осы орайда Factcheck.kz Apple iOS оқытушысы атанған қазақстандық Беназир Төлеубековамен сөйлесті. Оның сөзінше, Алматыда арнайы лицейде оқып, 15 жасында программист квалификациясын алған. Содан кейін Beijing Institute of Technology-ға Компьютер ғылымдары және технология мамандығына грантқа тоқуға түскен. Ол университетте оқып жүрген уақытта мобильді қосымшалмен айналысу, болашақтың мамандығы деген байламға келген. Әркімнің қалтасында смартфон бар ғой. Сондықтан iOS-жасаушы ретінде даму керектігін түсіндім. iPhone, iPad, Apple Watch және MacBook құрылғыларындағы сүйікті қолданбаларыңызбен жұмыс істеймін, – дейді ол.

IT-ге гендерлік призмамен қарау
Беназирдың айтуынша, ол ең прогрессив қызмет салаларының бірінде жұмыс істейтіндіктен дискриминация көрмеген. Ол IT саласындағы жігіттерді, әсіресе жеке сөйлесетін әріптестерін бағалайтынын және құрметтейтінін айтады. Бірақ, оның сөзінше, Қазақстандағы “жатып сынарлар” бұл мамандықта қыздың жұмыс істейтініне аң-таң болады.

“Олар маған күйеу табуға не әйелдің жұмысын іздеуге кеңес береді. Өйткені “есі дұрыс еркекке” күні бойы ер адамдардың ішінде жұмыс істейтін қыз керек емес-міс. Бірақ мен мұны алалау деп қарастырмаймын. Бұл мен үшін, керісінше, қызық”,-дейді Беназир. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда IT саласына қызығып жүрген қыздар көп.

Бүгінде деректердің аздығынан Қазақстандағы STEM қаншалықты дамығанын бағалау қиын. Бірақ бұл тұста да әйелдердің аз айлық алатыны және бұл салаға аз баратынын Ұлттық статистика деректерінен көруге болады.

Қазақстанда әйелдер саны жақсы ақы төленетін басқа салалар секілді бұл мамандықта да аз. Мұндай мамандықтар бойынша оқитын қыздардың үлесі 32%, ал еңбек нарығында қазақстандық әйелдердің үштен екісі білім беру және денсаулық сақтау сияқты салаларда жұмыс істейді.

Контекст

Дүниежүзілік экономикалық форум болашақта гендерлік факторларды ескере отырып, экономикада гендерлік теңдікті арттыратын, әйелдердің экономикаға еркін араласуын ескеретін, тұрақты әлеуметтік-экономикалық жүйелер құратын саясат жүргізуді ұсынады.

Дүниежүзілік экономикалық форум мемлекеттерге негізгі үш ұсыныс жасаған. Олар:

  • Күтім секторына және ерлер мен әйелдер үшін күтім демалысын теңдей қамтамасыз ету, осы салаға қосымша инвестиция жасау;
  • жынысы бойынша кәсіби сегрегацияны жоюға саяси практиканы белсенді түрде бағыттау;
  • квалификацияны жақсарту мен басқару позицияларын ұсынғанда тиімді саясат жүргізу, мансапты көтергенде алаламайтын әдістерді қолдану, еңбек нарғында әйелдер мен еркектерге тең жол ашу.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия Елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Factcheck.kz