Мизогиния һәм әйелге деген өшпенділікпен қалай күресеміз?

Өзін «кәсіпкермін» деп таныстырған Ақжол Талғатұлы компаниясында жұмыс істейтін 22 адамның 17-сін «әйел» болғаны үшін жұмыстан шығарып жібергенін мәлімдеген. Ол ақша табумен тек еркектер айналысуы керек деп санайды екен. Бұл — мизогиния.

Осыған және әйелге деген басқа да өшпенділікке себеп болған «мизогиния» тақырыбын Factcheck.kz талдады.

Мизогиния деген не?

Мизогиния — грекшеден аударғанда «әйелді жек көру» дегенді білдіреді. Оған сексизм, патриархал көзқарас, гендерлік дискринаминация, кәтколлиң, виктимблеймиң, объективизация, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, слатшеймиң, фемицид жатады.

Кейбір зерттеушілер, мизогинияны «әйелді жек көру» деп емес, әйелдің «гендерлік рөлдерін» сол күйі сақтауға деген қоғамның талпынысы деп түсіндіреді. Не дегенмен, мизогиния кез келген әйелге: жасқа, қартқа, жұмыссызға, саясаткерге, мүгедектігі бар әйелге, т.б. бағытталуы мүмкін.

Ғасырлар бойы әйел «еркектен бір саты төмен» деп қарастырылды. Оның адами құқықтары ескерілмей, «рөлі» үй шаруасы және бала туумен шектелді. Ежелгі ойшылдар да қоғамдағы еркектер үстемдігін қолдап, патриархал көзқарастарды таратты. Мәселен, ежелгі грек философы Аристотель әйелді «толық емес адам», «құдайдың ең төменгі жаратылысы» деп санап, «әйел еркекке еруі керек» деп есептеген.

Діни мәтіндердегі мизогин мысалдар арқылы «ердің әйелден жоғары тұратыны» дәріптелді (мәселен, кейбір канондарына сай, дүниедегі алғашқы екі адам — Хауа ана Адамды алманы жеуге «азғырған» соң, әйел мәңгіге қарғысқа ұшыраған-мыс). Қазірдің өзінде патриархал қоғам әйел құқығын шектеуді дін, ғұрып, мәдени нормалар арқылы ақтап келеді.

Атауынан көрініп тұрған тағы бір мысал — «етеккір». Менструация қоғамда — лас, кір деп есептелді; кейбір канонға сәйкес, бұл кезде қызға діни мекемеге кіруге рұқсат етілмейді. Ал Непалдағы «чаупади» деп аталатын ғұрыпқа сай, менструация кезінде өкінішке қарай, қыз үйінен уақытша қуылады: қоғам тыйым бұзылса, «табиғи апат болады», «мал төлдемейді», «егін шықпайды», «тума-туыс өледі» деп сенеді.

Мизогиния ерлерге де әсер етеді. Олар еркектерге тағылған гендерлік «нормаларға» сәйкес келмесе, стресске шалдығуы ықтимал. Бұл күйзеліс ердің әлсіз, эмоционалды, нәзік болмауы керек деген стереотиптен туындайды.

Ал дәстүрлі гендерлік нормаларды қатаң ұстанатын ер адамдар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау қаупі жоғары екендігі анықталған. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде жылына кемінде 50 000, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қаза табады.

Өкініштісі, ғасырларға созылған патриархал көзқарастың үстемдігінен әйелдердің өздері де мизогин мінез-құлықты «қалыпты» деп қабылдай бастады.

Ішкі мизогиния

Әйелдің өзге әйелдерді құрметтемеуі, жақтырмауы, тіпті жек көруі мүмкін. Бұл «ішкі мизогиния» деп аталады. Ол көбіне әлеуметтік қатынастың жанама әсері ретінде байқалады:

  • Басқа әйелдерді менсінбеу: «Маған ер адамдармен сөйлесу оңайырақ», «Қыздар бос сөйлей береді»;
  • Әйелдер арасындағы «уытты» бәсеке. Қоғам әйелдерге стигма тағып, оларды «ең жақсы әйел» болу үшін күресуге мәжбүрлейді. Мысалы, қоғам қыздарға ерлердің назарын аудару үшін күресте бір-бірін бәсекелес ретінде көруге үйретуі мүмкін;
  • Өзге әйелдің көзқарасын елемеу: басқа әйелдің саясаттағы жетістігін, өнер туындысын, басқа да бастамаларын құнсыздандыру;
  • Әйелдерге қойылатын талаптардың артуы. Мәселен, қоғам ананың мінсіз болуын талап етеді (мысалы, бала күтушіні жалдайтын әйел — әйел емес);
  • Әйелдің әйел ұжымында жұмыс істеуге құлқы болмауы;
  • Әйелдердің гендерлік стереотиптерді қолдауы: «мен әйелмін, тиісінше үй шаруасы — менің мойнымда»;
  • Виктимблеймиң және слатшеймиң. Ішкі мизогиния әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайында айқын көрінеді: «Жөні дұрыс әйел түнде жалғыз жүрмейді», «қысқа киген өзінен көрсін».

Мизогиния қылмыс. Ұлыбритания тәжірбиесі

Ұлыбританияның құқық жөніндегі комиссиясы 2021 жылғы 7 желтоқсанда жариялаған «Өшпенділік қылмысы туралы заңдар: Қорытынды баяндамасына» сай, Англия мен Уэльсте мизогиния заңды түрде қылмыс деп бекітілген. Құжатта «мизогинияны қылмыс деп тану — әйелдерді қудалау, зорлау, т.б. мәселені тиімді шешуге көмектеседі» делінген.

2016 жылы Англиядағы Ноттингемшир полициясы мизогинияны алғаш рет «қылмыс» ретінде тіркеген. Бұған ысқыру, ала көзбен қарау, әйелге қол тигізу, харассмент, зорлау, аңду, әйел қаламаса да, оны суретке түсіру, киіміне тиісу (мысалы, белдемшесін көтеру), қалаусыз сексуалдық сипаттағы сөздер және әрекет, қорқытатын/агрессив/бопсалайтын мінез-құлық және онлайн харассмент жатқызылды.

Ноттингемшир полициясы мизогинияны бастан өткерген әйелдерге бөлімшеге хабарлауды ұсынды. Алғашқы бағалау нәтижесінде, 2016 жылдың сәуірінен 2018 жылдың наурызына дейін дейін полицияға 174 әйел жүгінген. Олардың 73-і қылмыс, ал 101-і инцидент ретінде сараланған. Осыдан кейін өзге аймақтың да (Нортгемптоншир, Солтүстік Йоркшир, Эйвон, Сомерсет округтері) полиция күштері өз еркімен мизогиния әрекеттерін қылмыс ретінде тіркей бастаған.

Қалай күресеміз?

  • Айналадағы мизогинияны байқап, оған қарсы тұруға тырысыңыз. Мизогин мінез-құлықты оңай тануға болатын белгілер бар: гендерлік стереотиптер, рөлдер, міндеттер, стигламар. «Әйелдің бәрі ақымақ», «әйел бала бағуы керек», т.б. — белгілі бір әйелге қарсы сын я талап емес, мизогиния белгілері.
  • Әйел — әйелді қолдағаны жөн. Ішкі мизогинияға бой бермеген абзал. Әйел ғылыммен айналысады, кітап жазады, көлік жүргізеді. Өзге әйелдің мансабын, жетістігін құнсыздандырмаңыз. Дәрігер, мұғалім, т.б. маманды жынысына байланысты таңдамаңыз. Өмірде, әлеуметтік желіде әйелдерге шабуыл жасамаңыз, агрессорлардың жағында болмаңыз және жәбірленушіге түсіністікпен қарауға тырысыңыз.
  • Гендерлік стереотиптер балалардың «гендерлік рөлдерге» сәйкес келуін талап етеді. Балалар мұндай рөлді 3 жастан бастап қабылдайды, әлем ұлдар үшін «кеңейеді» (ұлға көп артықшылық беріледі), ал қыздар үшін «кішірейеді» (мысалы, кір жуып, үй жинаумен тек әйел айналысуы керек). Сондықтан үйде, мектепте, жұмыста және күнделікті өмірде ерлер мен әйелдерге тағылған гендерлік рөлдерге қарсы тұрғанымыз жөн.
  • Гендерлік балансты сақтау үшін квоталар енгізуді қолдаңыз. Бұл — гендерлік теңгерімсіздікті азайту үшін компаниялар мен мемлекеттік мекемелердегі әйелдер мен ерлердің ең аз санын белгілеу. Квоталар гендерлік теңдіктің дамуына ықпал етеді.
  • Гендерлік теңдікті қолдаңыз. Мизогиниямен күресіңіз. Әйелдің жұмыс істеуіне қарсы болу; қызға ысқыру; оны киіміне, түріне, жүріс-тұрысына байланысты мінеп-сынау; әйелді «бала туатын инкубатор» көру, т.с.с. адам құқын бұзатын әрекеттерді қоғам «қалыпты жағдай» деп қабылдамауға тиіс.

Кез келген дискриминация (бұл жағдайда әйелдің «әйел болғаны» үшін оны алалау) адамның қоғаммен араласуына, психологиясына, еңбек нарығына қатысуына, т.б. жағдайына кері әсерін тигізеді.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Гүлнұр Бітіс