“Ұлболсын!”: Қоғам неліктен ұлды қыздан артық көреді?

Дүниежүзілік Банктің жазуынша, ұлды қыздан артық көру — қоғамдағы ең өзекті гендерлік мәселелердің бірі. Бұл, әсіресе Азия мен Солтүстік Африкада ерекше байқалады. Патриархал отбасы қыздың орнына ұл туғанын қалайды; ұлды қыздан артық көреді; нәтижесінде қыздардың адами құқықтары мен мүмкіндіктері шектеледі. Factcheck.kz Қазақстан мен әлемдегі ұлға артықшылық беру мәселесінің себеп-салдарын талдады.

Қазақ қоғамындағы жағдай

Ертеден бері қазақ отбасыда әйел ұл тусын деген ырыммен қызға “Ұлболсын”, “Ұлбике”, “Ұлжан” секілді аттар қойған. Осыған байланысты 2019 жылы БҰҰ әлем халқы қоры (UNFPA) есімінің түбірі “ұл” сөзінен басталатын әйелдерді санаған. Оған сай:

  • 1905-2019 жылдар аралығында 75 400 қызға “Ұлболсын” есімі қойылған. Олардың 53,6%-i ауылда тұрады;
  • Осы 75 400 әйелдің 203-i ғана қызына “Ұлболсынға” ұқсас ат қойған.
  • “Ұлболсынмен” мағыналас 294 есім бар;
  • UNFPA ақпаратына сай, мұндай ат қойылған әйелдердің үштен бірі Қазақстанның оңтүстігінде тұрады.
  • UNFPA дерегінше, кейінгі отыз жылда (1990-2019 жж.) мұндай есімді әйелдер санының төмендеу үрдісі байқалады.

Бұған қатысты мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның пікірін сұрадық.

Мұндай аттар қайдан шыққаны белгілі. Бұрын дәстүрлі қоғамда ұлсыз өте қиын болған. Себебі, ұл – ел қорғайтын жауынгер, мал бағады, ұрпақ жалғастырады (ал ұл болмаса, ұрпақ үзілді, шежіре тоқтады деген сөз). Сол үшін отбасыда ұл тусын деп қыздарға осындай ат қойған. Бірақ, қазір, заман басқа деп ойлаймын.

Зира Наурызбаева, мәдениеттанушы

Патриархал қоғамда ұлға артықшылық берілуінің себептері

Ер балаға артықшылық беру — әртүрлі әлеуметтік-экономикалық, мәдени және институционалдық факторлардың әсерінен туындап, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін сақталып келеді.

Мәселен, көптеген патриархал елде қара шаңырақ, үй, отбасылық кәсіп мұра ретінде ұлға қалады. Бұдан бөлек, патриархал қоғамда ұл — “ұрпақ жалғастырушы” ретінде танылады; шежіреге соның аты кіреді. Ерлердің өзі “ұлым болса, тамырым жалғасады” деп ойлайды. Екінші жағынан, бұл түсініктің кері әсерінен ұл таппаған әйел “кем әйел” ретінде қарастырылады.

Гендерлік рөлдердің әсерінен дәстүрлі қоғамда қыз — “ата-анасының үйінде уақытша тұратын қонақ“. Оған қоса, “қыздар басқаға, яғни күйеуінің отбасына қызмет ету үшін тәрбиеленеді“. Осы себептен ата-аналар ұлдары оларды қартайғанда бағады деген үміт артып, ұл туғанын қалайды.

Ұлды қыздан “мықты”, “ақылды”, “еңбекқор” көретін қоғамда әйелге “үйде отырып, тек үй шаруасы мен бала бағумен” айналысуы керек деген гендерлік стереотип тағылған. Осының кері әсерінен ер адамдар — “басты” еңбек күші болғандықтан, олардың жалақысы да жоғары болады.

Бұдан бөлек, Дүниежүзілік Банктің жазуынша, Азия елдеріндегі дәстүрге байланысты қалыңдықтың жанұясы күйеу жігіттің отбасына “қыз жүгін” беруі керек болғандықтан, бұрынғы кезден бастап қыз туу — экономикалық жауапкершілік ретінде қарастырылады. Өкініштісі, “ұл үйге көп ақша әкеледі” деп ойлайтын патриархал қоғам үшін “қыз – экономикалық тұрғыда тиімсіз”.

Діни жағы да бар: Азиядағы әртүрлі дәстүрлі құндылықтар мен патриархал жүйелерге байланысты әйел адамға діни рәсімдерді орындауға рұқсат етілмейді, сондықтан ата-баба рухын еске алып рәсім өткізу үшін “ер баланың туылуы — маңызды” деген түсінік қалыптасқан.

Бұл қыздарға қалай әсер етеді?

Ұлға артықшылық беру — қоғамдағы гендерлік теңсіздіктің қалыптасу себептерінің бірі.

Дүниежүзілік Банктің жазуынша, әйелдің қызға жүкті болып, бірақ қоғам оның ұл табуына қысым көрсетсе, олар жасанды түсік жасатады. Ал бұл үшін әйелдер дәрігерге жүгінбеуі де мүмкін. ДДСҰ дерегінше, барлық аборттың шамамен 45%-і медициналық жабдықтардың көмегінсіз денсаулыққа қауіпті жағдайда жасалады және мұндай фактілердің 97%-і дамушы елдерде тіркелген.

Дүниежүзілік Банк ұлды қыздан артық көру мәселесінің неке нарығына, қылмыстың көбеюіне, тіпті ұлттық және жаһандық қауіпсіздікке әсер ететінін жазады.

Мәселен, әйелдерге қарағанда көп ұлдан тұратын қоғамда ерлер некесіз және баласыз қалуы мүмкін. Бұл егде жастағы ер адамдар кедейлігіне әкеп соқтырады (мұндай факті Қытай, Үндістанда тіркелген). Ал әйелдер үшін некеге тұру жасы (Ауғанстанда байқалған) төмендеп, нәтижесінде әйел саудасы артып және жыныстық жолмен берілетін аурулар көп тарауы ықтимал.

Гендерлік рөлдердің әсерінен әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктері аз және төмен жалақы алады, парт-тайм жұмыс істейді, көп уақытын үй шаруасына арнайды. Мұнымен күрескен жөн, себебі бұл көптеген әйелдің адами құқығын шектейді.

Қорытынды

Кез келген дискриминация (бұл жағдайда қыздың “қыз болғаны” үшін оны алалау) адамның қоғаммен араласуына, психологиясына, еңбек нарығына қатысуына, т.б. жағдайына кері әсерін тигізеді. Дүниежүзілік Банктің дерегіне сай, ауқымды әлеуметтік өзгерістер, мәселен, урбанизация мен индустрияландыру, гендерлік теңдік бойынша халықты ақпараттандыру, тақырыпты медиада көтеру арқылы “ұлға артықшылық берудің” алдын алуға болады.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz