Фактчек | Денсаулық туралы кодекс: Дәрігер қателігі үшін жаза мен науқастар құқығы

Factcheck.kz «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» атты жаңа Кодекс бойынша фактчектер сериясының соңғысын ұсынып отыр. Айта кетейік, фактчек жасауға халық арасында тез әрі кең тарап кеткен әнші Шоқан Маратұлының жазған посттары негіз болған еді. Қазақстандық әнші Кодексті «халық пен адамгершілікке қарсы, фашистік, жазалаушы әрі зиянды» деп атаған болатын. Еске сала кетейік, біз бұған дейін вакцинацияға қатысты қастандық теорияларына, адам өлімінен кейін оның мүшелерін донорлыққа пайдалану, психиатриялық диагностика мен емдеу, жыныс ауыстыру мен ата-анасының келісімінсіз балалардың медициналық қызмет алу мәселесіне кеңінен тоқталған едік.

Ендігі мәлімдемелер емделушінің жақындары мен діни ұйымдардың өкілдерінен қолдау көрсетуге деген құқығын «алып тастау» туралы, сондай-ақ науқастың денсаулығына жеңіл және орташа ауырлықтағы зиян келтірген медициналық қателіктер үшін қылмыстық жазаның «алынып тасталуына» қатысты. Талдауды осы «қателіктер» мәселесінен бастайық.

Мәлімдеме: Науқастың денсаулығына жеңіл және орташа ЗИЯН келтірген медициналық қателік үшін ҚЫЛМЫСТЫҚ жаза АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ. Сондай-ақ дәрігердің әрекетінен адам денсаулығына ауыр зиян келіп немесе оның өліміне әкелетін жағдайларда қылмыстық іс қозғау процедурасын қиындатып жіберген. 270-баптың 5-тармағы. Енді «медициналық оқыс оқиға» деген пайда болды, ол бойынша науқастың өлімі үшін қылмыстық жаза жоқ.

Шоқан Маратұлы

Үкім: Жалған және манипуляция

Біріншіден, Денсаулық туралы жаңа кодекстің күшіне енуімен ҚР Қылмыстық кодексінен «Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар» деген 12-тарау мен атап айтқанда «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» деген 317-бап, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен «Медициналық көмек көрсету тәртiбiн, стандарттарын сақтамау және оны сапасыз көрсету» деген 80-бап ешқайда кеткен жоқ.

Екіншіден, Денсаулық туралы кодекстің бұрынғы және қазіргі редакциясында «дәрігер қателігі» деген ұғым жоқ, болмаған да.

Үшіншіден, мәлімдеме авторы «медициналық қателік» пен «кәсіби міндеттерге немқұрайлы қарау және/немесе дұрыс қарамау» деген ұғымдарды араластыра отырып, бұл терминдерге нақты анықтама бермей, олардың арасындағы айырмашылықты дұрыс көрсетпеген.

Төртіншіден, нақты анықтама болған күннің өзінде, өз кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай, науқастың денсаулығына аздап зиян келтірген медицина қызметкері үшін жаза жаңа Кодекс қабылданбай тұрып, әкімшілік жауапкершілік деңгейінде қаралатын еді (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 80-бабының 3-тармағы).

Айта кететін жайт, «медициналық қателік» деген – түсініксіз әрі қарама-қайшы ұғым. Ол тек қоғамдық дискурс үшін емес, сондай-ақ заң мен құқықтану және жалпы медицина үшін де мәселе болып тұр. Қателік ұғымына әдейі емес, абайсыздық немесе тіпті ғылымның жетілмеуі, білімсіздік пен қолда бар білімді практикада қолдана алмауға байланысты элементтер кіреді.

Және бесіншіден, «медициналық оқыс оқиға» ұғымын енгізген 270-баптың 5-тармағы қылмыстық жазаны алып тастамайды, ол тек оған нақты анықтама беріп, оқиға болған медициналық ұйымның аудиті арқылы талдау жүргізетін ұйымдарға ақпарат ұсынады. Яғни жауапкершілік дәрежесі оқиғаның өзіне байланысты.

Бәрін егжей-тегжейлі талдап көрейік

Анықтама үшін: Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов бірнеше жыл бойы медициналық қателіктерді декриминалдауды белсенді қолдап келді. Экс-министр медициналық ортаның пікірін білдіргені анық.

Анықтама үшін: 2017 жылы дәрігерлерге қатысты шағымдарға байланысты 430 хаттама жасалды. 400-ден астам жағдай бойынша материал құқық қорғау органдарына жөнелтілді. 2019 жылы 317-бап бойынша 325 құқық бұзушылық тіркелді (1 іс сотқа жіберілді), ал 2020 жылдың 8 айында 249 құқық бұзушылық тіркелді (сотқа бір де бір іс түскен жоқ).

Соңғы уақытта бірнеше даулы іс болды. 2020 жылдың мамыр айында президенттің өзі декриминалдау қажеттілігі туралы мәлімдеді. «Дәрігер қателігі деген айыппен заңсыз, әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері жиі болды… Бұл мәселені қайта қарау керек», деді Қ-Ж. Тоқаев.

Қате жіберуге құқығыңыз бар ма?

Біз декриминалдаудың қаншалықты дұрыс-бұрыс екенін талқыламаймыз, себебі оның фактчекке еш қатысы жоқ. Біздің мақсатымыз – оқырмандар барлығын түсініп-білу үшін барлық мәліметті ұсыну.

Сондықтан терминологияның ерекшеліктері мен логикасына терең үңіле түсейік. 2017 жылы «Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін кепілдендіру туралы» заң жобасы әзірленді. Ол заң қабылданбаса да, Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығының жауапкершілікті кепілдендіру мәселелеріне арналған құжатында келесі анықтама берілген: Медициналық қателік дегеніміз – медицина қызметкерінің немқұрайлылығы мен абайсыздығынан емес, оның саналы түрде қателесу салдарынан адам өміріне не денсаулығына зиян келтіру. Немқұрайлылық – лауазымды адамның өз қызметіне салғырт немесе ұқыпсыз қаруының нәтижесінде өз міндеттерін адал әрі тиісті деңгейде орындамауы.

Былай айтқанда медициналық қателік дегеніміз – бұл «кінәсіз» әрекет немесе әрекетсіздік. Аталған құжатта барынша егжей-тегжейлі анықтама берілген:

Дәрігер қателігі – бұл дәрігердің кәсіби қызметіндегі кінәсіз қате әрекеті;

Дәрігер қателігі – бұл дәрігердің кәсіби қызметте салғырттық, ұқыпсыздық немесе надандық… және т. б. танытпай, абайсыз жаңылысуына байланысты жасаған қателігі.

Сонымен бірге бұл ұғымның қарама-қарсы түсіндірмесі де бар:

Медициналық қателік – бұл медицина маманының немқұрайлылығы немесе ұқыпсыздығынан болған қателік… Алайда бәрі соншалықты оңай әрі нақты емес. Әлемде «біздің дәрігерлер қателеспейді» деп мәлімдей алатын бірде-бір клиника жоқ. Шындығы сол. Дереккөз: «ХҚЭДО-Қазақстан» цифрлық баспасы»

Қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жаза

Дәрігер қателігі ұғымына қатысты қарама-қайшылықтарды ескере отырып, біз Қазақстан заңнамасының логикасына сүйенетін боламыз. Онда бұл ұғымға байланысты қандай да бір нақты түсіндірмеде болмаса да, «міндеттерді тиісті деңгейде орындамау» деген бар.

Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы келесі заңдарда айтылған. Атап айтқанда ҚР ҚК 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, тиiсiнше орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына орташа (1-тармақ), ауыр (2-тармақ), адам өліміне (3-тармақ) және екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер (4-тармақ) және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 80-бабындағы 3-тармағы (Медицина қызметкерiнiң медициналық көмек көрсету тәртiбiн, стандарттарын сақтамау, кәсiптiк мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы, егер бұл денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқса).

Нақты болмаса да, заң тұрғысынан абайсыз қателесу мен міндеттерді дұрыс орындамау (немқұрайлылық) арасындағы объективті айырмашылық бар екенін көруге болады.

Анықтама үшін: ҚР ҚК 317-бабының 4-тармағына сәйкес, жаза үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. 2018 жылғы Денсаулық туралы Кодекстің 182-бабына «Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері» нормасы енгізілген еді, оған сәйкес медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға құқылы. Жаңа Кодексте бұл норма өзгеріссіз қалған және 270-баптың 1-тармағындағы 6-тармақшада көрсетілген.

Бұл дегеніңіз, егер сақтандыру саласындағы механизмдер дамитын болса, дәрігер салғырттығынан емес, басқа себептерден (расымен де медициналық қателік нәтижесінде, абайсыз) зардап шеккен емделушілер материалдық өтемақы ала алады, ал дәрігер тиісінше мүмкін қылмыстық процестен босатылады.

Халықаралық тәжірибе: АҚШ-та нашар көрсетілген қызметтен сақтандыру тетігі бар (Malpractice insurance). Ол дәрігерлерге және басқа денсаулық сақтау мамандарына науқастың жарақаттануына немесе өліміне әкеп соқтыратын даулы оқиғалардан туындайтын жауапкершілік үшін ақша төлейді. Көптеген америкалық дәрігер өз қызметі барысында медициналық қателікке байланысты сот ісіне кем дегенде бір рет тап болды. Сақтандырудың бұл түрі көптеген штаттарда міндетті болып есептеледі.

Медициналық оқыс оқиға туралы

Әнші келтірген нормада келесі анықтама берілген:

Медициналық оқыс оқиға – Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетумен және технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдаланумен байланысты, организмнің қалыпты жұмыс істеуінің ауытқуынан туындайтын, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі, сондай-ақ пациенттің қайтыс болуына алып келуі мүмкін оқиға.

Медициналық оқыс оқиғаны талдау медициналық ұйымның ішкі аудиті арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, уәкілетті орган жүзеге асырады.

Еске сала кетейік, бұл норма «Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және олардың құқықтары» деген 270-бапқа қатысты. Егер «медициналық оқыс оқиғаның» анықтамасын мұқият оқып шықсаңыз, онда қызметтік міндетті дұрыс орындамау (немқұрайдылық) мен абайсыз жаңылысу (қателік) арасындағы айырмашылықты байқай аласыз. Осы орайда Шоқан Маратұлының мәлімдемесінде әртүрлі ұғымдардың араласып, манипуляцияға ұшырағанын көруге болады.

Фактчек | Денсаулық туралы кодекс: Дәрігер қателігі үшін жаза мен науқастар құқығы

Қысқа қайырсақ, медициналық оқыс оқиға дегеніміз – адамға көмек кезінде барлық тиісті медициналық стандарттар сақталғанға қарамастан, науқас бәрібір зардап шеккен жағдай.

Осыдан кейін қабылданған норманың логикасына сәйкес, болған жағдайға жан-жақты талдау жүргізіледі. Бұл ретте медициналық қызметкерлер қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да мүмкін, алайда ол үшін олардың іс-әрекетінің сәйкесінше сипаттамасы мен қылмыс құрамы болуы қажет.

Осыған қоса талқыланып отырған нормаға медициналық оқыс оқиғаларды талдау (талдау / сараптама / тексеру) тәртібі мен әдістеріне қатысты қосымша стандарттар мен ережелер дайындау керек екені анық. Себебі сол ережелердің негізінде комиссия (сарапшылар) үкім шығарып, қорытынды жасайды. Бұл, әсіресе, даулы істер қаралған жағдайда өте қажет.

Азаматтардың құқықтары мен медициналық қателіктер туралы

Жаңа Кодекс зардап шеккен азаматтардың мүдделерін қорғауға қатысты құқықтарын айтарлықтай кеңейтті. Мәселен 77-бапты қараңыз, оған сәйкес азаматтар:

  • 12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
  • 13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына;
  • 14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
  • 15) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы жоғары тұрған органдарға өтінішхат беруге құқылы.

Ескі Кодексте осыған ұқсас «Азаматтардың құқықтары» деген 88-баптың 6-тармағы ғана болған еді. Ол бойынша медициналық қызметкерлердің дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы заттарды дұрыс тағайындамауы және пайдалануы салдарынан денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу құқығына кепілдік берілетін.

Осылайша өз мүддесін қорғай алатын азаматтар құқықтарының кеңейюі мен кәсіби жауапкершілікті сақтандыра алатын дәрігерлер мүмкіндіктірінің артуы, теория жүзінде, декриминалдау процесін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік береді. Алайда жаңа Кодекс бойынша медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру ерікті түрде жүреді (270-б., 1-Т., 6-т.) Бұл ретте АҚШ-тағы міндетті сақтандыру «нашар көрсетілген қызметке» қатысты болса, біздің елдегі ерікті сақтандыру салғырттық танытпай отырып, науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге байланысты. Дегенмен сақтандырудың негізгі мақсаты екі елде де бірдей.

Қорытынды

  • Жаңа Кодекстің өзі немесе онда енгізілген «медициналық оқыс оқиға» ұғымы қандай да бір дәрежеде қылмыстық іс қозғауды қиындатады деп мәлімдеу мүлдем келмейді. Егер науқасқа ауыр зиян келіп немесе ол қайтыс болып кетсе, сондай-ақ қылмыс құрамы дәлелденсе, онда адам өз жазасын алады.
  • Кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамау салдарынан жеңіл зиян келтірген барлық жағдай бұрын да (қазір де) Қылмыстық кодекспен емес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен реттеледі.
  • Кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамау салдарынан орташа немесе ауыр зиян келтіріп, бір немесе бірнеше адамның өліміне әкеп соқтырған барлық жағдай бұрынғыдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің тиісті нормаларымен реттеледі.
  • «Дәрігер қателігі» ұғымы заң тұрғысынан да, медициналық тұрғыдан да нақты емес, ол міндетті сараптамамен және қосымша құқықтық актілерді әзірлеуге байланысты. Сондықтан терминді қолдану, көбіне, манипуляциялық мәлімдемелер жасауға әкеледі. Даулы жағдайларды басқа елдерде қалай шешетін білгіңіз келсе, онда Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының құжатынан қарап көрсеңіз болады.

Жақын адамдардың қолдауы туралы не айтуға болады?

Мәлімдеме: Науқастың жақындарынан, сондай-ақ діни ұйымдардың өкілдерінен ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ құқығы АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ. (Яғни туыстарға, имамдарға және діни қызметкерлерге науқасқа баруға тыйым салынуы мүмкін!) 134-баптан алынып тасталды (ескі Кодексте бұл 91-бап, 4-тармақ, 1-тармақша еді).

Шоқан Маратұлы

Үкім: Шындық және манипуляция

Шынында да Кодекстің алдыңғы редакциясында емделушінің отбасы, туыстары мен достары, сондай-ақ діни ұйымдардың өкілдері тарапынан қолдау алуға құқығы бар деген норма болған («Пациенттердің құқықтары» деген 91-бап, 1-тармақ, 4-тармақша). Жаңа Кодексте мұндай норма (134-бап) жоқ.

Алайда, сіз түсінгендей, Қазақстан заңнамасының бірде-бір нормативтік құқықтық құжатында азаматтардың туыстары мен діни конфессия өкілдерінің қолдау құқығын шектемейді. Осыған қоса мұндай мәселелер қандай да бір заңдармен реттеуді қажет етпейді (әрине егер тыйым салынған діни ұйымдар туралы айтпасақ). Сондай-ақ, әрине, жаңа Кодекс, алдыңғысы сияқты, емделушінің мәдени және жеке құндылықтарына құрметпен қарау құқығына кепілдік береді (134-бап, 1-тармақ, 1-тармақша).

Қорытынды

Емделушінің туыстарына, оған келген имамдар мен діни қызметкерлерге кіруге тыйым салынуы мүмкін деген мәлімдеме ойдан шығарылған әңгімеге ұқсайды және былай айтқанда манипуляцияға жатады.

Тақырыпқа қатысты материалдар

Біз бұған дейін Кодекстегі (заң жобасы қаралып жатқан кезде) жыныстық ағартуға, биомедициналық зерттеулерге, жеке медициналық деректердің құпиялылығына және скрининг зерттеулерге қатысты шағымдарға талдау жүргізген едік.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz