Апталық шолу: жастарға берілетін пәтер саны, Clubhouse, вакцинация және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан және әлем медиасында тараған ақпаратты тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Түркияда жыныс ауыстыруға тыйым салынды ма?

Түркия Ыстамбұл конвенциясынан шыққанынан кейін әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарады. Оның бірі Ердоғанның келісімнің күшін жойған соң Түркияда жыныс ауыстыру мен бір жынысты некеге тыйым салынғаны хақында. Бірнеше оқырман өтінішінен соң, Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеруді жөн деп тапты.

Түркия 20 наурызда Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен бақылау туралы конвенциясынан шығатынын мәлімдеген. Алайда мұның жыныс ауыстыру мен бір жынысты некеге қатысы жоқ: жыныс ауыстыру Түркияның Азаматтық кодексінің 40-бабында көрсетілген талаптарға сай рұқсат етіледі. Ал бір жынысты неке бұған дейін де заңда қарастырылмаған және Ыстамбұл конвенциясының тікелей ықпалы болмаған. ЛГБТ өкілдері отбасылық мәселеде гетеросексуалдармен тең құқылы емес.

Әлеуметтік желідегі жазбада өшпенділік тілі қолданылған және конвенция туралы деректер бұрмаланған. Осы және басқа да мәліметті мына сілтеме арқылы оқыңыз.

Депутат Нұркина жастарға берілетін пәтер туралы

3 наурызда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Айгүл Нұркина сұранысқа ие мамандық бойынша жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін үйлерді қаржыландыра түсуді сұрап, бұған дейін жас маман мен жас отбасыларға 4 мың пәтер берілгенін айтты. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

2019-2020 жылдары жас мамандар мен жас отбасыларға 4 мыңға жуық пәтер берілді [жалға берілетін пәтер-авт.].

Айгүл Нұркина

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, 2019, 2020 жылдары жастардың 4 004-і пәтерге кірген. Депутат Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға арналған астана, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын Қазақстан азаматтарына сатып алу құқығынсыз 5 жылдық жалдамалы пәтер жайында айтып отыр. Үкімі шындық. Толығырақ мына сілтемеде.

Twitter Clubhouse-ты 4 миллиард долларға сатып алу туралы келіссөз жүргізді

Twitter бірнеше айдан бері Clubhouse-ты сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Алайда қазір бұл мәселені талқылау тоқтады. Бұл туралы Bloomberg сайты дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Bloomberg сайтының хабарлауынша, компаниялар Clubhouse-ты 4 млрд долларға бағалаған. Әзірше, неліктен келіссөздің тоқтағаны белгісіз. Ал Twitter өкілі бұл туралы түсініктеме беруден бас тартты, Clubhouse өкілдері Bloomberg сауалына жауап бермеген.

2020 жылдың сәуірінде Пол Дэвисон мен Рохан Сет Clubhouse қосымшасын іске қосты. Қосымшаға шақыру жіберілсе ғана қолдануға болады. Әзірге тек iOS қолданушыларына ғана қол жетімді. Компанияның хабарлауынша, қосымшаның Android нұсқасын әзірленіп жатыр. Биыл қаңтар айының соңында инвесторлар әлеуметтік желіні 1 миллиард долларға бағалаған.

Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты балаларды вакцинациялауды қолдады

Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты демократиялық нормаларға сәйкес балаларға вакцинация міндетті түрде салыну керек деген шешім шығарды. Бұл шешім чехиялық ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларға міндетті вакцинация туралы заңмен келіспеген сот ісі бойынша шығарылды.

Еуропалық сотқа жүгінген Чехия тұрғындары арасында: балаларын вакцинациялаудан бас тартқаны үшін айыппұл төлегендер, баласында міндетті екпе болмауына байланысты балабақшаға қабылданбаған адамдар бар.

Бұл мәжбүрлі түрде вакцинациялау мәселесі бойынша Еуропалық соттың алғашқы шешімі. BBC сайтының жазуынша, қазіргі уақытта әлемнің көптеген елінде балаға екпе салуға қарсы күресіп жатқан ата-аналар бар.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz