AstraZeneca | вакцинация салдары туралы фото қайда, қашан пайда болды?

Осы аптада әлеуметтік желілерде AstraZeneca препаратымен вакцинациялау ауыр зардабын бейнелейтін фотосурет тарады. Суретте қанды көпіршіктер жапқан қолын көрсетіп отырған егде жастағы адам бейнеленген.

Біраз елдегі вакциналарға қарсы қауымдастық өкілдері бұл кадрларды әлеуметтік желілерде түрлі вакцина тромбоздың пайда болуына түрткі болатыны туралы жазып, таратты.

Factcheck.kz редакторлары суреттің қай жерде және қашан пайда болғанын тексерді.

Қысқаша қорытынды

Фото рас, бұл Францияда түсіріліп, Twitter арқылы тарады. Қолданушы 75 жастағы қант диабетімен ауыратын әкесінде вакцинациядан кейін тромбоз пайда болғанын айтып, пост жариялады. Ол ер адам ақыры қайтыс болды, бірақ фотосурет авторы дәрігерлер әкесінің өліміне вакцинаның қатысы жоқ екенін айтқан. Кейін ол бұл жазбаны жойып, оны вакцинаға қарсы насихаттау мақсатында желіде таратпауға шақырды. Дегенмен қастандық теориясы өкілдері бұл фотоны тек AstraZeneca вакцинасының ғана емес, Pfizer вакцинасы сияқты басқаларының да беделін түсіру үшін қолданды. (AstraZeneca вакцинасы мен тромбоз туралы толығырақ біздің мақаладан оқыңыз.)

Толығырақ

Фото әлеуметтік желілерде наурыз айының ортасында тарала бастады. Facebook-те осыған ұқсас көптеген жазбаны көруге болады.

Оның үстіне, бұл фотосуреттің сипаттамасы мезгіл-мезгілімен өзгеріп отырады. Мысалы, қолданушылар суретте Pfizer вакцинасының әсері көрсетілген деп мәлімдеп жатты.

Суретте сол Pfizer-ді қолданғаннан кейін қаны ұйыған америкалық дәрігер тұр дегендер де болды.

Алдын ала айтайық, бұл екі жағдайдың бір-біріне еш қатысы жоқ. 56 жастағы америкалық дәрігер Грегори Майкл қаңтар айында Pfizer вакцинасынан бірнеше күн өткен соң анықталған тромбоз салдарынан қайтыс болды. Бірақ дәрігерлер оның өлімі вакцинаны қолдануға қатысы жоқ екенін айтты.

Негізінде, бұл фотоны Twitter-де La France Dessinée деген қолданушы жариялаған еді. Ол қант диабетімен ауыратын 75 жастағы әкесі Мишельдің AstraZeneca вакцинасынан кейін қолында біртүрлі қанды көпіршік пайда болғанын айтты. Автордың бұл вакцинаның салдары екенін айтпағаны, басқа қолданушылардан бұған не себеп болуы мүмкін екенін сұрауы ғана назар аудартады, себебі дәрігерлер оның себебін анықтай алмады.

Қазір автор бұл жазбаны өшірді, бірақ жазбаның түпнұсқасы желіде сақталды.

Өкінішке қарай, әкесі ақыры қайтыс болды, дәрігерлер оның себебі тромбоз екенін анықтады. Автор бұл жазбаны вакцинаға қарсы қауымдастық өкілдері COVID-19 вакциналарының беделін түсіру үшін әлгі фотоны әлеуметтік желілерде тарата бастағандықтан өшіргенін айтты. Оның өзі ешқашан вакциналарға қарсы үгіт-насихат жүргізуге ұмтылмаған, тек адамдарға вакцинаның ықтимал салдары туралы хабарлауды немесе медициналық қоғамдастық өкілдерінен әкесіне не болғанын сұрап, білуді қалаған. Ол вакциналар қажет екенін және «жел диірмендерімен» күресудің қажеті жоқ екенін тағы бір рет айтып өтті.

75 жастағы ер адамның қан ұйығаннан кейін дәрігерлер науқастың денсаулығы үшін екінші инъекцияны салмады. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, ер адамның тромбоз салдарынан қайтыс болғаны анықталды, бұл туралы автордың өзі жазды, бірақ оның вакцинаға қатысы анықталмады.

Дегенмен  фотосуреттер әлі де «вакцинацияның қорқынышты салдары» туралы жаңа теорияларды қаптата отырып, әлеуметтік желілерде таралып жатыр.

Қорытынды

  • Сурет Twitter әлеуметтік желісінен тарады. Автор бұл постты жақында AstraZeneca вакцинасын алған әкесінде қан ұюы тудыруы мүмкін болатын себептерді қолданушылар ұсынуы үшін жариялады. Кейін ол постты өшірді, өйткені фотосуреттер вакцинаға қарсы үгіт-насихат үшін қолданылған. Оның өзі де қастандық теориясы жақтаушысы емес және адамдарды осы суреттерді таратуды тоқтатуға шақырды.
  • AstraZeneca вакцинасының осындай салдары болады деу — бұрмаланған ақпарат, өйткені осы уақытқа дейін оның қатысы бар екені туралы еш дәлел жоқ, вакцинация мен тромбоз арасында байланыстың жоқ екенін EMA алдын ала тергеу жүргізіп, растаған.
  • Басқа вакциналардың да дәл осындай салдары болады деу — жалған ақпарат.