Қытай түрмесінде 13 жыл қамауда болған Зейнолла Рақыжан Шыңжаңнан Алматыға ұшып келді

Шыңжаңдағы туысын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, ұзақ уақыттан бері наразылық өткізіп жүрген Алматы тұрғыны Фарида Қабылбектің күйеуі Зейнолла Рақыжан 9 сәуірде таңертең Қытайдың Чэнду қаласынан Алматыға ұшып келді. Әуежайда оны отызға жуық адам күтіп алды. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлы хабарлады.

Қытай түрмесінде және саяси лагерьде болған Зейнолла Рақыжан Алматыға ұшып келді. Оны әуежайда туыстары мен таныстары, белсенділер қарсы алып тұр. Алматы, 9 сәуір 2021

Рақыжанды кеден қызметінің өкілдері ұзақ ұстап, жолаушылардың соңынан шығарды. Бұған жұрт наразы болды.

Туыстарымен көрісіп тұрған Зейнолла Рақыжан. Алматы, 9 сәуір 2021

– Елге жеткеніме қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады. Вирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді, – деді ол.

Рақыжан Қытайдағы жағдайды айтуға ықылас білдірген жоқ. «Сізге келер алдында Қытай тарабынан қандай да бір ескерту жасалды ма?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап берді.

Ақпарат бойынша, 58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан. Туыстарының айтуынша, «тыңшы» деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамаған. Түрмеден шыққан соң саяси лагерьде бір жарым жыл отырған. Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік органдарда қызмет істемеген, тек ұсақ саудамен айналысқан. Бір ұл, бір қызы бар.

Фарида Қабылбектің айтуынша, күйеуі 6 сәуірде Үрімжіден Чэнду қаласына ұшқан. Себебі, Чэнду – Алматы бағыты бойынша ғана рейс болған. Ол енді наразылығын тоқтатынын айтады.

  • Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен «Қытайда қамалғандар — Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз» деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
  • Наразылықтың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында екі айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы «саяси қайта тәрбиелеу» лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі «негізсіз айыптармен» ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін «терроризммен күрес», ал лагерьлерді «кәсіп меңгеру орны» деп атаған.
Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.