Түркияда жыныс ауыстыруға тыйым салынды ма?

Түркия Ыстамбұл конвенциясынан шыққанынан кейін әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарады. Оның бірі Ердоғанның келісімнің күшін жойған соң Түркияда жыныс ауыстыру мен бір жынысты некеге тыйым салынғаны хақында. Бірнеше оқырман өтінішінен соң, Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеруді жөн деп тапты.

Әлеуметтік желіде тараған ақпарат

Үкім: Жалған және манипуляция

Түркия 20 наурызда Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен бақылау туралы конвенциясынан шығатынын мәлімдеген. Алайда мұның жыныс ауыстыру мен бір жынысты некеге қатысы жоқ: жыныс ауыстыру Түркияның Азаматтық кодексінің 40-бабында көрсетілген талаптарға сай рұқсат етіледі. Ал бір жынысты неке бұған дейін де заңда қарастырылмаған және Ыстамбұл конвенциясының тікелей ықпалы болмаған. ЛГБТ өкілдері отбасылық мәселеде гетеросексуалдармен тең құқылы емес.

Әлеуметтік желідегі жазбада өшпенділік тілі қолданылған және конвенция туралы деректер бұрмаланған. Осы және басқа да мәліметті төменнен оқыңыз.

Конвенцияны кім және не үшін сынайды?

Ыстамбұл конвенциясы деп те аталатын Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен бақылау туралы конвенциясы әйелдердің құқы бұзылғанда мұны адам құқын таптау және дискриминацияның бір түрі деп, конвенцияға қосылған мемлекет мұндай жағдайда тиісті шаралар қолданбаса, жауапкершілікті өз мойнына алатыны жазылған.

2011 жылы 11 мамырда Ыстамбұлда қол қоюға ашылған конвенцияны бірінші болып Түркия 2012 жылы ратификациялады, одан соң іле-шала Грузия мен Эстонияны санағанда тағы 33 мемлекет қосылды.

Конвенция халықаралық ауқымды келісім екеніне қарамастан оны сынаушылар да жоқ емес. Олардың дені «дәстүрлі отбасы құндылықтары» мен «екі ұшты түсіндірілетін» гендер тақырыбына келіп тіреледі: «Гендер» — қоғам әйелдер мен ерлерге қолайлы деп санайтын әлеуметте қалыптасқан рөлді, мінез-құлықты, іс-әрекетті және сипаттаманы білдіреді,-деп жазылған конвенцияда.

Түркиядағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық ахуалы

Халықаралық ұйымдар Түркияның келісімнен шығуына алаңдаушылық білдірді: «БҰҰ-әйелдер» «байқалмайтын пандемия» (отбасылық зорлық-зомбылық) коронавирусқа байланысты карантин шараларының әсерінен өршіп тұрған кезде келісім күшін жоятынын айтты. Ал БҰҰ Ыстамбұл конвенциясы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған алғашқы және толық халықаралық келісім болғанын еске салды: оның негізінде БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенция стандарттары жатыр. Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Джозеп Боррелл Түркияны әйелдерді қорғау жөніндегі Ыстамбұл конвенциясынан шығу туралы шешімін қайта қарауға шақырды.

Ресми Ыстамбұлдың әйелдер құқығын жақсарту ниетін «гомосексуализмді қалыпты жағдайға айналдыруға тырысқан адамдар» бұзғанын, бұл Түркияның әлеуметтік және отбасы құндылықтарына сәйкес келмейтінін айтқан. Кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресе беретінін хабарлады.

Алайда Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ карантин жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың (әсіресе елдегі егде жастағы әйелдер мен мүгедек әйелдерге қатысты) көбейгенін айтады. Құқық қорғаушылар бүгінде қолданыстағы құралдардан бас тартпай, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу шараларын кеңейту қажет деп санайды. Оның үстіне, Түркияда гендерлік зорлық-зомбылық деңгейі пандемияға дейін де өскен. Осы тұрғыда сарапшылар үкіметті ақпаратты жинау және өңдеу әдістерін жетілдіруге, атап айтқанда әйелдерді өлтіру жағдайларын бақылайтын орган құруға шақырады.

Еске сала кетейік, Түркияда жылына жүздеген әйел кісі қолынан қаза табады. Ал 2014 жылғы зерттеуге сай, тұрмыстағы не ажырасқан әйелдердің 38%-і отбасында физикалық зорлыққа ұшырағанын хабарлаған.

Думан Терликбаев
Қазақ-Америка университетінің студенті. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.