Апталық шолу: Жануарлар мен адамдарға қатысты қылмыс статистикасы, Qazaqstan деректеріне фактчек және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz желіде тараған ақпаратарды тексерді. Сонымен қатар, “технологиялық ақпарат әлемінде” не болып жатқанын жазды. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп пе?

Қазіргі уақытта үй жануарларына жасалып жатқан аяусыз әрекеттер БАҚ-та жиі жазылып жүр. Экономика министрілігі жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп деп хабарлады. Министрлік мәлімдемесін журналист Наргиза Ерес тексерген еді.

Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке сауал жолдаған болатынбыз. Статистикалық мәліметтер министрлік айтқан мәлімдемемен сәйкес келмейді. Сондықтан бұл ақпаратқа жалған деп үкім шығардық.

Апталық шолу: Жануарлар мен адамдарға қатысты қылмыс статистикасы, Qazaqstan деректеріне фактчек және басқалары
Дереккөз: Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті

Кестеде көрсетілгендей, жануарларға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық оқиғалары адамға және мүлікке қатысты қылмыстардан бірнеше есе аз.

Qazaqstan арнасының келтірген деректеріне фактчек

13 қазанда Қазақстан ұлттық арнасы “ЕАЭО елдерінің ішінде тек Қазақстан мен Ресейде ғана жұмыссыздар саны өскені” туралы хабарлады. Сонымен бірге, басқа ақпарат бойынша деректер келтірген еді. Журналисіміз Qazaqstan арнасының келтірген деректерін тексерді.

Еуразиялық Экономикалық комиссияның мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар мен тамыз аралығында Қазақстан, Ресей және Қырғызстанда ресми тіркелген жұмыссыздар саны өскен. Ал Армения мен Беларусьте осы уақыт аралығында шынымен-ақ ресми тіркелген жұмыс іздеушілер саны аз болған. Телеарнада неліктен екені белгісіз, Қырғызстанға акцент бермеді. Сондықтан бұл мәлімдеменің үкімі — манипуляция.

АҚШ Әділет министрлігі Google-ды сотқа берді

АҚШ Әділет министрлігі антимонополия заңнамасын бұзды деген күдікпен Google компаниясын сотқа берді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, компания бәсекелестікті азайту үшін өзінің үстемдігін теріс бағытта пайдаланған.

Іс Вашингтондағы федералды сотқа жіберілді. Сонымен қатар, Google телефон өндірушілерге Google браузерлеріне әдепкі іздеу жүйесі ретінде енгізу үшін миллиардтаған доллар төлеген деп күдіктенеді. Бұған қоса 11 штаттың прокурорлары федералды үкіметтің сот ісіне қосылғаны туралы хабарланды.

Google — интернетке апаратын жол және жарнама бойынша іздеудің алыбы. Ол монополиялық билігін тыйым салынған жолдармен сақтап қалды. Мұндай әрекет бәсекелестерге зиян келтіреді.

АҚШ Бас Прокурорының орынбасары Джефф Розен.

Google Министрліктің хабарламаларына Twitter-де жауап берді:

Әділет министрлігінің сотқа шағымдануы — қате. Адамдар Google-ды мәжбүрліктен немесе альтернативті іздеу жүйесін таппағасын емес, өз қалауы бойынша пайдаланып жатыр

Google-дың жауабы

Басқа қандай материал жарияладық?

  • 22 қазаннан бастап Нұр-Сұлтанда автокөлікке тоқтауға тыйым салынған жерде тоқтағанын автоматты түрде анықтайтын “Дозор-М” жаңа жүйесі енгізілетіні хабарланды.
  • Instagram жасырын жарнама жасаған танымал адамдарды жазалайды
  • Қазақстанда 2021 жылдан бастап қамаудағы бір адамға порция мәзірінің тәуліктік нормасы 1050 теңгені құрайды. Мұндай шешім сотталғандардың тамақ мәзірін түрлендіру үшін жасалынып отыр.
  • Беларусьте NEXTA телеграм каналына жазылған адамдарды жазалау туралы шешім шығарды. Бұған дейін бұл каналды “экстремистік” деп хабарланған еді.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz