Жалған | Жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп.

Елімізде жануарларға қатысты қатыгездік оқиғалары көбейіп жатыр. Үй жануарларына жасалып жатқан аяусыз әрекеттер БАҚ-та да жазылып жүр. Экология министрілігі бұл туралы былай деген еді. Министрлік мәлімдемесін тексеріп көрейік.

жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп...

Экология министрлігі

Үкім: Жалған

Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке сауал жолдаған болатынбыз. Статистикалық мәліметтер министрлік айтқан мәлімдемемен сәйкес келмейді.

Жалған | Жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп.
Дереккөз: Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 

Кестеде көрсетілгендей, жануарларға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық оқиғалары адамға және мүлікке қатысты қылмыстардан бірнеше есе аз.

Қазақстандағы жануарларға қатысты заң

Қазақстанда жануарларға қылмыстық әрекет жасағандар ҚР ҚК 316-бабы “Жануарларға қатыгездік жасау” бойынша жауапқа тартылады. Заңнама төмендегідей:

  • Бірінші тармағы: Жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасалса,бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
  • Екінші тармағы: Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше мәрте жасалған дәл сол іс-әрекет –  екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2015-2020 жылдың қаңтар-наурызы бойынша, аталған заңмен жауапқа тартылғандар туралы ресми дерек күлкілі. Соңғы бес жылда ҚР ҚК 316-бабымен 7 адам ғана сотталған.

Бұл заң бойынша қаралған қылмыс қанша?

Жалған | Жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп.
Инфографика masa.media сайтынан алынды

Қоғам белсенділері аталған заңмен қылмыскерлерді жауапқа тарту жеткіліксіз деп санайды. Себебі жануарды қинау, оған залал келтіру, қорқыту факторлары бойынша тіркелген жағдайлар бұл заңнамамен қаралмайды. Тек өлген кезде ғана іске асады. Осы тұста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экология министрлігіне “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев: “Қазақстанда жан-жануарлардың өліміне әкеп соқтырған әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет”, – деді. Жауапты министрлік пен жануарларды қорғаушылар “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасын әзірледі. Бұл құжат қазір Үкіметтің қарауында.

Әлемде жануарлар құқығы қалай қорғалады?

Жануарларды қатыгездіктен қорғау туралы ең алғашқы заң 1822 жылы Ұлыбританияда қабылданды.

Нидерланды қаңғыбас жануарлары жоқ жалғыз мемлекет. Жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін қылмыскер 17 000 еуро төлейді және 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Германия жануарлар құқығы Конституциямен қорғалған әлемдегі алғашқы мемлекет. Заңға сәйкес косметиканы, тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмектерді сынау үшін жануарларды пайдалануға болмайды. Ал өлтірген жағдайда 25 000 еуро айыппұл салынады.

Үндістанда жануарлардың қатысуымен болатын ойын-сауық жиындарына тыйым салынған. 2009 жылдан бастап хайуанаттар бағындағы барлық пілдер елдің ұлттық парктері мен қорықтарына жіберілген.

Италияда мысықты немесе итті лақтыру оны өлтірумен тең деп есептеледі. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік бір жылға бас бостандығынан айыру және 10 мың еуро айыппұл.

Ресейде 2018 жылы “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заң қабылданды. Заңнамаға сәйкес жануарлардың төбелесін ұйымдастыруға, қаңғыбас иттерді атуға, жабайы жануарларды пәтерде ұстауға тыйым салынған. Тек ветинар дәрігердің рұқсатымен ғана өлтіруге болады.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz