21.10 | NEXTA-ға тағылған айып, астаналық жүргізушілерге қатысты жаңа жоба, АҚШ билігі Google-ды не үшін сотқа берді?

Беларусьте NEXTA Telegram арнасына жазылғандарды айыптайды

Беларусьте NEXTA телеграм каналына жазылған адамдарды жазалау туралы шешім шығарды. Бұған дейін бұл каналды “экстремистік” деп хабарланған еді.

Беларусь жоғарғы сотының баспасөз қызметі мұндай әрекет экстремистік материалдарды тарату ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.

Егер телефоныңызда NEXTA телеграм каналға тіркелгеніңіз анықталса, сонымен қатар, материалдарды бөлісіп, бір-біріне жіберсеңіздер экстремистік материалдарды таратушы болып есептелесіз. Сондықтан, бөліскен материалдарыңыздың мазмұнына сақ болыңыздар.

Баспасөз қызметі

Бұған дейін 20 қазанда Минск қаласының орталық аудандық соты NEXTA Telegram арнасын және логотипін экстремистік деп таныды. Сонымен бірге, арна жариялаған материалдарда (бейнероликтер, жазылушылардың үндеулері мен жазбалары да аталған) “экстремистік әрекеттің белгілері” анықталды.

NEXTA телеграм арнасы 9 тамызда өткен президенттік сайлаудан кейін тамыз айында басталған Беларусьтегі наразылықты белсенді түрде жариялап жатыр. Беларусьте билік басында 26 жыл отырған Александр Лукашенкоға қарсы екі айдан астам уақыт наразылық жалғасып жатыр.

АҚШ Әділет министрлігі Google-ды сотқа берді

АҚШ Әділет министрлігі антимонополия заңнамасын бұзды деген күдікпен Google компаниясын сотқа берді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, компания бәсекелестікті азайту үшін өзінің үстемдігін теріс бағытта пайдаланған. Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Іс Вашингтондағы федералды сотқа жіберілді. Сонымен қатар, Google телефон өндірушілерге Google браузерлеріне әдепкі іздеу жүйесі ретінде енгізу үшін миллиардтаған доллар төлеген деп күдіктенеді. Бұған қоса 11 штаттың прокурорлары федералды үкіметтің сот ісіне қосылғаны туралы хабарланды.

Google — интернетке апаратын жол және жарнама бойынша іздеудің алыбы. Ол монополиялық билігін тыйым салынған жолдармен сақтап қалды. Мұндай әрекет бәсекелестерге зиян келтіреді.

АҚШ Бас Прокурорының орынбасары Джефф Розен.

Google Министрліктің хабарламаларына Twitter-де жауап берді:

Әділет министрлігінің сотқа шағымдануы — қате. Адамдар Google-ды мәжбүрліктен немесе альтернативті іздеу жүйесін таппағасын емес, өз қалауы бойынша пайдаланып жатыр

Google-дың жауабы

Былтыр күзде Google компаниясы YouTube платформасында балалардың жеке мәліметі туралы келісімді бұзғаны үшін АҚШ билігіне шамамен 200 миллион доллар айыппұл төлеуге келіскен еді.

Астаналық көлік жүргізушілерді “Дозор-М” бақылайды

22 қазаннан бастап Нұр-Сұлтанда автокөлікке тоқтауға тыйым салынған жерде тоқтағанын автоматты түрде анықтайтын жаңа жүйе енгізіледі. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, көліктердің тоқтау ережелерін бұзуы, сонымен бірге, жол белгілерінің талаптарын сақтамау «Дозор-М» аппаратымен автоматты режимде анықталады.

Бұған қоса көліктер қала көшелерімен жүрген кезде, аппарат құқық бұзушылық жасаған көлік нөмірлерін тіркейді. Ал GPS⁄ГЛОНАСС көмегімен нақты орны мен уақытты да анықтайды.

Мұндай техника енгізудің негізгі міндеттерінің бірі  — полиция қызметкерлері мен жүргізушілер арасындағы байланысты болдырмау.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz