Апта шолуы: Қуантыров инфляция туралы, Мәшһүр Жүсіп Қазақстан болашағын болжаған ба?

Осы аптада Factcheck.kz редакциясы әлеуметтік желіде тараған және депутаттық сауалдағы ақпараттарды тексерді. Сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Қазақстанның жарты байлығы 162 адамның қолында” деген мәлімдемесі қаншалықты рас екенін анықтады. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Фактчек | Тоқаев: Қазақстанның жарты байлығы 162 адамға тиесілі

2022 жылғы 21 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнеспен кездесуінде Қазақстанның байлығына қатысты мәлімдеме жасады. Біз президент мәлімдемесін тексеріп көрдік.

Мәлімдеме: Халықаралық эксперттер (атап айтқанда, KPMG) Қазақстанның жарты дәулетіне 162 адам ғана иелік ететінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкім: Шындық

KPMG-дің «Қазақстандағы тікелей инвестиция нарығы» зерттеуінде Credit Suisse институты зерттеуінің деректеріне сілтеме жасап, Қазақстанда 162 адамның жағдайы 50 млн. АҚШ долларынан асатынын хабарлады. Оның бәрін қосқанда халықтың жалпы байлығының 50%-іне жуық болып шығады. Толығырақ мына сілтемеде.

«70 жыл атеизм мен 30 жыл ұры-қары» | Мәшһүр Жүсіп Қазақстан болашағын болжаған ба?

Әлеуметтік желі мен түрлі медиада Мәшһүр Жүсіптің Қазақстанның болашағына қатысты жасаған «болжамын» пайдаланушылар жиі бөліседі. Бұл бұрын тараған ақпарат еді, бірақ елдегі кейінгі саяси жағдайға байланысты «70 жыл құдайсыз қоғам болатыны, сосын 30 жыл ұры-қарылар былықтыратыны, кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайтыны» жайындағы болжам қазақ және орыс тілінде белсенді түрде қайта тарай бастады.

Үкім: Фейк

Мәшһүр Жүсіптің дәл осындай көріпкелдігі туралы айтқан беделді тарихшы не зерттеуші пікірі табылмады, ал Жүсіп Көпеевтің шөбересі бұл «болжамға» толық әрі нақты дәлел жоқ екенін жазған. Мұндай ақпаратты бөлісетін және тарататын медиа мен тұлғалар дереккөзді белгілемейді, бірақ кейде Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаевтың кітабына сілтейді. Біз дәл сол кітаптан мұндай «болжамның» тарауына себеп болуы мүмкін тіркесті таптық. Толығырақ мына сілтемеде.

Фактчек | Әлібек Қуантыров инфляция туралы

18 қаңтарда өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров инфляцияға қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz министр мәлімдемелерін тексеріп көрді. 

Өткен жылдың қыркүйегінде инфляция бір жылдың ішінде ең жоғарғы мәндерге жетті.

Әлібек Қуантыров

Үкім: Шындыққа жақын

Расымен, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың қыркүйек айында инфляция 0,4%-ке өсіп, 8,9%-ке жеткен. Төмендегі инфографикадан расымен бұл өткен жыл үшін ең жоғарғы өсім болғанын көреміз. Алайда, бұл көрсеткіш қыркүйекте ғана емес, қазан айында да сақталғаны министр ақпаратында айтылмады. Сондықтан мәлімдемеге «Шындыққа жақын» үкімін қойдық.

Басқа жарияланған материалдар:

  • Ұлыбритания коронавирусқа байланысты барлық шектеуден бас тартты ма?
  • «Қарындасымнан» харассерге дейін: «бас тарту мәдениетіне» мұқтажбыз ба?
  • Фактчек | Депутат Қапбарова жұмыссыздық туралы
  • Фактчек | Перуашев Қазақстаннан «ұрланған қаражат» туралы не айтты?
  • Жемқорлық индексінде Қазақстан позициясы нашарлады
  • Ресей Навальныйды террористер мен экстремистер тізіміне енгізді
Апта шолуының видеонұсқасы

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz