Ресей Навальныйды террористер мен экстремистер тізіміне енгізді

Ресей билігі Алексей Навальный және оның жақтастары Любовь Соболь, Георгий Албуров, Руслан Шаввединов және Вячеслав Гимадиді террористер мен экстремистер реестріне енгізді. Енді банктер оларға қызмет көрсетуді тоқтатады. Бұл туралы BBC сайты Росфинмониторинг (Федералды қаржы мониторинг қызметі) жариялаған базаға сілтеп хабарлады.

Екі апта бұрын Навальныйдың жақтасы Леонид Волков және Иван Ждановтың осы тізімге енгені хабарланған. Қазіргі уақытта Навальныйдан бөлек реестрдегі оппозиционерлер шетелде. Оларға Ресейде іздеу жарияланған.

Навальный 2021 жылы Германияда емделіп, оралған соң қамауға алынды. Ол “Ив Роше” ісі бойынша нақты мерзімде жазасын өтеу үшін колонияға жіберілді.

Контекст

  • Былтыр Мәскеу қалалық соты қамауда отырған ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный негізін қалаған «Жемқорлықпен күрес қоры» (бұрын Ресейде «шетел агенті» деп танылған) мен Навальный штабтарын «экстремистік ұйым» деп таныды. Кейін оның жақтастары қылмыстық қудалау қаупінен шетелге кетуге мәжбүр болды.
  • Росфинмониторинг реестрде 12 мың адамды тіркеген. Экстремизм және терроризмге қатысы бар екені дәлелденсе, мемлекет олардың барлық қаржы шотын бұғаттайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz