Фактчек | Перуашев Қазақстаннан «ұрланған қаражат» туралы не айтты?

19 қаңтарда ҚР мәжілісінің кезекті отырысында депутат Азат Перуашев Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа сауал жолдап, кәсіпкерлікті ынталандырудың кей тәсілдеріне тоқталып, деолигархизацияның қажет екенін  айтты. Депутаттың пікірінше, салық органдары қызметкерлері шағын және микробизнестің «өмірін» қиындатқанша, яхта мен ұшақтарын оффшорларда жасырып отырған шынайы жемқорлар мен олигархтарды ұстауы керек.  Салық органдарының жұмысын осылай жөнге келтірудің қажеттігі туралы мәлімдемесіне Азат Перуашев Қазақстаннан «ұрланған қаржы» туралы статистиканы келтірді. Біз оны тексеріп көруді жөн санадық.

Мәтінді толық түсіну үшін оның айтқанын толығырақ берейік:

Жаппай кәсіпкерлік қағаз жүзінде ғана емес, шындыққа айналуы үшін шағын бизнеске арналған кассалық салықтан бас тартып, ҚҚС шекті деңгейін төмендету керек. Біртіндеп оны жүктеме салықпен, яғни патентпен алмастыру керек. Ары қарай спикер мынадай мәлімдеме жасады:

Патенттер арқылы нағыз жемқорлар мен олигархтарды ұстап, елге халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша 160 млрд долларға тең немесе Қазақстанның бүкіл жылдық ЖІӨ-не тең ұрланған қаражатты қайтаруы тиіс салық қызметкерлерінің үлкен әскері босатылады.

Азат Перуашев

Үкім: Техникалық қателік (ақпараттың нақты берілмегені мен толық еместігіне байланысты) және манипуляция

Техникалық қателік мынада: мәліметтер ескірген. Спикер жалған сауда құжаттамасы (trade misinvoicing) ретінде тек қана IFF (Illicit Financial Flows немесе заңсыз қаржы ағындары, ЗҚА) компонентіне қатысты және 2004-2013 жж. кезеңге ғана жататын көлеңкелі қаржы жылыстауы бойынша статистиканы мысалға келтірді. Қысқаша айтқанда, жалған сауда құжаттамасының «арқасында», бір жағынан, капитал жылыстаса, екінші жағынан, мемлекетке кедендік баж бен салықтар түріндегі үлкен шығын болады.

Манипуляция мынада: Перуашев онжылдықтағы ағынның жалпы көлемін шартты жылдық ЖІӨ-мен салыстыра отырып, әсірелеп жіберді (мысалы, 2004 жылы ҚР ЖІӨ – 43,3 млрд, ал 2013 жылы – 236,6 млрд болды).

Ал енді толығырақ. Шынында Global Financial Integrity (GFI) беделді америкалық зерттеу ұйымының 2015 жылы жарық көрген «2004-2013 жылдардағы дамушы елдерден заңсыз қаржы жылыстауы» баяндамасында сол кезеңдегі Қазақстандағы IFF көлемі 167 млрд доллардан асты. Алайда, баяндаманың өзінде айтылғандай, зерттеу кедендік жүкқұжаттардағы экспорттың немесе импорттың құнын немесе көлемін бұрмалау нәтижесінде пайда болатын көлеңкелі капитал айналымына байланысты саланы ғана қамтиды. Сауда құжаттамасын бұрмалау салдарынан: ақшаны шетелге шығару, заңсыз жолмен алынған қаражатты жылыстату, салықтар мен баждарды төлеуден жалтару, оффшорлық банктік шоттарда сақталған пайданы жасыру, валютамен жасалатын операциялар кезінде ережелерді айналып өту және т.б. мүмкін болған.

Фактчек | Перуашев Қазақстаннан «ұрланған қаражат» туралы не айтты?
GFI (2015) баяндамасының скриншоты, дамушы елдердегі капиталдың көлеңкелі жылыстауы туралы ақпарат кесте түрінде көрсетілген.

Зерттеуде мұндай операциялар барлық заңсыз қаржы ағынының (ЗҚА) 83,4%-н құрайтыны жазылған. ЗҚА-ға контрабандаға, қолма-қол ақша арқылы есеп айырысуға, сатып алынған қызметтер, материалдық және материалдық емес активтер туралы жалған ақпаратқа, хавала схемасы бойынша операцияларға және бағалау мүмкін емес басқа да заңсыз қаржылық манипуляцияларға байланысты капитал кіреді, өйткені олар экономикалық деректерді талдауға болатындай тіркелмейді. Осылайша, іс жүзінде, GFI үнемі жариялап отыратын ЗҚА көлемдері дұрыс бағаланбаған.

1-ескерту. 2015 жылы жарыққа шыққан зерттеуде мына нәрселер негізге алынған: а) төлем балансындағы ағымды талдау (мемлекеттердің қаржылық есептілігінде «Қателер мен олқылықтар» деп көрсетіледі, біздің жағдайда бұл Ұлттық Банктің төлем балансы туралы есеп, бұл ретте деректер тек жанама түрде ықтимал көлеңкелі ағындарды көрсетеді) және ә) зерттелетін елдердің әрқайсысының әлемнің басқа елдерімен экспорты мен импорты туралы тіркелген ақпарат. Бірінші компонент бойынша 2004-2013 онжылдықтағы ағыс 29,6 млрд болған, ал екіншісі бойынша – 137,9 млрд. Осы екеуі қосылып 167 млрд доллардан асты деп айтылды. Сондай-ақ экспорт және импорт туралы ақпаратты талдау барысында Қазақстанға енген көлеңкелі ағымның сол кезеңдегі сомасы, болжам бойынша, (Назар аударыңыз!!!) 377 млрд доллардан асқан.

Ескерту: Кейінгі зерттеулерде 2005-2014 жылдардағы сауда ақпаратын талдаудан бастап, ары қарай GFI капиталдың көлеңкелі ағысына ғана емес, кірісіне де  назар аударып, толық жан-жақты ақпарат береді. Мәселен, 2006-2015 жылдар аралығында Қазақстан капиталдың көлеңкелі кірісі бойынша топ-30-ға кірді (16,5 млрд). Оған қоса, GFI үнемі есептеу және талдау тәсілін өзгертіп отырады. Сол себепті авторлар алдыңғы және кейінгі баяндамалардың бір кезеңдегі статистикалық деректерінде айтарлықтай айырмашылық байқалатынына баса назар аударады. Осылайша, бағалаулардың шындықты дәл көрсете алмайтынын және болжамға жақын екенін ескерген жөн.

IFF (ЗҚА) туралы ең кейінгі зерттеу

GFI-дің 2008-2017 жылдардағы, БҰҰ-ның сауда статистикасы бойынша деректер базасының ақпаратына негізделген зерттеуде Қазақстан мен оның жаһандық сауда серіктестерінің бәрімен арадағы саудадағы баға айырмашылығы 113,7 млрд долларға жуық болған (баға айырмашылығы жалпы жалған сауда құжаттамасына қатысты көлеңкелі айналымды көрсетпейді). GFI-дің 2021 жылы жарық көрген, 2009-2018 жылдардағы кезеңді қамтитын өзекті зерттеуінде бұл көрсеткіш 10 жылда 85 млрд доллардан асқан.

ЖІӨ-мен салыстыру

Спикер өз пайымдауларында 2017 жылғы ЖІӨ туралы ақпаратқа жақын деректі көрсетті, сол жылы көрсеткіш 167 млрд долларға тең болған. Алайда осы кезеңде сауда құжаттарының бұрмалануына байланысты ЗҚА-ның жалпы сомасы $8,3 млрд болды, 2013 жылы жалған сауда құжаттамасына байланысты көлеңкелі ағым $24,6 млрд, ал ЖІӨ $236,6 млрд-ты құрады. Осылайша, жалған сауда құжаттамасы сияқты компонент шеңберіндегі ЗҚА-ның жылдық көлемі жылдық ЖІӨ-нің шамамен 5-10%-ын құрайды.

Айта кеткен жөн, «халықаралық сарапшылардың бағалауынша» деген жұмбақ тіркес жылыстаған капиталға қатысты жиі қолданылады. Ал «бағалаудағы» айырмашылық айтарлықтай. Алдыңғы жылы FinReview ресурсы халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстаннан заңсыз шығарылған капитал сомасы 200 млрд долларға тең деп жазды. Сол кезеңде сенатор Ольга Поперчина, тағы да шетелдік сарапшыларға, нақтырақ айтқанда, Tax Justice Network-ке сілтеме жасап, 20 жылда оффшорлық аймақта шоғырланған 140 млрд доллар туралы мәлімдеді. Бұл туралы 2015 жылы ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті де мәлімдеген.

Ақпарат толық болу үшін айта кетейік, жоғарыда аты аталған Tax Justice Network зерттеушілерінің 2021 жылғы баяндамасында қазақстандықтардың оффшорлық байлығы 8,5 млрд доллар деп жазылған (2020 жылғы баяндамада – 14,4 млрд доллар). Оған қоса жаһандық салық салуды теріс пайдалану салдарынан мемлекет жыл сайын 212,5 млн доллардан айырылады.

Қорытынды

  • Спикер жалған сауда құжаттамасына байланысты заңсыз қаржы ағындарына (ЗҚА) жататын 2004-2013 жылдар кезеңіндегі заңсыз қаражаттың көлемін шамамен көрсетті. ЗҚА-ның бұл түрі, GFI бағалауынша, барлық көлеңкелі капиталдың 83,4%-ын құрайды. Осылайша, шын мәнінде ЗҚА көлемі әлдеқайда көп.
  • ЗҚА мен Қазақстанның ЖІӨ салыстыру шартты әрі даулы болып саналады, себебі спикер онжылдықтағы ЗҚА-ны бір жылдық ЖІӨ-мен салыстырады. Бұл салыстыруға келмейтін тәсіл.
  • Қазақстандағы көлеңкелі кіріс пен шығыс туралы ақпарат әртүрлі. Ашық дереккөздерге сүйене отырып, жалпы жағдайды тек болжауға болады.
  • Мемлекеттің шығынға батқанын дәлелдейтін оффшорлық байлық жалпы жағдайдың элементтерінің бірі ғана.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz