Фактчек | Депутат Қапбарова жұмыссыздық туралы

Қаңтардың 20-да өткен сенаттың жалпы отырысында депутат Айгүл Қапбарова елдегі жұмыссыздық, халықаралық статистика және жастар жайында бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz сенатор қашалықты рас сөйлегенін тексерді.

Сенатор сөзі (тайм-код: 42:08)

Мәлімдеме: Статистикалық мәлімет бойынша, 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі небәрі 4,9% болды, ресми статистика бүгінгі күні де сол қалпында сақталды деген дерек беріп отыр, яғни ол 450 751 жұмыссыз адам.

Айгүл Қапбарова

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының ресми ақпаратына сай, 2020 жылы Қазақстандағы жұмыссыздық көрсеткіші 4,9%-ті құраған. Ең кейінгі дерек, 2021 жылдың III тоқсанындағы ақпаратқа сай, елдегі жұмыссыздық көрсеткіші 4,9% күйінде қалып, жұмыссыздар саны 450 700 адам болған.

Алайда 2021 жылдың толық көрсеткіші әлі жарияланбағандықтан, уақыт аралығындағы көрсеткіш өзгерісін салыстыру методология тұрғысынан дұрыс емес.

Мәлімдеме: Барлық дамыған елдерде эпидемиологиялық ахуалға байланысты еңбек нарығындағы жағдай күрт құбылып, жұмыссыздық көрсеткіші 10%-дан кем болған жоқ, ал Қазақстандағы өзгеріс әрі кетсе 2%.

Айгүл Қапбарова

Үкім: Манипуляция және техникалық қате

А. Қапбарованың мәлімдемесінен бірнеше манипуляция белгісін байқауға болады. Біріншіден, ол «дамыған елдер» деп нақты мемлекетті атамайды. Екіншіден, методологияның өзгеше болу ықтималдығы болғандықтан жұмыссыздық деңгейін елдер арасында салыстыру дұрыс емес болуы мүмкін (Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының ескертуі бар). Үшіншіден, депутат айтқандай дамыған елдің көбінде жұмыссыздық көрсеткіші шектеу шаралары күшейген тұста, яғни 2020 жылы «10%-тен жоғары» болмаған. Төртіншіден, жұмыс күші әр елде түрлі болғандықтан, жұмыссыздық көрсеткіші де өзгеше болуы заңдылық.

Депутат «дамыған елдер» дегенде нақты қай елді меңзегені белгісіз, алайда мұндай тіркеске сай келетін ел ретінде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) «Экономикасы дамыған 40 ел» атты көрсеткішін алуға болады. Бұл көрсеткіште Қазақстан жоқ. ХВҚ тізімінде бар елдер мен Қазақстанның жұмыссыздық көрсеткішін бір дерек ретінде қарау қате болуы мүмкін болса да, депутат мәлімдемесіне сай салыстырып көрейік:

Статистикадан көргеніміздей, тек 3 мемлекеттің көрсеткіші 10%-тен жоғары.

Депутаттың Қазақстан туралы мәлімдемесіне келсек, бұл тұста А. Қапбарова шатасқан. Елімізде 2019-2021 жылдары аралығында жұмыссыздық көрсеткішінде 0,2% көлемінде өзгеріс болған:

Мәлімдеме: Жыл сайын жоғарғы оқу орындарын бітірген жастардың жаңа өндірістердің болмауына байланысты жұмысқа орналасу проблемалары сақталуда. Мәселен, 2018-2020 жылдары оның деңгейі 76%-дан 68-ге дейін төмендеген.

Айгүл Қапбарова

Үкім: Шындыққа жақын

Білім және ғылым министрлігінің бізге ұсынған ақпаратына сай, 2018-2020 жылдар аралығында расымен түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмендеген. Алайда сандар депутат айтқандай емес, келесідей:

Думан Терликбаев
Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы. Қазақ-Америка университетінде журналистика мамандығын оқыған. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.