Жолдауға фактчек | Дәрігерлер мен мұғалімдер айлығы өсті ме?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жолдау жариялады. Мәлімдеме барысында ол бірнеше әлеуметтік-экономикалық мәселелерге де тоқталды. Factcheck.kz дәстүрлі түрде Тоқаевтың сөздері қаншалықты рас екенін тексеріп, нәтижесін ұсынады.

Мәлімдеме: Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2020 жылы Қазақстанда бастауыш сыныптарға білім беретін мұғалімнің жалақысы 134 891 теңге, ал орта білім беретін мұғалімнің жалақысы 185 271 теңге болған. Бұл көрсетіштер тиісінше 2023 жылдың 2-тоқсанында 268 288 теңгеге (1,9 есеге өскен) және 376 911 (2 есеге өскен) теңгеге жеткен. 

Мәлімдеме: Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

2022 жылғы жұмысын қорытындылаған Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ке өскенін, яғни 416 мың теңге болғанын хабарлады. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда айлық жалақының орташа мәні 309 867 теңге болған, яғни Тоқаев сөзі рас. Бұдан бөлек, министрлік ақпаратына сай, орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20%-ке, яғни 208 мың теңге болды. 

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz