Жануарлар жер сілкінісін болжай ала ма?

23 қаңтарда Алматы, Шымкент пен Қазақстанның басқа да қалаларында болған жер сілкінісінен кейін қазақстандықтар жер асты дүмпуінің алдында біртүрлі әрекет еткен үй жануарлары туралы айта бастады (1, 2). Желіде жыландардың інінен шыққан видеосы пайда болды. Пост астына пікір жазып, жануарлардың жер сілкінісін алдын ала сезетініне сенімді желі қолданушылары да бар.

2023 жылы болған аса қуатты жер сілкінісінен кейін мұндай оқиғалар болды деген Түркия мен Сирияның да тұрғындары бар (1, 2, 3). Ал мұндай тұжырымдардың ең көнесі – б.з.д. 373 жылы жазылған. Римдік автор Элиан Грекиядағы Геликос қаласын тас-талқан қылған жер сілкінісінен бұрын сасық күзен, тышқан, жылан мен қырықаяқтардың қаланы тастап қашқанын сипаттап жазған.

Мұндай мысалдардың ең сенімдісі – 1975 жылы болған оқиға. Қытайдың Хайчен уезінде жыландар мен егеуқұйрықтар жаппай інінен шыққанын байқаған тұрғындар жер сілкінісінің алдын алып,  қала тұрғындарын эвакуациялап, апаттан аман қалған.

Нәтижесінде магнитудасы 7,3 балл жер асты дүмпуі кезінде бірнеше адам ғана зардап шеккен, ал 150 мың тұрғын аман қалған. Бірақ жануарлардың әрекеті расымен апаттың алдындағы дүрбелең деуге келсе де, биліктің мұндай шешімге келуіне жануарлар емес, форшоктардың, яғни, қуатты жер сілкінісі алдында болатын әлсіз дүмпулер сериясы себеп болған.

Дегенмен жануарлардың жер сілкінісін болжай алатыны туралы тұжырым халық арасында кең тараған. Ғаламторда бұл туралы БАҚ беттерінде (1, 2) және әлеуметтік желіде (1, 2) көп материал табуға болады.

Factcheck.kz редакциясы ғылыми тұрғыда жануарлардың біртүрлі әрекеті жер сілкінісін болжай ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздеуді жөн санап отыр.

Үкім: Дәлелденбеген

Дәл қазір жануарлардың жер сілкінісін дәл таба алатынын дәлелдейтін ауқымды, сапалы зерттеулер жоқ. Расында кейбір жануарлар кейбір тектоникалық белсенділікті сезеді, бірақ ғылымда бар сапалы деректер бірен-саран жануарлардың түрін зерттеу арқылы алынған және зерттеушілердің өзі шешімді дөп басып айта алмай отыр.

Апаттың куәгерлерінің оқиғаларына келсек, жануарлар жер сілкінісі алдында әртүрлі әрекет ететіні белгілі. Мысалы, Instagram-дағы жазбаны алайық, Алматыдағы жануарлар үйінде алдын ала сезбек тұрмақ, жер сілкінісінің өзін сезбей, мысықтар ұйықтап жатқан.

Сондай-ақ үй жануарларының дәл осындай әрекетін осы және басқа да, оның ішінде Factcheck.kz-тің постының астына жазған желі қолданушылары да баршылық. Сондықтан біз жер сілкінісін болжау үшін жануарлардың әрекетін бағып отыруға кеңес бермейміз.

Дегенмен бұл – жануарыңыз өзін біртүрлі ұстаса, оның әрекетіне мән бермеу керек деген сөз емес.

Анық-қанығы

Жануарлардың жер сілкінісін болжай алатын қабілеті туралы хабарламаның бәрі дерлік бір дереккөзден – оқиға куәгерлері құстар, жануарлар мен жәндіктердің «біртүрлі әрекеті» туралы жазады.

Дегенмен біртүрлі деген түсініктің өзі сағымданып кеткен: кейбір жануарлар әрлі-берлі қозғалысқа түсіп, дауыс шығарады, кейбірі, керісінше, қатып қалады. Одан бөлек мұндай оқиғаның куәгерлері ретроспективті баға береді және жануардың әрекетіне жер сілкінісі себеп болды ма, әлде басқа себебі бар ма, түсініксіз.

2018 жылы Америкалық сейсмология қоғамында жарық көрген мақалада 160 жер сілкінісі кезінде 130 түрлі жануардың біртүрлі әрекетіне куә болған 700 оқиғаны талдайды. Мақала авторлары бұл деректер жануарлардың жер сілкінісін сезетінін растауға, не болмаса теріске шығаруға жетпейді деген шешімге келген.

Ғалымдардың айтуында, форшоктар сериясы мен жануарлардың әрекеті көбіне сәйкесіп жатады, бұдан шығатын нәтиже – жануарлар жер сілкінісін алдын ала болжамайды, керісінше болып жатқан жер асты дүмпуін сезеді, яғни, жер асты дүмпуін тіркейтін сейсмологиялық станциялардағы құрылғылар сияқты.

2016-2017 жылдары Италияның сейсмобелсенді аймағында жануарлардың жер сілкінісін болжау қабілетін зерттеген. Макс Планк Институтының ғалымдары алты сиыр, бес қой мен екі итке қабылдағыш іліп, 18 мың жер асты дүмпуі кезінде жануарлардың әрекетіне талдау жасаған.

Нәтижесінде аймақта болған күштірек сегіз жер асты дүмпуінің жетеуінде жер сілкінісінен 45 минут бұрын жануарлар «біртүрлі белсенді» болғаны анықталған. Дегенмен жануарлардың аз болғаны және ғалымдардың жер сілкінісі алдында жануарларға дәл не әсер еткені белгісіз қалғаны бізге дәл шешім шығаруға жеткіліксіз. Зерттеу авторлары осы кезеңдегі нәтижені жер сілкінісін болжауда қолдануға болмайды деген шешімге келген.

Жер сілкінісін сезуге мүмкіндік беретін механизмдер

Жануарлардың сейсмосезімталдығына әсер ететін факторлар туралы көптеген болжам айтылып жүр.

Ұлыбритания ғалымдары Италияның Аквил қаласында болған жер сілкінісі алдында бақалардың жаппай судан шығып кеткенін бақылап, жануарларға судың құрамы өзгергені әсер етуі мүмкін деген болжам жасаған.

Жер қыртысындағы тау жыныстарын қысу нәтижесінде, жер асты суына зарядталған бөлшектер – иондар түсуі мүмкін, олар судағы органикалық заттармен әрекет етіп, тірі ағзаға қауіпті улы затқа айналдырады. Қосмекенділер судың химиялық құрамын жақсы сезеді, сондықтан қорек орнын тастап шығып, жер сілкінісі аяқталғаннан кейін бірнеше күннен соң қайтып оралады, яғни, сол уақыт аралығында иондардың концентрациясы азаюуы мүмкін.

Жануарлардың әрекетіне әсер ететін басқа да факторлар болуы мүмкін:

  • Дене арқылы сезімталдық, жануарлар бұл арқылы жердегі аз ғана толқынды сезе алуы, Р-толқындар деп аталатын жер сілкінісі кезінде бірінші тарайтын толқынды сезуі;
  • Электромагнитті толқындарды сезуі, бұның толқуы – жер сілкінісінің алдында болады;
  • Иіс сезудің күштілігі, бұл дегеніміз жер сілкінісі кезінде радон және көмірқышқыл газы секілді жер асты газдарының шыққанын сезіп үлгеруі.

Дегенмен, дәл қазір осылардың жануарларға әсер ететіні туралы нақты ғылыми зерттеу жоқ.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz