Украинаға басып кіргелі Ресей нарығынан қанша шетелдік компания кетті?

Ресейдің Украинаға басып кіруі ー шетелдік компаниялардың ресейлік нарықтан кетуіне түрткі болды. Кейбір компаниялар алдымен уақытша шаралар қабылдаса, кейін инвесторлар мен тұтынушылардың қысымынан инвестицияларын қысқартып, дүкендерін жауып, бизнесін тоқтатты. Factcheck.kz Ресейге салынған санкциялар мен оның әсерінен қызметін тоқтатқан кәсіпорындарға қатысты ақпаратты талдады.

Ресейге салынған санкциялар

Ресей Украинаға соғыс ашқалы ел экономикасы Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді елдер тарапынан бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық қысымға ұшырады.

2014 жылғы Донбастағы қарулы қақтығыстан кейінгі кезеңмен салыстырғанда 2022 жылғы 22 ақпаннан кейін Ресейге салынған санкциялар саны да көп, ауқымы да кең. Екі кезеңнің айырмашылығы төмендегі диаграммада:

Украинаға басып кіргелі Ресей нарығынан қанша шетелдік компания кетті?
Ресейге 2014 жылдан бастап (көк) және 2022 жылдың 22 ақпанынан кейін (қара) салынған санкциялардың жалпы саны (2022 жылдың 15 тамызындағы жағдай бойынша)
Дереккөз: Statista.com

Мәселен, санкциялардың әсерінен 9 мың адамды жұмыспен қамтыған, әрі Zara Home, Massimo Dutti, Bershka, Oysho, Pull & Bear, Stradivarius, Uterqüe желісі қарасты испандық Inditex елдегі 502 сауда орнын жауып, онлайн сауданы тоқтатты. 18 шілдеде киім, аяқ киім және аксессуарларды сату бойынша екінші орында тұрған швед бренді H&M Group Ресейден толық кеткелі жатқанын хабарлады. Бұдан бөлек, сатушы, менежер, логист, PR маманы, т.б. қызметкерлер табыс көзінін айырылды: 60 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған McDonald’s 850 асханасын жапқан.

Жалпы, Ресейдегі шетелдік бизнестің негізгі бөлігін сауда, киім, тұрмыстық техника сату, азық-түлік, қоғамдық тамақтану құрайды. Одан кейін машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика тұр. Осындай салалық үлес Ресейде өз қызметін шектеген компаниялар арасында байқалады.

Ресей нарығынан қанша компания кетті?

Соғыс басталғалы Ресейдегі шетелдік компаниялардың қызметін бақылап келе жатқан Йель университетінің зерттеушілері 1 385 компанияның 1 000-нан астамы қызметін тоқтатқанын немесе нарықтан толық кеткенін мәлімдеген.

Зерттеу үшін ресми құжаттар, салық құжаттары, компания мәлімдемелері, қаржылық есептер; Bloomberg, FactSet, MSCI, S&P Capital IQ, Thomson Reuters cекілді 166 елдің іскерлік медиа мәліметтері қолданылған. Авторлар жалпыға қолжетімді емес дереккөздер — 150-ден астам компания инсайдерлерінің мәліметіне жүгінгенін жазады.

Зерттеуде A-B-C-D-F шкалалары қолданылды. Әр шкала не білдіретінін және жалпы статистиканы төмендегені инфографикадан көре аласыз.

Ал төмендегі диаграммада Ресейден кеткен компаниялар мемлекет және салаларға байланысты бөлінген.

Украинаға басып кіргелі Ресей нарығынан қанша шетелдік компания кетті?
Ресейдегі қызметін толық тоқтатқан компаниялар, ел мен сала бойынша |
Дереккөз: Yale CELI List of Companies Leaving and Staying in Russia

Украина мәліметтері

Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба биылғы мамырдағы сұхбатында РФ агрессиясының салдарынан Ресейдегі 1 439 шетелдік компания нарықтан толық кеткенін не жұмысын тоқтатқанын айтты. Кулебаның сөзінше, «ештеңе болмағандай кейіп танытып», 580 компания жұмысын жалғастырып жатыр.

Кейінгі деректерге тоқталсақ, Киев экономика мектебі Ресейде анықталған 2 496 компанияның (21 тамыздағы жағдай бойынша), 1 131-і нарықтан кету үшін шаралар қолданып жатқанын, 749-ы бизнесін жалғастырғанын, 478-i қызметін уақытша тоқтатқанын, ал 48 компанияның толық кеткенін хабарлады (қалған 90 компанияға қатысты дерек әзірге тіркелмеген). Толық ақпарат төмендегі инфографикада:

Украинаға басып кіргелі Ресей нарығынан қанша шетелдік компания кетті?
Киев экономика мектебінің дерегі

Бұдан бөлек, Киев экономика мектебі Ресейде жұмыс істеген немесе жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың былтырғы жылғы кірісі, капиталы және төлеген салығына байланысты ақпарат берген.

Ресей елден кеткен шетелдік компаниялар туралы не дейді?

4 шілдеде Ресей Федерациясының Индустрия және сауда министрі Денис Мантуров ел нарығында 25 мың шетелдік компания тіркелгенін, оның 150-і нарықтан кеткенін мәлімдеді.

«Стратегиялық зерттеулер орталығының» (кеңес төрағасы — Ресей Экономикалық даму министрлігінің басшысы Максим Решетников) маусымда жариялаған баяндамасына сай, 5 мыңнан астам шетелдік компания Ресеймен тікелей жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ел нарығына 30 мыңнан астам шетелдік компания өз өнімін жеткізеді. Соның ішінде:

  • Баяндамадағы диаграммаға сай (6-бет), шетелдік компаниялардың жалпы санының 43%-i жұмысын тоқтатты; 44%-i ішінара тоқтатты; 11%-i нарықтан кетті; 2%-i кетуді жоспарлап отыр.
  • Баяндамадағы кестеге сәйкес (4-бет), 600 ірі шетелдік кәсіпорынның (кірісі 5,7 млрд рубльден асатындар) 21%-i (126) бизнесін тоқтатса, 46%-i (276 кәсіпорын) жұмысын белгілі бір дәрежеде тоқтатқан. 30-ға жуығы нарықтан толық кеткен немесе кетуді жоспарлап отыр. Қалған 168 компанияға қатысты баяндамада ақпарат жоқ.
  • Ресейден түпкілікті кету туралы 90-ға жуық компания мәлімдеген. Оның ішіндегі консалтиң және IT компаниялары ресейлік бөлімшені жауып, қызметкерлердің бір бөлігін басқа елдерге көшірген.

Орталық дерегінше, ірі компаниялар үшін Ресей нарығы салыстырмалы түрде “тар” болғандықтан, олар нарықтан “оңай” кете алады. Ал Ресейдегі бизнесі кірістің айтарлықтай көп бөлігін құрайтын кәсіпорындар сұраныс пен ұсыныстың “жаңа талабына” бейімделе отырып, нарықтағы жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ, баяндама авторлары мұның Ресейге көршілес елдердің (Польша, Чехия, Финляндия, Венгрия және т.б.) орта бизнесіне қатысты екенін жазады.

Ал компаниялар кету себебін санкциялар, рубльдің құбылмалылығы, логистикалық проблемалар және шикізат тапшылығы әсерінен деп түсіндірген.

Оқи отырыңыз:

  • 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев “Ресейдегі 1400-ге жуық ірі шетел компанияларының әрбір екіншісі өз қызметін тоқтатты немесе ресейлік нарықтан толық кетті” деп мәлімдеді. Factcheck.kz президент сөзі қаншалықты рас екенін осында тексерді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz