Тоқаев табыстың өсуі мен инфляция туралы қаншалықты рас сөйледі?

14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық көрсеткіштеріне қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz президент мәлімдемелері ішіндегі маңыздыларын теріп, қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтады.

Мәлімдеме: Күрделі геосаяси сын-қатерге қарамастан, еліміз бір қалыпты дамып келеді. Мұны жарты жылдық нәтижеден көріп отырмыз. Экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын және дәлелденбеген

Не үшін шындыққа жақын: Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 2022 жылғы қаңтар-маусымында 4,5%-ке өскен (өткен жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда). Бұл Тоқаев келтірген деректен де көп.

Неге дәлелденбеген: Экономиканың “нақты секторына” қатысты статистика табылмады. Бұл өндірістің бірнеше түрін біріктіретін (Қазақстанда статистикасы жеке-жеке жүргізілетін), көбіне бұқаралық тұлғалар пайдаланатын ұғым.

Алайда бұл секторда да өсім жоқ деуге келмейді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылдың алғашқы 5 айын қорытындылап, нақты сектордағы өсім 4,8% болғанын айтқан. Алты ай көрсеткіші табылмады.

Жалпы, алты ай қорытындысы бойынша, барлық өнеркәсіптегі өсім 3,5%.

Мәлімдеме: Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Дегенмен, инфляция да бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің инфляциясы расымен бір жыл ішінде (2021 жылдың маусымынан 2022 жылдың маусымы аралығында) 14,5%-ке өскен. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың желтоқсанында (бір жылда) 13,6%-ке өсті.

Мәлімдеме: Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық және дәлелденбеген

Несі шын: Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, азық-түлік бір жыл ішінде (2022 жылдың маусымында) 19,2%-ке, азық-түлік емес тауарлар 13,2%-ке өскен.

Неге дәлелденбеген: Тоқаев қандай көрсеткішке сүйеніп азық-түлікті “80%-ке қымбаттады” дегені және қай уақыт аралығын меңзегені белгісіз. Бұл көрсеткіш әдетте инфляциямен есептеледі және президент айтқандай көрсеткіш табылмады.

Мәлімдеме: Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2021 жылы халықтың нақты табысы 2020 жылға қарағанда 5,1%-ке өскені рас.

Бұл туралы экономист Мақсат Халықтан пікір сұрап көрген едік. Ол былай дейді:

Жалпы халықтың табысында белгілі бір деңгейде өсім бар. Бірақ та табыстың өзі бөлінеді, атаулы табыс бар және нақты табыс бар. Атаулы табыс дегеніміз – ол жаңағы атап айтылатын нақты табыстың көлемі. Ал нақты табыс дегеніміз – жылдағы өткен инфляциямен есептелінеді, яғни инфляцияны алып тастағаннан кейін нақты табыс қаншалықты өсті. Соңғы жылдары инфляция көбейіп бара жатыр, яғни инфляциядан нақты табыс аса алмай тұр. Халықтың табысы ұлғайып келе жатыр, алайда ол инфляцияны жете алмай келе жатыр деген сөз.

Мақсат Халық, экономист

Мәлімдеме: Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Техникалық қате

Тоқаевтың бұл тұста халықтың нақты табысы туралы сөз қозғап, орташа табыс тақырыбына ауытқып кеткені байқалады. Толығырақ төменде:

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, халықтың нақты ақшалай табыс индексі бойынша расымен де Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары Республика бойынша орташа табыс деңгейіне жетпеді. Ал егер Тоқаев айтқандай атаулы табыс көлемімен қарайтаны болсақ, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары Республикалық табыстың орташа деңгейінен жоғары.

Мәлімдеме: Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, мамыр айында елімізде азаматтардың нақты табыс индексі 2,9% жетпей қалды. Дегенмен сәуір айында да нақты ақшалай табыс 2,7%-ке азайғанын айта кету керек.

Мәлімдеме: Ресейдегі 1400-ге жуық ірі шетел компанияларының әрбір екіншісі өз қызметін тоқтатты немесе ресейлік нарықтан толық кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Ашық деректерде Ресейде қанша ірі шетелдік компания жұмыс істегені және олардың қаншасы жұмысын тоқтатқаны немесе нарықтан кеткені туралы ақпарат әртүрлі. «Ірі компания» анықтамасы да контекстке байланысты өзгеруі мүмкін. Тоқаев келтірген мәлімет ашық дереккөздерден табылмады. Сондықтан біз үкімді “Дәлелденбеген” деп қалдырдық.

Мәселен, Ресей Экономикалық даму министрлігінің басшысына қарасты “Стратегиялық зерттеулер орталығының” маусымда жарияланған баяндамасына сай, “Ресейде барлығы 5000-нан аса шетелдік компания бар, оның ішіндегі 600 ірі кәсіпорынның 120-дан көбі Ресейдегі қызметін тоқтатып, 30-ға жуығы Ресейден толық кеткен немесе кетуді жоспарлап отыр”.

Киев экономика мектебі Ресейде анықталған 2399 шетелдік компания, ұйым және олардың брендтерінің 724-і қызметін тоқтатқанын, 387-сі өз қызметін тоқтату сатысында екенін, ал 44-і бизнесті толық жабылғанын хабарлады. Осы 1155 компанияның 55-і Fortune Global 500 тізімінде, ал 50-і табысы бойынша Ресейдегі 100 үздік компанияның қатарына кіреді.

Украинадағы соғыс басталғалы Ресейдегі шетелдік компаниялардың қызметін бақылайтын Йель университетінің зерттеушілері анықталған 1373 компанияның 1000-нан астамы Ресейдегі қызметін белгілі бір дәрежеде тоқтатқанын немесе нарықтан толық кеткенін мәлімдеді. Зерттеуде A-B-C-D-F шкалалары қолданылды. 2022 жылдың 19 шілдесіндегі жағдай бойынша, барлық дерлік бизнес операцияларын қысқартқан (В шкаласы) немесе нарықтан толық кеткен (А шкаласы) компаниялар саны — 803. Авторлардың жазуынша, тізім әлі толықтырылады.

Factcheck.kz