Пікір | Фактчекиң жасау қиындайтын жағдайлар

Ресейлік тәуелсіз журналист Денис Ермаков әскери шиеленістер кезінде ресми тұлғалардың мәлімдемелерін тексерудің қиындықтары туралы пікір білдірді.

Қазіргі саяси, әсіресе әскери-саяси ақпараттық тәжірибеде дәлелдеуге және тексеруге келе бермейтін мәлімдемелер жиі айтылады. Қалай болғанда да, оларды дәл сол сәтте тексеру мүмкін болмайды. Саясаткерлер соны түсініп, бейтарап ақпарат жеткізуді емес, эмоцияға әсер ету немесе ашық қысым көрсетіп, саудаласу, адастыру мақсатын көздейді. 

Мұндай мәлімдемелер Ресей саясатында жиі кездеседі. РФ президенті Владимир Путин Украинадағы «арнайы операция» қарсаңында, 2022 жылғы 23 ақпанда үстем екенін дәлелдеу үшін болар, «әскери кезекшілікке әлемде теңдесі жоқ қару жеткізілгенін» хабарлады. Желтоқсанда Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, РФ бұрынғы президенті Дмитрий Медведев «Жоятын қуатты қарулардың өндірісін арттырып жатырмыз. Олардың арасында жаңа принциптерге негізделгендері де бар» деді

«Әлемде теңдесі жоқ қару» мен «жоятын қуатты қару-жарақ» деген не? «Жаңа принциптер» деген ше? Жұмбақ. 

Ақша мен оқ есепті сүйеді

Бір қызығы, мұндай мәлімдемелерді, тіпті, жаңа техниканың үлгілерін көру арқылы да дәлелдеу мүмкін емес. Бірде ресейлік әскери шолушы Александр Гольц «Қарудың қанша данасы бар?», «Әскери өнеркәсіптің шамасы оны жаппай өндіруге жете ме?» деген сұрақтарды қою маңызды екенін ескерткені бар еді

Санның мәні өте зор: мысалы, Путин бірнеше рет айтқан жоғары дыбысты зымырандар бірнеше дана болса, олар елдің әскери потенциалын айтарлықтай арттыра алмайды. Сондықтан іс жүзінде рас болған мәлімдемелердің өзі санын ескерген жағдайда жалған болып шығуы мүмкін. 

Кейінгі кездері Ресей мемлекеттік баспасөз құралдары мен билік өкілдерінің хабарламаларында «Авангард», «Кинжал» кешендері мен «Циркон» зымырандары туралы жиі айтылады. Бірақ РФ қарулы күштерінің Украинада «Кинжал» кешенін жоғары дыбысты аэробаллистикалық зымырандармен қолдануы тек демонстрация сипатында болды. Яғни, олар «Батыс әріптестеріне» көрсетуді көздеді. Украинаның азаматтық инфрақұрылымының көбі қарапайым зымырандардың шабуылынан зардап шекті. 

«Өтірік, арсыз өтірік және…» геосаясат

Путин «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысында, 2022 жылғы 27 қазанда АҚШ-тың гипердыбыстық қару жағынан әзірге Ресейді басып оза алмағанын, бірақ жуырда жетіп алатынын айтты. Бұл уақытша көзірді Кремль Вашингтонды өзіне ыңғайлы келісімге келуге итермелеу үшін қолдануға тырысады. Олар НАТО Американың қарулы жүйесін Шығыс Еуропа жерінде орналастырмай соған жеткісі келеді. «Осы мәселеге қатысты біреу бізбен диалогқа келгісі келсе, біз дайынбыз» деп мәлімдеді РФ президенті. 

Бірақ әзірге әңгіме жүрмей жатқанға ұқсайды. Әлде Америка Ақ үйдің үрейін сейілте алатын қандай да бір «фактчекиң» амалын тапты ма екен? Әлде, спикерлердің сөзіне қарасақ, Кремль «қауіпсіздік кепіліне» қатысты келіссөз жүргізуге тырысатын сыңайлы. 2021 жылдың аяғында Мәскеу Батыстан соны талап етіп, Украинаға басқыншылықтың қағаз жүзіндегі себептерінің бірі ретінде атаған еді. Енді оған басып алған жерлерді сақтап қалу шарты қосылды. Киев, Вашингтон мен Брюссель үшін мұның мүмкін емес екені түсінікті. 

«Азаттық радиосының» Орыс қызметіне берген сұхбатында гипердыбыстық қару жөніндегі ресейлік сарапшылардың бірі, Әлем экономикасы және халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Дмитрий Стефанович айтқандай, Американың тиісті жүйелері Еуропада 2023 жыл бойы ішінара, ал 2024-2025 жылдары толықтай орналастырылуы мүмкін. АҚШ тек жерүсті кешендерін ғана жасап жатқан жоқ. 9 желтоқсанда Пентагон алғаш рет Тынық мұхитында гипердыбысты әуе зымыранының прототипін сәтті сынақтан өткізгенін мәлімдеді

«Ала-құла» фактчекиң

Украина қарулы күштерінен бірнеше рет жеңілген соң, Мәскеу «территория тұтастығына қауіп төнген жағдайда» тактикалық ядролық қару қолдану мүмкіндігін айта бастады. Оған жауап ретінде АҚШ «ядролық бопсалауға» жол бермейтінін, ал жария емес каналдар арқылы Украинада ядролық қару қолданылса, Ресейдің әскери объектілеріне соққы жасайтынын айтты.

Бұл «дуэльдің» жалғасы ретінде Путин 9 желтоқсанда Бішкекте өткен ЕАЭО саммитінің қорытынды баспасөз конференциясында Ресей гипердыбыстық жүйелер арқылы шабуылға жауап беру үшін ядролық стратегиясын өзгертетінін айтып сес көрсетті

Осылайша, Путиннің жаңа «вундервафф» туралы мәлімдемелерін Ресей-Украина шиеленісі, Кремль мен Батыстың пікірталастарынан бөліп талдау мүмкін емес. 

Фактчекиң туралы айтсақ, ірі әскери шиеленіс кезінде шытынап тұрған үлкен «геосаяси мұзға» аяқ басамыз. Әскери жеңіліс тапқан какистократия статусына сай өзін сақтап қалу әдеттеріне барады. Ол қадам қауіпті, келешегі бұлыңғыр болады және оны тексеру мүмкіндігі де азая береді, себебі қатты күйзеліс кезінде репрессиялы жүйе риторикасын барынша тікенмен қоршап тастайды. 

Ғылыми-техникалық және өндіріс потенциалын ашық дереккөздер арқылы тексеру немесе жүргізілген сынақтар туралы бейтарап ақпаратқа қол жеткізу, тәуелсіз сарапшылар бағасымен танысу мүмкін емес жағдайда жетеді.

Ал мұның бәрі сәтті жүзеге асырылған күннің өзінде, РФ қылмыстық заңын ескерсек, көп жылға түрмеге түсуге де болады. Мұның себебі – авторитар және клептократиялық жүйеде «мемлекеттік құпия» қандай да бір «құпияның» саны мен сапасы емес, бірдеңенің болу-болмауын білдіреді, басқаша айтсақ, өзінің біліксіздігі мен тиімсіздігін жасыруды көздейді..

Манипуляцияға қарсы фильтр

Фактчекиң жасаудың қиындығына қатысты тағы бір мысал 2022 жылғы желтоқсанның басында АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остиннің мәлімдемесінде болды. 

B-21 Raider стратегиялық бомбалаушы туралы айтқан министр «оны жасау жарты ғасырға созылған зерттеулер мен әртүрлі салалардағы жетістіктердің, оның ішінде басқа елдер аз көңіл бөлген мәселелердің нәтижесі» деді. Остиннің сөзінше, «Ең мінсіз әуе қорғанысы жүйесінің өзі B-21-ді әуеде анықтай алмайды, ал «ұшақ конструкциясы әлі жасалмаған қару-жарақты тасуды көздейді». Америкалық инженерлер мұны «ашық типтегі архитектура жүйесі» деп атайды. 

Жасалмаған қаруды қолдану мүмкіндігін қалай болжауға болады? Оның сипаттамасын қалай дәлелдейсің? Белгісіз. 

Десе де, мұндай хабарламалардың дәлелді екенін бағалауға келгенде оқырман мүлдем қорғансыз емес. Әскери-саяси салаға қатысты мәлімдемелерге жасалған дәстүрлі фактчекиң мүмкін болмаса, жалпы принциптерді ескере отырып оның дұрыстығын бағалауға болады. 

Мәлімдемені авторитар я демократиялы елдердің өкілі жасағанына және қандай контекстіде сөйлегеніне назар аударудың мәні зор. Демократиялы елдердің ресми өкілдері мәлімдеме жасаған жағдайда оны көбіне дәлелді деп айтуға болады, себебі бұл партиялар арасында бәсеке орнаған, баспасөзі тәуелсіз және бюджет процестері ашық жасалатын плюралистік қоғам саналады. Онда ашық пропагандалық өтірікке жол берілмейді. 

Әрине, үнемі солай бола бермейді. Бірақ демократиялы елдердегі лауазымды тұлғалардың мәлімдемелерінде дәлелділікке ұмтылыс байқалады. 

Біз жоғарыда айтқан контекст 2001 жылғы 11 қыркүйек күнгі шабуылдан кейінгі Америка демократиясының қатты толқуға тап болғанына байланысты маңызды. Ол кезде құқық пен бостандыққа емес, қауіпсіздікке басымдық берілді. Мұндай жағдайда ресми тұлғалардың тарапынан дәлелсіз мәлімдеменің көп болу қаупі бар. Бірақ болашақта мұның олар үшін немесе олардың партиясы үшін ұзақмерзімді кері саяси салдары болатынын ұмытпаған жөн. Ал авторитар қоғамда «саяси элиталарды» қатесі үшін не сайлау арқылы, не сот немесе қандай да бір заңды процесс арқылы жауапқа тарту мүмкін емес.

Қазір Батыс әлемі әртүрлі мақсатта, әртүрлі жетістік деңгейі бойынша әлемнің әртүрлі бұрышында әскери-саяси шиеленіс тудырған автократия тарапынан төнген қатерге тап болды: Украина, Оңтүстік Кавказ, Эгей теңізі, Сирия, Таяу Восток, Африка, Шығыс-Қытай жәнеОңтүстік-Қытай теңізі. Бұл қарулану жарысындағы әскери шенеуніктерді ескермегенде, Батыс саясаткерлерінің мәлімдемесіне әсер етпей қоймайды. Кейінгі бірнеше жылда Ресей мен Қытайдың гипердыбыстық қару жасауда АҚШ-ты басып озғанын айтпаған адам жоқ шығар. Мұның жай ғана сөз емес екені түсінікті, бірақ сонда да оны әскери жоспардың дәстүрлі логикасы тұрғысынан қабылдау керек. 

Десе де, авторитар елдердің жағдайында ашық саяси бәсеке, тиімді қоғамдық пікір, сайлау мен баспасөз еркіндігі болмаған жағдайда, басшылық қоғам пікірін жиі манипуляциялайды.

Бұл тексеру мүмкін болмаған соң, ресми тұлғалардың әскери-саяси мәселелердегі мәлімдемелерін назарға алмау керек дегенді білдірмейді. Оны оқу керек, оның дәлелділігін түсінуге тырысу керек. Бірақ сонда да оларды оқырмандарға ақпараттың ерекше түрі деп бөліп, дәстүрлі фактчекиңге тән мәлімдемелермен араластырмай ұсынған жөн. 

Factcheck.kz