Қ. Исаның жылқы мен шошқаға бөлінетін ақша туралы сөзі рас па?

Қаңтардың соңында өткен мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса мал шаруашылығына бөлінетін субсидия жайлы сөз қозғап, депутат сауалын жолдады. Депутаттың айтуынша, жылқыға мардымды субсидия бөлінбейді, ал шошқа шаруашылығына жылқыдан қарағанда 40 еседей көп бөлінеді. Factcheck.kz депутаттың келтірген дерегін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:54:56

Мәлімдеме: 2023 жылы – жылқы шаруашылығына бар болғаны 52,9 млн. теңге бөлінсе, шошқа шаруашылығына – 2,1 млрд. теңге бөлінген, яғни, 40 еседей көп.

Қазыбек Иса, мәжіліс депутаты

Үкім: Жалған

Ашық дереккөздерінен ақпарат таппаған соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал жолдадық. Жауапқа сәйкес, 2023 жылы жалпы мал шаруашылығына 147 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде жылқы шаруашылығына 2,1 млрд, шошқа шаруашылығына 1,6 млрд теңге субсидия бөлінген. Яғни депутаттың мәлімдемесі түбегейлі жалған.

Жалпы кейінгі 6 жылда тек 2018 және 2019 жылдары ғана жылқыға қарағанда шошқа шаруашылығына көп субсидия бөлінген. Бірақ депутат айтқандай “40 еседей” емес, ең көп деген 2019 жылы 1 млрд артығырақ бөлінген. Толығырақ төмендегі инфографикадан көре аласыздар.

Біз осыған дейін де шошқа мен жылқыға бөлінетен субсидия мәселесін жазған едік. Ол жерде Мақсат Толықбай “жылқыға бір тиын да субсидия бөлінбейді” деп келтірген. Толығырақ материалдан оқи аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz