Эгон Чолакян және ақырзаман: тарап жүрген видеоны талдаймыз

13 тамызда Earth Save Science Collaborative YouTube арнасында Эгон Чолакян есімді азамат әлемнің ғылыми қоғамына ескерту жасап, «ғаламшарымыз жойылып кету алдында тұр, апаттың алдын алу үшін адамзаттың бірнеше жыл ғана уақыты бар» деп мәлімдеді. Спикер күш жұмылдырып, климат өзгерісімен күресетін халықаралық ғалымдар командасын құруға шақырды. Бұл өзгерістердің қатарында Жердің айналу өсінің жылжып кетуі, ғаламшар ядросының тұрақсыздығы мен әлемдік мұхиттың химиялық құрамының өзгерісі бар. Оның пікірінше, мұхит құрамының өзгеруіне «жерден тыс әсер, әсіресе, заманауи ғылым анықтап үлгермеген ғарыштық сәулелену» себеп болған.

Бір сағатқа жуық роликтен кейін, екінші, қысқа видео жарияланды, бұл жолы ол «әлем көшбасшылары» — АҚШ президенті Джо Байден, Қытай Компартиясының төрағасы Си Цзиньпинь мен Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасады. Чолакян адамзат болашағы үшін күш біріктіруді ғана емес, мемлекет басшыларынан ғаламшарды құтқару тәсілдерін зерттеу үшін қаражат бөлуді сұрайды. Екінші видео желіде, әсіресе орыс және украин тілді бөлігінде БАҚ-тағы жариялымдардың арқасында кең тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13).

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы Эгон Чолакян деген кім екенін анықтап, оның болжамын тексеріп көрді.

Қысқаша қорытынды

Эгон Чолакянның жаратылыстану ғылымдары саласындағы кәсіби және академиялық жетістіктері туралы ақпарат күмәнді, ал оның климаттың өзгеру себептері туралы теориялары толық емес.

Ары қарай – толығырақ

Ғұлама, физик, климатолог, лоббиші

Аллен Эгон Чолакянді жариялымдарда физик, элементар бөлшектер бойынша маман, климатолог, тұрақты даму бойынша харуардтық маман, философия докторы, АҚШ үкіметі жанындағы лоббиші, НАСА ғалымы, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік бойынша маман деп атайды. Эгон Чолакяннің LinkedIn-дегі парақшасында ол – Ақ үйдегі лицензиясы бар федералды лоббиші* делінген, ал «Жұмыс істеген жерлері» деген тұста АҚШ өкілдер Палатасы мен Сенатында лоббиші болғаны көрсетілген. Бірақ біз А. Эгон Чолакянді аталған мемлекеттік құрылымдардың ешбірінен, аты-жөні бойынша да, профайлда көрсетілген лоббиші лицензиясы нөмірі бойынша да таба алмадық (1, 2, 3, 4, 5).

АҚШ-тағы лоббизм – өз мүддесі үшін азаматтардың билікпен қарым-қатынас жасайтын көне практикаларының бірі. Қазіргі күні АҚШ үкіметінде корпорациялар, еңбек кәсіподақтары, этникалық топтар мен тіпті кейбір елдердің де өз лоббиі бар. «Лобби қызметі туралы» заң алғаш 1876 жылы қабылданып, кімнің мүддесін таныстыратынына (өзінің немесе үшінші адамдардың болса да) қарамастан барлық лоббишіні Конгресс өкілдерінің Палатасына тіркелуге міндеттеді. Жалпы лоббизмге көзқарас әртүрлі. Көбіне оны тұлғаны заңды түрде сатып алу деп қабылдайды, кей штаттарда оған толықтай тыйым салынған. Федералдық деңгейде лоббишілердің қызметі заңды деп есептеледі, сол себепті уақыт өте келе лобби қызметіне байланысты қатаң заңдар енгізілді. 1946 жылғы АҚШ заңына сәйкес, лоббишілер өзі, өзін жалдаған адам, кімнің мүддесін таныстыратыны, сыйақысы мен лобби қызметіне жұмсайтын қаржысы туралы ақпарат ұсынуы қажет. Әдетте кәсіби заңгерлер, бұрынғы саясаткерлер мен парламентарийлердің көмекшілері лоббиші болады.

Сондай-ақ Эгон Чолакяннің LinkedIn мен Facebook парақшаларынан ол барған оқу орындарының тізімін көріп таңғалдық: саны – 118, олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания мен Еуропаның алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындары бар. Ал бағдарламалары салық заңнамасы мен радиологиядан бастап журналистика мен актерлік шеберлікке дейін созылған. Оған қоса біліктілігінің көбі курс өткені туралы сертификаттардан ғана тұрады. Ал бағдарламалардың басталған және аяқталған уақыты көрсетілмеген, сипаттамасы бір-біріне ұқсас және оқу орындарының атауына сәйкес келмейді.

Бұл тізімде Харуард университеті алты рет аталады. Дегенмен іс жүзінде Чолакяннің Харуард құқық мектебінде 70-жылдардың басында оқығаны ғана расталған (дәлел ретінде ол жылдық студенттердің суретін ұсынған). Сонымен қатар, оның университет түлектеріне берілетін post.harvard.edu электрон мекенжайы бар. Ал Харуард Медицина мектебінің аспирантурасы, Харуард Бизнес мектебі, Медицина мектебіне қатысы бар Жалпы бейінді Массачусетс ауруханасына, Харуард Жоғарғы білім беру мектебіне қатысы ашық дереккөздерде жоқ.

Эгон Чолакяннің қазір Харуардта жұмыс істейтініне де дәлел жоқ. LinkedIn-де 71 жұмыс орнының ішінде университет бір рет қана аталып өтілген. Чолакян 2018 жылдан бастап салық бойынша маман, профессор Стэнли С. Суррейге бекітілген зерттеу бойынша көмекші болып жұмыс істейтіні жазылған. Бірақ Суррей 1984 жылы қайтыс болды. Яғни, Чолакян күннен шатасып, профессормен бірге бұрын, Харуардта оқыған кезде жұмыс істеген немесе әдейі аудиториясына дезинформация таратып отыр.

harvard.edu доменінде аты-жөні бойынша іздеу арқылы тек бір сілтеме таптық – Харуард-Смитсон астрофизика орталығы базасындағы халықаралық ғылыми қауымдастықтың Теориялық атом, молекула және оптикалық физика институты іс-шараларының қатысушылар тізімі. Мұнда Чолакян Харуард ғана емес, Ұлттық денсаулық институының өкілі деп көрсетілген.

Ұлттық денсаулық институтына тиесілі nih.gov доменінде Чолакян «Геномдық диагностикалық тесттерді дайындау үшін дәлел алу», «Орталық жүйке жүйесінің инвазивті емес нейромодуляциясы: мүмкіндіктер мен мәселелер», «Депрессия кезінде когнитивті дисфункцияны емдеу тәсілдерін ашу, дайындау және енгізуді қамтамасыз ету», «Геномдық диагностика: онкологиядағы клиникалық тиімділігін көрсету», «Халықаралық химиялық, биологиялық, радиологиялық, ядролық және жарылу қаупі бар оқиғаларға тұрақтылықты арттыратын жалпы үкіметтік тәсіл» сынды бірнеше семинар мен «Молибден-99 бен оған байланысты медициналық изотоптарды әлем нарығына жеткізу мүмкіндіктері мен тәсілдері» тақырыбындағы симпозиум қатысушысы ретінде ғана көрсетілген. Тізімнің бәрінде Чолокян өзін Харуард және Колумбия университеттерінің әлдебір IRDF Project жетекшісі ретінде көрсетеді. Бірақ желіде мұндай жоба туралы ақпарат жоқ.

НАСА-ға қатысы бар сайттар бойынша іздеп көріп ек, тағы да Чолакян қатысушы болған семинарлар ғана шықты: Аннаполистегі лазерлік алысты өлшеу бойынша халықаралық семинар, «Адамның жерден тыс миссияларына арналған ғаламшарлық қорғау туралы білімдегі кемшіліктер» семинары және «Айдан Артемида дәуіріне дейінгі таңғажайып ғылым» тақырыбындағы семинар. Аэроғарыш агенттігінде жұмыс істегенін дәлелдейтін дерек таппадық.

Жалпы Эгон Чолакян түрлі семинар мен конференцияларға жиі қатысады. Оның атын АҚШ Брукхейвен ұлттық зертханасы жеделдетілген сынақ кешенінің апгрейдіне арналған семинар, АҚШ-тағы Ферми атындағы Ұлттық жеделдетілген зертхананың жоғарғы энергия физикасы бойынша семинары, АҚШ ядролық реттеу комиссиясының жыл сайынғы конференциясы (пандемияға байланысты тоқтатылған), АҚШ Аргонн ұлттық зертханасы семинары мен тіпті кассеталық оқ-дәрі бойынша Конвенцияның сессияаралық жиналысына қатысушылар тізімінен көруге болады.

YouTube желісінде тараған видеоның сипаттамасы бойынша, Чолакянның ЦЕРН (CERN фр. тілінен Conseil Européen pour la Recherche Nucléaire) ядролық зерттеулер еуропалық ұйымымен байланысы бар. LinkedIn-де The European Physical Journal-да жарияланған Үлкен адрондық коллайдер бойынша ғылыми еңбектер аталған. Оған ЦЕРН ғалымдары қатысқан (1, 2, 3), ал А. Эгон Чолакян есімі авторлардың тізімінде кездеседі. Дегенмен әр мақаланың авторлар тізімінде жүздеген адам бар, сол себепті зерттеуге Чолакяннің нақты қандай үлес және кім ретінде қосқаны белгісіз. Сонымен қатар сипаттамада ол ЦЕРН өкілі емес, Массачусетс технология институты мен Харуард университетінің өкілі деп көрсетілген. Интернеттен жан-жақты іздеп, Чолакяннің жаратылыстану ғылымдарына қатысты басқа жұмыстарын не жобаларын таппадық.

Чолакяннің LinkedIn-дегі түйіндемесінде MIT екі рет кездеседі. 60-жылдары ол, болжам бойынша, Слоун менеджмент мектебінде оқыған (оған дәлел жоқ), ал қазір университеттің екі онлайн-курсына қатысып жатыр: бірі цифрлық трансформация бойынша болса, екіншісі «пайдаланушы тәжірибесін жобалау үшін адам мен компьютердің өзара әрекеті» тақырыбында. Ақпарат шындыққа жанасады дегеннің өзінде , бұл тәжірибенің физикаға қатысы жоқ тәрізді.

Бір қызығы, Эгон Чолакяннің LinkedIn-де тағы бір парақшасы бар. Онда «заңгер, медиатор және мемлекеттік және заңнама мәселелеріне қатысты тәжірибе жинаушы маман» деп жазылған. Бұл парақша да алдыңғысы тәрізді 2007 жылы ашылған, бірақ безендірілуі біріншісімен салыстырғанда қарапайымдау: онда 53 оқу орны мен 19 жұмыс орны ғана көрсетілген. Ал негізгі парақшада олардың саны – 118 және 71.

Осылайша, желідегі қолжетімді ақпарат Чолакяннің құқық саласында (салық салуға басымдық бере отырып) тәжірибесі бар екенін ғана нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның инвестициялық кеңесші болғаны белгілі, оның тіркеуін 1982 жылы Құнды қағаздар мен биржа бойынша комиссия қайтарып алды. Чолокяннің физика мен медицинаға қызығатыны сөзсіз, оған түрлі семинарларға деген ынтызарлығы дәлел. Дегенмен оған қатысу сарапшы екенін білдірмейді.

Сектанттар, жалған климатологтар мен саясаткерлер

Жақындап қалған жаһандық апат туралы ескерту роликтер YouTube-та 2023 жылдың 13 тамызында жарияланды, Earth Save Science Collaborative арнасы мен осы аттас сайт та сол күні құрылған. Бір қызығы, арнаның басты бетінде Эгон Чолакян «ЦЕРН зертханасының қызметкері» деп таныстырылған. Сайттағы Чолакяннің түйіндемесі LinkedIn-дегімен бірдей, тек студент кезінде Hughes Tool Co. авиация бөлімшесі мен АҚШ Орталық барлау басқармасында қосымша жұмыс істеп жүріп авиация саласында 23 әлемдік рекорд орнатқаны қосылған. Айтылған біліктіліктердің ең болмаса біреуін растайтын құжат немесе сілтеме жоқ, оның орнына Чолакяннің саясаткерлер және ғалымдармен: АҚШ-тың отставкадағы адмиралдары, астронавтар, алдыңғы қатарлы ЖОО ғалымдары, Нобель сыйлығының иегерлері мен саясаткерлермен түскен суреті берілген.

Сайттағы соңғының алдындағы абзац Earth Save Science Collaborative жобасына арналған. Мәтін толықтай роликтің мазмұнын қайталайды: дәл сол «сенсациялық жаңалықты» хабарлайды (дереккөзді көрсетпей), «сейсмикалық, вулкандық, гидрологиялық, атмосфералық, гравитациялық және термиялық ауытқулардың» ауқымы өсіп келе жатқанын (ешқандай зерттеуге сілтеме бермей), сондай-ақ болуы даусыз жаһандық апат пен бірыңғай халықаралық ғылыми орталық ашу керегін айтады. Қорытынды бөлігі қызығырақ:

Бірыңғай халықаралық зерттеу орталығының алдына қойылған мақсат пен міндетке жету тиімді болу үшін ғылыми қызметті шексіз қаржыландырып, зерттеу процесіне саясаткерлер мен корпорациялардың бақылау немесе араласуын болдырмау қажет. Ғылыми-зерттеу қызметінің абсолют автономиясын қамтамасыз ету өте маңызды. Сол кезде біз, ғалым ретінде қол жеткізетін нәтижеге толықтай жауапкершілік аламыз.

Чолакян әлем қоғамын «әлемнің үздік ғалымдарының пәнаралық альянсын» құруға неге үгіттейтіні түсініксіз. Себебі ол видеосында өзі бірнеше рет осындай командамен жұмыс істейтінін айтқан. Мұндай альянсты Allatra-Science халықаралық ғылыми ұйымы таныстырған. Ұйымның ресми сайтындағы сипаттамаға сәйкес, ол – «адамзаттың жаһандық мәселелеріне бей-жай қарамайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған ғалымдар, ғылымның алдыңғы қатарлы салаларында жұмыс істейтін әдепті және дарынды адамдарды біріктірген қауымдастық». Бей-жай қарамайтын ғалымдар қауымдастығы, сайттағы жариялымдарға сенсек (1, 2, 3), климатқа адамның қатысы, оның ішінде СО2 қалдықтарының қатысы жоқ, оған ғарыш әсер етеді деп есептейді. Сонымен қатар, ВВС журналистері Allatra-ны ғылымға қарсы теорияларды қолдайтын, оның ішінде мұздықтардың еруіне ғарыштық сәулелену себеп дейтін Creative Society жобасымен байланыстырады. Сондай-ақ Creative Society пікірінше, «жемқор ғалымдар климаттың өзгеру себебі туралы өтірік айтады», ал қалдықтарды азайту саясаты тиімсіз. Жоба үйлестірушісі Алексей Прудков ВВС-ге Creative Society-дің Allatra-мен байланысын растамады, бірақ Allatra сайтының канадалық нұсқасында Creative Society ресми парақшасының мекенжайы — allatraunites.com көрсетілген.

Украинаның «Бабель» және словакияның The Slovak Spectator басылымы да Creative Society мен Allatra-ның байланысы бар деп жазып, біріншісі екіншінің ребрендиңі ғана деп болжады.

Allatra Science бас ұйымы «АллатРа» — табыну сипаты бар псевдо-діни қозғалыс ретінде танымал. Ұйым 2011 жылы Донецкіде пайда болды, бірақ Украинада «АллатРа» (1, 2, 3) барлық славянның бірігуін және сипаты бойынша басшысы Владимир Путинге қатты ұқсайтын «мессия» болу керек деген идеяны алға тартатын ресейшіл жоба саналады. Ал Ресейде оны украиналық ұйым деп есептейді (1, 2, 3), 2023 жылғы тамыздың басында РФ билігі «АллатРа»-ны «қажетсіз» ұйымдар тізіміне қосты.

Қызмет ауқымы кең екенін ескерсек, «АллатРа» қамқоршылар мен демеушілер тарапынан таршылық көрмейтін тәрізді: ұйым Еуропа, Америка мен Орталық Азияда жұмыс істейді, қызмет түрлерінің қатарында баспа, «ғылыми» жобалар, радио, YouTube-тағы арна, краудфандиң мен газет бар.

«АллатРа»-ның қаржыландыру жүйесі ашық емес, бірақ БАҚ ұйымға көптеген украиналық шенеунік пен кәсіпкер мүше екенін жазады. Кей жағдайда бұл болжам расталмаған, бірақ «АллатРа» мен «Ұлттық платформа» партиясының басшысы Екатерина Одарченконың байланысы бар екенін анықтауға болады. 2020 жылдың желтоқсанында Одарченко «АллатРа ТВ»-да сөз сөйледі, ал 2021 жылдың маусымында дәл осы арна Одарченкоға тиесілі «SIC-Group Ukraine» компаниясы ұйымдастырған Ыстамбұлдағы Халықаралық  GR-форумына ақпараттық қолдау көрсетті. Форум бизнес пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына және лоббизм мәселелеріне арналды. Сонда спикерлердің бірі … бізге таныс Эгон Чолакян болды. Сәл ертерек, сол 2021 жылдың ақпанында Чолакян саяси менеджментке қатысты Халықаралық онлайн-форумда сөз сөйледі. Оны да «SIC Group International» мен Екатерина Одарченко ұйымдастырған болып шықты. 2022 жылдың ақпанында Чолакян Одарченко жариялаған видеоны өзінің Facebook парақшасында бөлісті. Ал Одарченко болса, Чолакянді өзі ұйымдастырған іс-шаралардың қатысушысы ретінде жиі белгілейді.

Бір қызығы, украиналық және ресейлік БАҚ-тан бөлек, америкалық беделді Bloomberg басылымы Эгон Чолакяннің сөз сөйлейтініне қатысты баспасөз хабарламасын жариялаған.

Earth Save Science Collaborative пен Чолакянді белсенді қолдап жатқан демеушілердің мақсаты қандай екені белгісіз. Бірақ бұл белгісіз адамдар ақшаны аямайтыны көрініп тұр.

Жер өсі, қышқыл мұхиттар мен климат өзгерісі

Ғаламшарымызда болып жатқан өзгерістерге келсек, бұл жерде Эгон Чолакян өтірік айтып тұрған жоқ. Бір ғана айта кететіні – бұл өзгерістердің себебі «жерден тыс әсер», тіпті «табиғи циклдер» емес (дегенмен соңғысы да ішінара әсер етеді). Жер өсі қиғаштығының өзгерісі де, әлемдік мұхиттың қышқыл болуы да, жаһандық жылыну да айтарлықтай дәрежеде адам ісінің салдары.

Зерттеушілер 2016 жылы-ақ ғаламшардың айналу өсі қиғаштығының өзгеруіне жаһандық жылыну мен мұздықтардың еруі себеп болуы мүмкін екенін көрсетті. Босап шыққан су массасы әлем мұхитының деңгейін көтеріп, массаның ғаламшар бойынша бөлінуін өзгертіп, айналу өсінің градусына әсер етеді. Корей ғалымдарының Geophysical Research Letters журналында жарияланған жақын арадағы зерттеуі мұхиттағы су деңгейіне жерасты суларын бақылаусыз пайдалану да әсер ететінін анықтады: 1993 жылдан 2010 жылға дейін 2 150 гигатонна жерасты суы сорылды, ол 6 миллиметрге көтерілген су деңгейіне тең. Ғалымдар 17 жыл ішінде жер өсі 64,16° шығыс ұзақтығына қарай 78,48 сантиметрге немесе жылына 4,6 сантиметрге жылжығанын есептеді. Жерасты сулары негізінен ауылшаруашылығында суару үшін пайдаланылады.

Мұхиттардың қышқылданып жатқаны да, өкінішке қарай, дәлелденген. Ол атмосферадағы көмірқышқыл газы концентрациясының арту процесімен байланысты. Кең тараған пікірлерге қарамастан, тропикалық ормандар емес, әлемдік мұхит – нағыз жеңіл планеталар. Мұхит СО2 қалдықтарының 25%-не жуығын жұтады және оттектің негізгі көзі. Дегенмен көмірқышқыл газының мұхитта еруі білінбей кетпейді:

Мұхиттың қышқылдануын атмосфераға түсетін көміртек, азот және күкірт сынды химиялық заттарды мұхиттың жұтуынан туындаған мұхиттың химиялық құрамының өзгерісі деп анықтама беруге болады. Оның кең тараған себебі – көп мөлшерде CO2 бөлетін қазба отынды жағу мен жер пайдаланудағы өзгеріс сынды антропогендік қызмет.

The Ocean Foundation

Мұхит беті қышқылдануының нақты ұзақмерзімді салдары әзірге анық емес, бірақ мұхит организмдері мен биохимиялық циклдерге жағымсыз әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар, ғалымдар көмірқышқыл газы қалдықтары әлі де өте нашар шектелетіндіктен қауіп жоғары деп есептейді.

Бүгінгі күні климаттың өзгеруіне адамзат әрекетінің айтарлықтай әсері бар екеніне дәлел жеткілікті. Парникті газ қалдықтары мөлшері индустриалды революция басталғаннан кейін кейінгі 200 жылда біртіндеп артып, 2020 жылы СО2 концентрациясы 800 мың жылдан бергі рекордтық көрсеткішке жетті. Сонымен қатар 2023 жылдың шілдесі метеобақылау тарихындағы планетадағы ең ыстық ай болды. Кей ғалымдар бұл кейінгі 120 мың жылдағы ең ыстық ай деп тұжырымдады. Шынында, әсерін адам бақылай да, болжай да алмайтын табиғи күштер бар. Дегенмен бізге күн өткен сайын сезіліп келе жатқан климат дағдарысы ғаламшардағы өмірге «ғарыштық және ішкі энергия» салдары емес, адамзат әрекеті мен әрекетсіздігінің салдары болып тұр.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz