Былтыр 158 мың интернет-алаяқтық тіркелді ме?

27 наурызда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов 2023 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтық бойынша 158 474 қылмыс тіркеліп, оның 92 954-нің тергеуі тоқтатылғаны жөнінде дерек келтірді. Депутат айтқан мәлімдеме медиада кеңінен тарады (1, 2, 3, 4, 5). Factcheck.kz редакциясы депутаттың сөзін тексеріп көруді жөн деп тапты.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:43:31)

Мәлімдеме: 2023 жылы қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігімен интернет-алаяқтық бойынша 158 474 қылмыстық іс тергеуге жіберілген. <…> Аталған 158 474 істің 92 954 ісі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлға анықталмағандықтан тергеу тоқтатылған. 21 қылмыс елден тыс жерде орналасқан алаяқтар тарапынан жасалған. Сонда, ашылмаған істердің көбін біздің еліміздің аумағында қылмыскерлер жасаған екен.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов

Үкім: Жалған

Qamqor.gov деректеріне сәйкес, 2023 жылы интернет-алаяқтық бойынша өндірісте 23 800 қылмыс болған, соның 21 777-і СДТБТ-де (сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі) тіркелген. Бұл деректі бас прокуратура да растайды.

Толығырақ

Шамасы, депутат әр айда жаңадан тіркелген қылмыстарды емес, өткен айдың көрсеткішімен қосқандағы жалпы деректердің 12 айдағы санын қосып шыққан. Мәселен, қаңтар айында 3 273 қылмыс өндірісте болған. Ал, ақпанда оған 2 229 қылмыстық іс қосылып, көрсеткіш 5 202-ге өсті. Депутат осы сандарды қосып шыққанға ұқсайды. Осылайша мәжіліс депутатының сөзінде жылдың қорытындысынан 6 есе көп сан шыққан.

2023 жылы алаяқтық қылмысы бойынша 44 786 істің 21 777-і интернет-алаяқтық, 46 іс қарыз алу, кредит беру саласында 56 қылмыс, төлем карталарын пайдаланып жасалған алаяқтық саны 235 және жер құқығына байланысты алаяқтық бойынша 3 іс тіркелген. Интернет-алаяқтық дерегімен тіркелген қылмыстың 17%-і аяқталған, 14%-і сотқа жіберіліп, 87%-інде қылмыскер анықталмаған. 3 қылмыс елден тыс жерде орналасқан алаяқтар тарапынан жасалған.

Factcheck.kz