Апталық шолу: “Абайтану”, Маминнің қатесі, Қазақстандағы ажырасу және өлім жазасы

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқаны туралы және т.б. жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексерді. Ендеше өткен аптаға шолу жасайық…

Қазақстан өлім жазасынан бас тартты ма?

24 қыркүйекте отандық және ТМД елдерінің басылымдары Қазақстанның өлім жазасынан толықтай бас тартқаны туралы ақпарат таратты. Бұл жаңалықтың қаншалықты дұрыс екенін Factcheck.kz анықтады.

Әзірге Қазақстан өлім жазасынан толықтай бас тартты деп айта алмаймыз. Бірақ бұл мәселе бойынша маңызды қадамның жасалғаны рас.

Бұл туралы сарапшымен кеңесіп, егжей-тегжейлі жазған тек HolaNews басылымы. Маманның айтуынша, Қазақстан өлім жазасынан толықтай бас тартуы үшін Қылмыстық кодекстің 17 бабына өзгеріс енгізу қажет.

Мамин жалған есеп берді ме?

15 қыркүйекте Премьер-Министр Асқар Маминді президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. А. Мамин биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді. Тілшіміз Думан Терлікбаев Үкімет басшысының сөзін тексеріп көрді.

Асқар Маминнің есебінде ресми ақпарат бойынша, расталған деректер де болды. Бірақ жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 874 мың адам жұмыспен қамтылғаны туралы айтып, қателескен еді.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік бағдарламалар аясында (“Еңбек” бағдарламасын қоспағанда) 196 мың жұмыс орны құрылғанын жазған. Кейін “Еңбек” бойынша 279,8 мың адам жұмыспен қамтылған. Екі жағдайды қоса есептегеннің өзінде 475,8 мың адам жұмыспен қамтылғанын көреміз. МаминТоқаевқа қандай деректерге сүйене отырып есеп бергені бізге беймәлім.

Толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Ажырасу бойынша Қазақстанда 9-орында ма?

24.kz сайты Қазақстанның әлем бойынша ажырасу көрсеткішінен тоғызыншы орында екенін жазған еді. Сондай-ақ, сайт әрбір үшінші жұп жарасымды өмір сүріп кете алмайды деді.

Қазақстанды ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа қосуға болады. БҰҰ соңғы жинағында Қазақстанның 1000 адамға шаққандағы ажырасу коэффиценті – 3.0 (Demographic Yearbook – 2018) 117 ел арасында), алғашқы ондыққа кіреді. Бірақ, мәлімдемеде Қазақстан әлем елдерінің алғашқы ондығында деп жазылмаған, сол себепті редакция үкімсіз қалдырғанды жөн көрді.

Еліміздегі әрбір үшінші жұп жарасымды өмір сүріп кете алмайды (ажырасады – ред.) деген ақпаратқа жартылай шындық деп үкім қалдырды. Ресми дерекке сенсек, 2019 жылы 139 504 неке тіркеліп, оның 59 796-ы ажырасқан. Егер, есептейтін болсақ, әрбір үшінші жұп тұрақты ажырасады деуге келмейді. Коэффицент – 2,33 болады. Бұл – кейде әрбір үшінші, ал кейде әр 2-жұп болуы мүмкін.

Ренн университетіне “Абайтану” пәні енгізілетіні рас па?

15 қыркүйекте “Хабар 24” Францияның Ренн университетіне “Абайтану” пәні енгізілетіні туралы ақпарат таратты. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

15 қыркүйекте Жанар Авар-Төребаеваның Ренн университетінде дәріс оқитынын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлаған. “Абайтану” пәні туралы түсініспеушілік осыдан соң туындаса керек. Себебі Factcheck.kz тілшісімен сөйлескен Ж. Төребаева бұл іс әлі нақтыланбағанын айтты. Оның үстіне, жоспар бойынша Ренн университетіне “Абайтану” пәні енбейді. Бұл тек жылына бірнеше рет оқылатын лекция немесе конференция форматында болуы мүмкін.

Басқа қандай материалдар жарияланды?

  • Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде 2-орында екені туралы ақпараттың манипуляция екенін Наргиза Ерес анықтады.
  • Беларусь президенті Александр Лукашенконың жасырын инаугурациясы, Трамптың Қытайға таққан айыбы және Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы оқушы туралы мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
  • 16 қыркүйекте ҚР Парламенті мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Уәлихан Қайназаров қазақстандық шоу-бизнестегі фонограмма туралы айтты. Ол басқа елдердегі мысалды келтіріп, фонограммаға тыйым салуды ұсынды. Пандемия аясында бұл мәлімдеме маңызды еместей көрінсе де, Қазақстан халқына шоу-бизнес тақырыбы қызықты болған соң депутат мәлімдемесін тексергенді жөн санадық. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқысаңыз болады.

Біздің әлеуметтік желідегі, инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz