Қазақстан өлім жазасынан бас тартты ма?

24 қыркүйекте отандық және ТМД елдерінің басылымдары Қазақстанның өлім жазасынан толықтай бас тартқаны туралы ақпарат таратты. Бұл жаңалықтың қаншалықты дұрыс екенін Factcheck.kz анықтады.

Үкім: Техникалық қате

Әзірге Қазақстан өлім жазасынан толықтай бас тартты деп айта алмаймыз. Бірақ бұл мәселе бойынша маңызды қадамның жасалғаны рас.

Шынымен БҰҰ-ның бас штабында Қазақстанның ресми өкілі Қайрат Омаров өлім жазасынан бас тартатын халықаралық протоколға қол қойды. Бұл дегеніміз өлім жазасынан бас тартуға алғашқы қадамның жасалғанын білдіреді. Қазақстанда 2003 жылдың 17 желтоқсанында, экс-президент Н.Назарбаевтың жарлығымен өлім жазасына мораторий енгізілсе де, жаза Қазақстанның Қылмыстық кодексінен алынбады.

Бұл туралы сарапшымен кеңесіп, егжей-тегжейлі жазған тек HolaNews басылымы. Маманның айтуынша, Қазақстан өлім жазасынан толықтай бас тартуы үшін Қылмыстық кодекстің 17 бабына өзгеріс енгізу қажет.

Осылайша, Қазақстанда өлім жазасын жою туралы заңнаманы дайындау процесі басталғанын айтуға болады. Бірақ бұл мәселе біраз уақытты алады.

Контекст

Қазақстанда 2003 жылдың 17 желтоқсанында, экс-президент Н.Назарбаевтың жарлығымен өлім жазасына мораторий енгізілді. Жарлыққа сай, сот шешімімен өлім жазасына кесілгендер 2004 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылды немесе жаза орындалуы үшін мораторий аяқталғанын күтеді.

2016 жылы 18 шілдеде Руслан Куликбаев есімді азамат Алматыда Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарумен шабуыл жасады. Салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Сол жылы 2 қарашада сот шешімімен қылмыскер өлім жазасына кесілді.

Былтыр желтоқсанда Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне өлім жазасынан бас тартатын халықаралық протоколға қол қою туралы тапсырма берген еді.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.