Мамин жалған есеп берді ме?

15 қыркүйекте Премьер-Министр Асқар Маминді президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. А. Мамин биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді. Біз Үкімет басшысының сөзін тексеріп көрдік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев(сол жақта) пен Үкімет басшысы Асқар Мамин(оң жақта).
15 қыркүйек, 2020 жыл.

Сегіз айда қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,3%-ға, оның ішінде машина жасау – 16,3%-ға,  көлік құрастыру – 51,8%-ға, сондай-ақ фармацевтика –34,1%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 11%-ға, химия өнеркәсібі – 3,1%-ға және дайын метал өнімдерін шығару – 18,8%-ға өскен.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық және техникалық қате

Статистика комитетінің дерегіне сай, А. Мамин айтқан уақытта өңдеу өнеркәсібінің(ӨӨ) өсімі былтырғы осы уақыт аралығындағы көрсеткішке қарағанда 3,3%-ке жоғарылағаны рас. Мысалы, 2019 жылы ӨӨ-нің көлемі 998 958 млн теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 1 118 943 млн теңгеге жеткен. Алайда, көлік құрастыру 51,8%-ке өспеген, бұл катергория “Автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндіру” деп аталып, сол 51,8%-ке өсті.

Оның ішінде машина жасау 16,3%-ке, фармацевтика 34,1%-ке, жеңіл өнекркәсіп 11%-ке, химия өнеркәсібі 3,1%-ке, дайын металл бұйымдарын өндіру 18,8%-ке өсті.

Ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсім 4,9%-ды құрады, азық-түлік өндірісінің көлемі 3,6%-ға артты

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Комитет дерегіне сенсек, 2020 жылғы қаңтар-тамызда тұтастай Республика бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы(АОБШ) өнімдерінің (көрсетілетін қызметтерінің) жалпы шығарылымы 2 418,9 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,9%-ке жоғары. Азық-түлік өндірісі 3,6%-ке өскен.

Комитет АОБШ өнімдері көлемінің өсуі өсімдік шаруашылығы – 10,7%-ке, тірі салмақтағы мал мен құстың сойылған көлемі – 3,7%-ке, шикі сиыр сүті сауымының – 3%-ке өсуімен байланыстырады.

Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 874 мың адам жұмыспен қамтылған.

Асқар Мамин

Үкім: Жалған

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік бағдарламалар аясында (“Еңбек” бағдарламасын қоспағанда) 196 мың жұмыс орны құрылғанын жазған. Кейін “Еңбек” бойынша 279,8 мың адам жұмыспен қамтылған. Екі жағдайды қоса есептегеннің өзінде 475,8 мың адам жұмыспен қамтылғанын көреміз. Премьер Тоқаевқа қандай деректерге сүйене отырып есеп бергені бізге беймәлім.

Құрылыс көлемі – 6,5%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 6,4%-ға немесе 8,1 млн шаршы метрге артты. Жыл басынан бері 71 мың жаңа үй салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артық.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық және техникалық қате

Комитетте бар дерекке сенсек, құрылыс көлемі 6,5%-ке өскені, тұрғын үйді пайдалануға беру 6,4%-ке артқаны рас. Яғни биыл пайдалануға 8097,8 мың шаршы метр берілген. Алайда 71 мың жаңа үй салынбаған, 71,5 мың пәтер салынған. Былтыр осы уақыт аралығында 65,8 мың пәтер қолданысқа берілді.

Думан Терликбаев
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.