23.09 | Жасырын инаугурация, Трамптың Қытайға таққан айыбы, коронавирус жұқтырған оқушы

Беларусьте Лукашенкоға қарсы 100 мыңнан астам адам митингке шығып жатқан тұста, ол жасырын инаугурациясын өткізді. Беларусь президенті Александр Лукашенконың ұлықтау рәсімі бүгін өтетіні ресми айтылмаған еді. Бұл туралы Настоящее Время басылымы “БелТА” агенттігіне сілтеп хабарлады.

Бүгін, 23 қыркүейекте, Минск тұрғындары Тәуелсіздік сарайының маңайынан әскери техниканың көбейгенін және Тәуелсіздік көшесі жабылғанын байқаған. «Беларусь Республикасының Президенті туралы» заңға сәйкес, президенттің ант қабылдау рәсімі республикалық БАҚ арқылы тікелей эфирде көрсетілуі керек. Бірақ барлық Беларусь телеарналарында бұл уақытта сериал көрсетті.

Заң бойынша, инаугурация сайлаудан кейін екі ай ішінде өтеді.

Мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, Лукашенконың инаугурациясына жүздеген адам шақырылды. Олардың арасында жоғары лауазымды тұлғалар, Өкілдер палатасының депутаттары, Республика Кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, жергілікті атқарушы және әкімшілік органдардың басшылары, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары, ғалымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері келген.

Беларусь Республикасының Конституциясына сәйкес, президент төменде көрсетілген антты қабылдағаннан кейін қызметіне кіріседі.

«Беларусь Республикасы президентінің қызметіне кірісе отырып, мен салтанатты түрде Беларусь Республикасының халқына адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын құрметтеуге, қорғауға, Беларусь Республикасының Конституциясын сақтап және оны қорғауға ант беремін. Сонымен қатар, маған жүктелген міндеттерді адал орындаймын».

Заңға сәйкес жазылған ант сөздері
23.09 | Жасырын инаугурация, Трамптың Қытайға таққан айыбы, коронавирус жұқтырған оқушы

Александр Лукашенко беларусь тілінде ант беріп, актіге қол қойды. Содан кейін Беларусь Орталық комиссиясының төрағасы Лидия Ермошина Лукашенкоға Беларусь президентінің куәлігін берді.

Бұған дейін, Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт инаугурацияның қашан болатынын “уақыты келгенде” айтуға уәде берген еді.

Батыс елдері Лукашенконы ресми сайланған президент деп әлі мойындамады. Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Еуропарламентте “Беларусьте 9 тамызда өткен сайлау нәтижесі бұрмаланған” деп мәлімдеді.

Финляндия, Исландия, Норвегия, Швеция және Дания сыртқы істер министрлері Беларусь халқына қолдау білдірді. Олар Беларусь билігін халқына қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды. Министрлер ресми Минскіден заңсыз ұсталғандардың барлығын босатуды және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен келісімге келуді ұсынды.

Беларусь оппозиционері және ресми сайлаудың нәтижесіне дейін президенттікке үміткер болған Светлана Тихоновская Александр Лукашенконың биліктен кетуі уақыт еншісінде екенін айтты.

Орталық сайлау комитеті 9 тамызда Лукашенконы 80 пайыз дауыс жинаған жеңімпаз деп жариялады. Беларусь президентінің билік басында отырғанына биыл 26 жыл болды. Беларусь халқы бір айдан астам уақыт Александр Лукашенкоға қарсы жаппай митингке шығып жатыр.

Трамп Қытайды тағы да айыптады

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 7 миллионға жуықтаған тұста, президент Дональд Трамп әдеттегідей Қытайды коронавирус тарауына себепкер болғаны үшін жауапқа тарту керек деді. Бұл туралы Трамп Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) Бас ассамблеясының жалпы саяси жиналысында айтты.

“Біз бұл ауруды әлемге таратқан Қытайды жауапқа тартуымыз керек”, — деді ол.

Дональд Трамп пандемия басталған сәтте Қытайдың ішкі рейске шектеу қойғанын, бірақ халықаралық әуе сапарларын тоқтатпағанын айтты. Трамптың мәліметінше, Қытай халықаралық рейстерді тоқтатпаған соң вирус басқа да елдерге таралған.

23.09 | Жасырын инаугурация, Трамптың Қытайға таққан айыбы, коронавирус жұқтырған оқушы
Дональд Трамп (Фото: Eduardo Munoz / Reuters)

Қытай үкіметі мен Қытайдың айтқанынан шыға алмайтын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың адамнан адамға тарауына дәлел жоқ деп жалған мәлімдеме жасады. Содан кейін, адамдарда вирус симптомы жоқ болса басқаларға таралмайтынын айтып, тағы да жалған ақпарат таратты.

Дональд Трамп

Қытай СІМ өкілі Трамптың БҰҰ-да жасаған мәлімдемесіне байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, АҚШ тарапы ББҰ-ның мінберін Қытайды қаралау үшін саяси мақсатта пайдаланды.

Трамп неліктен ДДСҰ-ны айыптап отыр?

Биыл 15 сәуірде Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қаржы бөлуді тоқтатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым Қытайға тым қатты сенім білдірді. ДДСҰ тарапынан 20 сәуір күні жауап та келді. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебреисус адам денсаулығына байланысты ақпараттың жасырын емес екенін, алғашқы күннен бастап CDC мамандарымен (АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын-алу орталығы) жұмыс жасалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, АҚШ президентінің айыптауын жоққа шығарды.

Трамп ұйымды “ДДСҰ Қытай билігінің мүддесін қорғайды” деп айыптаған. Бұған дейін Дональд Трамп вирус жұқтырғандар Еуропа мен АҚШ-та күрт өсуін алға тартып, Қытайда ауру жұқтырғандар өзге елдерден аз екеніне сенбеді. Сондықтан Қытайды коронавирусқа байланысты ақпаратты жасырды деп айыптаған еді.

Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Гэн Шуан АҚШ тарапынан айтылған әңгімелерге ызаланды. Оның айтуынша, Пекиннің вирусты жоюға жасаған әрекеті әлем елдеріне эпидемияға дайындалуға қосымша уақыт берді.

Осыған дейін АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДСҰ) 2021 жылы 6 шілдеде шығуды жоспарлап отырғанын хабарлады. АҚШ-тың ресми өкілінің айтуынша, ДДСҰ-ға шамамен 80 миллион доллар төлемей, оның орнына ақшаны Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар ұйымының шотына аударады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ең көп қаржы бөлетін ел – АҚШ. 2016-2017 жылдары шамамен 1 млрд доллар бөлді. Ал 2018 жылы тағы да ең көп қаржы бөлген елдің қатарында болды – 400 млн доллар.

Коронавирус жұқтырған оқушы

Шығыс Қазақстан облысы, Парыгин ауылында орналасқан мектепте коронавирусты жұқтырған алғашқы оқушы анықталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирус жұқтырған алғашқы оқушы туралы ақпаратты растады. Қожахметовтың айтуынша, вирус екінші сынып оқитын баладан анықталған. Ол қазіргі таңда үйінде емделіп жатыр. Ал жағдайы бірқалыпты. Ресми өкілдің хабарлауынша, оның сыныбында 12 оқушы бар. Қазір байланыста болған мұғалімдер мен басқа да адамдарды вирус жұқтыру қауіпі бойынша тексеріп жатыр.

2020-2021 жылғы оқу маусымында эпидемиологиялық жағдайға байланысты тек шалғайда орналасқан ауыл мектептерінде бастауыш сыныбының оқушылары мектептен оқып жатыр. Ал Қазақстанның басқа мектептерінде 1-11 сынып оқушылары қашықтан білім алуда.

Биыл Қазақстанның 7391 мектебінде 3,3 миллионнан астам оқушы тіркелген.

24 тамыздағы дерек бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурызынан бері 2,5 мыңға жуық балалар COVID-19 жұқтырды. Оның 111-і жаңа туған нәрестелер.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz