Фактчек | Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстанда фонограммаға тыйым салу туралы

16 қыркүйекте ҚР Парламенті мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Уәлихан Қайназаров қазақстандық шоу-бизнестегі фонограмма туралы айтты. Ол басқа елдердегі мысалды келтіріп, фонограммаға тыйым салуды ұсынды. Пандемия аясында бұл мәлімдеме маңызды еместей көрінсе де, Қазақстан халқына шоу-бизнес тақырыбы қызықты болған соң депутат мәлімдемесін тексергенді жөн санадық.

Депутаттар мұндай мәселені бірінші рет талқылап отырған жоқ. 2009 жылы сол кезде депутат болған Ғани Қасымов Қазақстанда фонограммаға тыйым салуды талап етті. Ал 2017 жылы Парламент сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов те Қазақстанда әншілердің фонограмма қолдануына тыйым салуды ұсынды. Биылғы жылы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев фонограмма қолдануды “мазақ ету” деп атады. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова депутат Қайназаровтың сауалына жауап бере отырып, концерттерде әртістердің фонограмманы қолдануына біртіндеп тыйым салуды жақтайтынын айтты.

Мәлімдеме: Фонограмма қолдануға көршілес: Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан және ҚХР-да тыйым салынған.

Депутат Қайназаров

Әзірбайжан | Үкім: Жартылай шындық

Әзірбайжанда фонограммаға тыйым салуды 2001 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Полад Булбюль-Оглы енгізді. Ол “Ах, эта девушка” және “Позвони” әндерінің авторы және орындаушысы болды.

Полад Бюльбюль-Оглы

Заңға сәйкес, Мәдениет министрлігіне бағынатын барлық концерт алаңдарында фонограммамен ән айтуға қатаң тыйым салынады. Алайда, “бағынатын мәдениет алаңдары” деген ұғымға тек бір ғана сарай айтылған. Ол Гейдар Алиев атындағы мәдениет сарайы. Заңды осы сарайда ғана қолдану шарт. Басқа концерт залдарына (мысалы, Шахрияр атындағы мәдени орталықта) бұл ереже қолданылмайды.

Түркіменстан | Үкім: Шындық

Түркіменстанда фонограммаға 2005 жылдан бастап тыйым салынған. Бұл үшін арнайы жарлыққа қол қойылды. Онда бұл шешімнің түркімендердің шынайы дәстүрлеріне деген құрметі үшін тыйым салынғаны айтылған. Фонограммамен ән айтуға тыйым салу тек кәсіби әншілерге ғана емес, сонымен қатар, үйлену тойларында немесе басқа отбасылық мерекелерде ән айтатын қарапайым азаматтарға да қатысты.

Гурбангулы Бердімұхамедов. Жылқы туралы рэп

Өзбекстан | Үкім: Шындық

2015 жылдың шілде соңында «Өзбекнаво» эстрадалық бірлестігі шешімімен жанды дауыста ән айта алмайтын әншілерге лицензия беруге тыйым салды. Ережеге сәйкес вокалдық қызметпен айналысуға рұқсат алғысы келетін кез-келген адам бірлестікке жүгініп, комиссия алдында ән айтуы керек. Осыдан кейін ғана ол лицензия ала алады.

Өзбекнаво өкілі Азизбек Турдиев

Әнші жылына бір рет берілетін концертті ұйымдастыруға лицензия алу үшін концерттік бағдарламадағы әндердің кем дегенде 60% -ын жанды дауыспен орындауы керек. Бұрын лицензия алу үшін дискілерге жазылған әндерді жіберу жеткілікті еді. Сонымен бірге «Өзбекнаво» поп-гастрольдік бірлестігінің мамандары әншіні көрмесе де болатын.

Севара Назархан

2018 жылдың 8 желтоқсанынан бастап барлық мемлекеттік іс-шараларда әншілерге фонограммамен өнер көрсетуге тыйым салынды. Мемлекеттік іс-шаралардан бөлек концерттерде фонограмманы пайдалануға тыйым салынғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Қытайдағы айыппұл

Қытайда 2008 жылы Олимпиададағы оқиғадан кейін фонограммаға тыйым салынды. Гала-концертте Қытайлық қыз мүлдем басқа әншіге тиесілі әнді фонограммамен орындаған.

The Daily Telegraph-тың хабарлауынша, қытайлық екі поп-әнші Фэн Цзиюань мен Ин Юкань фонограммамен ән айтқаны үшін Қытайда айыппұл салынған алғашқы өнер адамдары болды. 2009 жылы қыркүйекте Сычуань провинциясының Ченгду қаласында өткен концертте өнер көрсеткені үшін қыздарға 50 000 юань айыппұл салынды (сол кезде жеті мың доллардан астам). Концертте олар биші ретінде тіркеліп, бэк-вокалда ән айтқан еді. Бірақ мәдениет бөлімінің жергілікті шенеуніктері олардың фонограммаға қосылып, ауыздарын қозғалтып отырғанын байқады. “Олар өнер көрсетіп жатқан кезде микрофондарынан ешқандай сигнал келмеді”, – деді қала билігінің өкілі.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz