Жолдауға фактчек | Тоқаев тікелей инвестиция, сыртқы сауда және ЖІӨ туралы не деді?

1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жариялады. Жолдауда Қазақстан экономикасы және сыртқы сауда жайлы бірнеше дерек келтірді. Президенттің деректерін Factcheck.kz дәстүр бойынша тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай,  2022 жылы ЖІӨ 103,7 трлн теңгеге жетті. 2022 жылғы ЖІӨ құрылымында еңбек ақы төлеу 30,4%, өндіріске және импортқа салынатын таза салықтар 8,6% және негізгі үлес жалпы пайда/жалпы аралас табыс 61%-ке жетті. 

Мәлімдеме: Елімізге [2022 жылы – ред.] 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: ҚР Ұлттық банкінің мәліметіне сай, 2022 жылы тікелей инвестиция көлемі 28 млрд долларға жетті. Ал 2023 жылы І тоқсанда 7,6 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған. 

Манипуляциясы мынада: 28 млрд доллар – рекордтық көрсеткіш емес, себебі 2012 жылы бұл көрсеткіш 28,8 млрд долларға жеткен. Әзірге бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Тоқаев бұған дейін де тікелей инвестиция туралы мәлімдеме жасаған, бірақ ол кезде кейнгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті деген еді.

Мәлімдеме: Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни [2022 жылы – ред.] 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылы сыртқы сауда-саттық 135,5 млрд долларға жетті және бұл расымен де ең жоғарғы көрсеткіш. Оның 84,5 млрд доллары экспортқа, 50,9 млрд доллары импортқа тиесілі.

Мәлімдеме: Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Ұлттық банктің дерегінше, жалпы сыртқы қорымыз 94,4 млрд долларға жетті. Оның ішінде жалпы халықаралық резерв 34,2 млрл доллар, Үлттық Қор автивтері 60,2 млрд доллар. Жалпы халықаралық активтер ішінде 14,7-і еркін айырбасталатын валюта болса 19,4-і алтын активтерінде сақталған.

Мәлімдеме: Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы негізгі капиталға 15,2 трлн теңге инвестиция салынған, бұл ЖІӨ-нің 14,7%-ін құрайды. Негізгі капиталға салынған қаражатты процентпен қарасақ 15,5%-і мемлекеттік бюджеттен, 73,2%-і меншік қаражатынан, 3,2%-і банктердің кредиттері және 8,1%-і басқа да қарыздарда тиесілі. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 9,2%-ке өскен.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz