Тоқаев инвестиция туралы қаншалықты рас сөйледі?

19 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген отырыста бірнеше мәселені қамтып, дерек келтірді. Президенттің айтуынша, өткен жылы тікелей инвестиция көлемі кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті. Factcheck.kz сайты аталған деректі тексеріп көрді.

Өткен жылы тікелей инвестиция көлемі кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті. Жалпы саны 28 млрд доллар тартылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық банкінің мәліметіне сай, 2022 жылы тікелей инвестиция көлемі 28 млрд долларға жеткен және расымен де ол кейінгі 10 жылдағы (2013-2022) ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен 2012 жылы 28,8 млрд болғанын айта кеткен жөн.

Алайда, инвестициялардың ең үлкен көлемі, жалпы соманың 43% – дан астамы дәстүрлі түрде тау-кен секторына жұмсалды, ал өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар бестен бір бөлігін ғана құрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 2022 жылы келген 28 млрд доллардың 12,1 млрд доллары, яғни 43,3%-і кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібіне тиесілі. Одан кейін 5,6 млрд доллар өңдеу өнеркәсібіне, 5 млрд доллар көтерме және бөлшек сауда мен автобильдерді және мотоциклдерді жөндеуге тартылған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz