Несие туралы мифтер: нені білу қажет?

Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сәйкес, 2023 жыл 1 шілдедегі жағдай бойынша қаржы ұйымдарының барлық түрлерімен (банктер, МҚҰ және т.б.) жеке тұлғаларға берілген жалпы несие сомасы – 17 трлн теңгеге жетті. Ал несиесі өтелмеген қазақстандықтың саны 8,3 млн адам. Кредит алушылар санының жыл санап артуына және экономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты, халық арасында несие туралы тараған миф те аз емес. Үстіртін ойларды сейілту үшін адамдардың көкейінде жүрген мифтерді жинап, тексеріп көрдік. 

Несие (лат. crediruv – қарыз, үлес) – қайтару, сыйақы төлеу шарттарымен ақша қаражатын уақытша пайдалануға беру.

Мазмұны

1-миф. Несие — халықты кедейлендіру үшін мемлекет тарапынан жасалған “қастандық”.

Үкім: Жалған

Біріншіден, көптеген басқа қастандық теориялары сияқты, бұл теория да жалған сенімнен туындайды. Шындыққа қарасақ кез келген мемлекеттік ұйым немесе заңды тұлға сізді несие рәсімдеуге мәжбүрлей алмайды. Екіншіден, мемлекет, әрине, халықтың әл-ауқатына жауап береді және бюждетке салық төлей алмайтын кедей халыққа мемлекет мүдделі емес. Ал несие алу – әр адамның жеке таңдауы, демек, мемлекет сіздің таңдауларыңызға араласа алмайды.

Сонымен қатар, дүниежүзілік банк өкілінің пікіріне сәйкес, Қазақстандағы кедейліктің негізгі себептері: экономикалық құлдырау, жалақының төмендігі, жұмыссыздық, денсаулық жағдайына байланысты қаржылық қиындықтардың туындауы. Яғни, кедейлік деңгейі өсуінің бір ғана себебі халықтың несие алуынан деген қате түсінік.

2 – миф. Жұмысқа орналасуда несие кедергі келтіреді.

Үкім: Манипуляция

ҚР “Несие бюросы және Қазақстан Республикасындағы несие тарихтарының қалыптасуы туралы” 2004 жылғы 6 шілдедегі заңының 29-бап, 4-тармағына сәйкес, арнайы шарттар негізінде қарастырылатын үшінші тұлғалар несие есептеріне субъектінің жазбаша келісімі арқылы ғана қол жеткізеді. Демек, жұмыс берушілер қарызыңыз жайлы ақпаратты сіздің келісіміңіз арқылы ғана біледі және мәжбүрлеуге құқы жоқ. 

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, жұмыс берушілер “кадрлық қауіпсіздікті” қамтамасыз ету үшін несие тарихын сұрайды. Көбіне несие тарихы туралы ақпаратты мемлекеттік құрылымдар емес, ірі компаниялар сұрайды, оның ішінде телекоммуникация және күзет саласында кең танымал.

3-миф. Несие шартына өзгеріс енгізу мүмкін емес.

Үкім: Жалған

ҚР “Банктік қарыз шартын жасасу қағидалары” туралы қаулысының “Қарыз алушының құқықтары” бөлімі, 8-тармағына сай, қарыз алушы міндеттемелерін орындай алмау себептері, кірістері және басқа да фактілер туралы мәліметтер қамтылған жазбаша не шартта белгіленген тәсілмен өтініш ұсынуға құқылы. Яғни, кез келген борышкер несие шарттарын өзгерту үшін өтініш қалдыра алады және ол өтініш мақұлдануы мүмкін.

Қарыз беруші не банк жеке тұлғаның өтініші алынған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарастыруға және нәтижесін хабарлауға міндетті

4-миф. Несие тарихы нашар болса, банктің несие беруі екіталай.

Үкім: Шындыққа жақын

Әрбір банк әр түрлі шешім шығарады және несие тарихының көрсеткіштерін өздігінше бағалайды. ҚР барлық банктерінде ортақ бағалау жүйесі болмағандықтан және заңда бекітілмегендіктен, несие тарихына байланысты банктің несие беру-бермеуін нақты кесіп айта алмаймыз. Заңнамалық деңгейде несие тарихының шарттарына қатысты ақпарат жоқ, дегенмен сарапшылардың айтуынша, нашар несие тарихы несие алуға кедергі келтіруі мүмкін.

“Бірінші кредиттік бюро” өкілі Индира Қарлыбаеваның айтуынша, несие алуда несие тарихының жақсы болуы маңызды. Сондай-ақ, несие тарихы нашар клиентке көбінесе несие берілмейді, бірақ несиеге тауар рәсімдеген жағдайда мақұлдануы мүмкін. Сол үшін БКБ несиені уақытында төлеп, несие тарихына мұқият болуға кеңес береді. Егер кешіктірген жағдайда несие тарихын қайта жақсартуды ойлау керек. Ал электронды үкімет порталының дерегі бойынша, несие беруден бас тартудың ең көп тараған себебі – несие тарихында көрсетілетін төлем мерзімін өткізіп алу. 

5-миф. Несие алушы өмірден өткеннен кейін барлық қарызы кешіріледі.

Үкім: Жалған

ҚР “Азаматтық кодексінің” 1038-бабына сәйкес, әмбебап құқық мирасқорлығы тәртібімен мұрагерге мұра қалдырушының мүлкі ғана емес, сондай-ақ мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен міндеттері де ауысады (34-бөлім). Яғни, қайтыс болған адамның қарыздары кешірілмейді және мұрагерлеріне міндеттеледі

Дегенмен ҚР АК 1074-бабына сәйкес, мұрагерлер өсиет күшіне енген күннен бастап алты айдың ішінде мұрадан, сонымен бірге қаржылық міндеттемелерді орындаудан бас тартуға құқылы екенін ескерген жөн. Мұндай жағдайда мүлік иесіз болып саналады және несие берушілер қарыздың орнына мүлкін талап ете алады. Ал жеке басын сақтандырған азаматтарға (қайтыс болу жағдайында) сақтандыру компаниясы шартта көрсетілген талаптар негізінде төлем жасауға міндетті. Бірақ, банк тарапынан несие кешірілмейді, несие бойынша төлем не мұрагерден, иесіз мүлік құнынан я сақтандыру төлемі есебінен жасалады.

6-миф. Мерзімі өткен несие салдарынан коллекторлар түрмеге қамауы мүмкін.

Үкім: Жалған

ҚР “Коллекторлық қызмет туралы” заңының 5-бабы, 5-4-тармағына сай, коллекторлық агенттіктің адам құқығы мен бостандығына қол сұғатын, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, сондай-ақ осы тұлғаға мүліктік және өзге де зиян келтіретін заңсыз әрекеттер жасауға құқығы жоқ. Демек, коллекторлар сізді түрмеге қамай алмайды. 

Дәл осы заңның 4-бабына сәйкес, реттелмеген өзге де мәселелер ҚР “Азаматтық кодексімен”, азаматтық-құқықтық міндеттемелер негізінде қарастырылады. Ал абақтыға қамау үшін қылмыстық акті тіркеліп, ҚР “Қылмыстық кодексі” бойынша іс қозғалуы қажет. 

Бүгінде коллекторлар тарапынан құқық бұзушылықтар жиі байқалады. 2020 жылдың өзінде ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласында 35 коллекторлық агенттіктен заңсыз әрекеттерді анықтаған. Коллекторлардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?

  1. Коллекторлық агенттік ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өткен агенттіктердің тізімінде тіркелгеніне көз жеткізіңіз; 
  2. Коллекторлық агенттік қызметкері әрбір байланыс кезінде агенттіктің атауын, есептік тіркеу нөмірі мен мекен-жайын айтуы керегін естен шығармаңыз;
  3. Коллекторлық агенттіктермен даулы және шиеленісті мәселелер туындаған жағдайда, борышкер Қазақстан Коллекторларының Ұлттық Палатасының https://stop-collector.kz/ сайтында өтінім қалдырып, +7707 573 00 00 немесе +7776 508 33 00 телефон нөміріне хабарласа алады;
  4. Коллекторлар тарапынан заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда ҚР “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” заңының 211-1-бабы, 2-тармағына сәйкес, 50-150 АЕК айыппұл салынады.

7-миф. Мерзімі өткен несие салдарынан коллекторлар борышкердің банк шоттарына шектеу (арест) қоя алады.

Үкім: Жалған

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сай, коллекторлық агенттіктер борышкердің банк шотын бұғаттауға, борышкерлердің шоттарына төлем талаптарын қою арқылы берешекті акцептсіз тәртіппен өндіріп алуға құқы жоқ.

Есепшоттарға шектеу қою сот орындаушысының не тергеу судьясының қаулылары, сондай-ақ талап ету туралы сот шешімі негізінде жүзеге асады. Заң бойынша тікелей уәкілеттік берілген адамдарды қоспағанда, сот орындаушысының қызметіне араласуға ешкімнің құқы жоқ. Ал коллекторлар уәкілетті ұйымға жатпайды және сот шешімін шығара алмайды. Демек, тұлғалардың есепшоттарына да шектеу қоя алмайды

ҚР “Коллекторлық қызмет туралы” заңының 5-бабы, 10-тармағына сәйкес, коллекторлық агенттікке жеке сот орындаушыларымен ынтымақтастықты көздейтін шарттар жасасуға да тыйым салынады. 

8-миф. Мерзімі өткен берешегі бар борышкерге Қазақстаннан шығуға тыйым салынады.

Үкім: Шындық

ҚР “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы” заңының 33-бабы, 2-тармағы бойынша, 3 айдан астам уақыт аралығында міндеттемелері орындалмаған және қарыз сомасы 40 АЕК (138 000 тг) асқан азаматтарға ҚР аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылады.

ҚР азаматтары шекаралық шектеудің бар-жоғын ҚР Әділет министрлігімен құрылған “Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен” ЖСН (БСН) немесе ТАӘ бойынша біле болады.

9-миф. Несие мерзімі өтсе, қаржы ұйымы сізді “қара тізімге” қосады.

Үкім: Манипуляция

Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) мәлімдемесіне сәйкес, ешқандай қара тізім жоқ. Бұл қаржы ұйымдарының қызметкерлері қолданатын, нашар несие тарихын білдіретін ұғым.

10-миф. Қаржы ұйымына несие төлеуге қаражат болмаса, банкроттық жариялауға болады және қарыздар кешіріледі.

Үкім: Шындыққа жақын

“ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” ҚР заңының 4-бабына сай, заңды тұлға ретінде тіркелмеген азаматтар 12 ай бойы несие төлемеген жағдайда, соттан тыс және сот арқылы банкроттық жариялай алады. 

Соттан тыс банкроттық жариялау 1600 ( ≈ 5,5 млн тг) АЕК-тен аспайтын, ал сот арқылы банкроттық 1600 АЕК-тен көп қарыз сомасына ие азаматтарға заңда көрсетілген өзге де шарттарға сәйкес болған жағдайда қол жетімді. Осы заңның 6-бабы бойынша, бір адам 7 жылда бір рет банкроттық жариялауға құқылы екенін ескеру керек.

Қосымша

Аналитиктердің сөзінше, Қазақстандықтар несиені қаржылық сауатсыздықтан я ақша жұмсауға құмарлықтан алмайды. Халықтың 60%-ке жуығы табысының 55%-ін азық-түлік алуға пайдаланады. Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 10-15%. Кейінгі 10 жылдағы дерекке қарасақ несиенің тұрақты түрде өсіп келе жатқанын байқаймыз.

Материалды дайындаған: Шынар Төлеухан

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz