Үкімет президенттің көпбалалы аналарға қатысты тапсырмасын орындады ма?

24 қаңтарда өткен мәжіліс отырысында депутат Гауһар Танашева тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар жайлы сөз қозғап, депутат сауалын жолдады. Сауалда кейінгі 3 жылда тұрғын үй кезегіне тұрған 30 мың көпбалалы отбасының тек 33%-і ғана қамтамасыз етілгенін, әлі 115 мыңға жуық адамның кезекте тұрғанын атап өтті. Factcheck.kz депутаттың мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:18:12

Мәлімдеме: Мемлекет басшысы 2019 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 3 жыл ішінде кезекте тұрған 30 мың көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету деген тапсырма берген. Нәтижесінде, Үкімет, Президент тапсырған 30 мыңның тек 33%-ын ғана қамтамасыз еткен

Гауһар Танашева, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бізге берген мәліметіне сай, 2020-2022 жыл аралығында 9 948 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ал президент Тоқаевтің тапсырмасы бойынша негізінен 30 мың көпбалалы отбасы қамтамасыз етілу керек болған. Алайда тек 33%-і орындалған. Ал 2023 жылы 2329 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Мәлімдеме: Қазір тұрғын үй кезегінде 115 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұр.

Гауһар Танашева, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

Kezekte.kz сайтының дерегінше, 117 838 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде: 111 081 көпбалалы отбасының шағын санатына жатады, 4280 “күміс алқа” алған, 2096 “алтын алқа” алған, 290 бұрынғы “батыр ана” атағын алған және 90 “ана даңқы” орденімен марапатталған көпбалалы отбасы.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz