Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері 15 тәулікке қамалды

25 желтоқсанда Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері Бота Шәріпжан мен Равқат Мұхтаров 15 тәулікке қамалды. Шешімді Алматыдағы әкімшілік соты шығарды.

Белсенділердің қамалғанына 16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңына акцияға шыққаны себеп болған. Судья оларды “Бейбіт митиң өткізу ережесін бұзды” деп айыптады. Сот процесі онлайн режимде өтті.

Алайда белсенділер мен Oyan, Qazaqstan қозғалысының басқа мүшелері бұл шешіммен келіспейді. Олар мұның саяси астары бар деп есептейді. Ал қамалған белсенділердің адвокаты Ғалым Нұрпейісов әкімшілік қамауға алу туралы шешімге шағымданатынын айтты.

Айта кетейік, 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні Oyan, Qazaqstan және Демпартия мүшелері Алматыдағы Республика алаңына барып, акция өткізді. Онда олар Жаңаөзен, Қаңтар құрбандарын еске алды, құрбандардың өліміне кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.

Factcheck.kz