Орталық Азия елдерінде қыз алып қашу қылмыс па?

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қылмыстық кодекстің 125-бабына қыз алып қашқандарды жауапкершілікке тартатын арнайы тармақ қосуды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай жеке заң Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты Орталық Азия елдерінің Қылмыстық кодексінде қарастырылған. Бұл ақпаратты бірқатар медиа да таратты (1, 2, 3, 4). Factcheck.kz деректі тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар.

Омбудсменнің сайтында және бірқатар медиада жарияланған хабарлама

Үкім: Шындық

Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстанның Қылмыстық кодексінде қыз алып қашқандарға жеке жаза қарастырылғаны рас.

Мысалы, Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің 26-тарауы, 172-бабына (“Некеге тұру мақсатында адамды ұрлау”) сәйкес, үйлену мақсатында адам ұрлау қылмысына бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Некеге тұру не некелік қарым-қатынас үшін бала ұрлаған адам жеті жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады.

Кодекстің 173-бабы “Іс жүзінде некелік қатынастарға түсуге мәжбүрлеу” бойынша, баламен некелік қарым-қатынасқа түсуге мәжбүрлеген адамға елдегі 1 000-нан 2 000-ға дейінгі есептік көрсеткіште айыппұл салынады я болмаса 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ал 174-бап “Адамды некеге тұруға мәжбүрлеу” бойынша, адамды үйленуге мәжбүрлеу, сол сияқты мәжбүрлі түрде жасалған некені жалғастыруға я адамды некесіз бірге тұруға мәжбүрлеу, оған қоса адамның некелесуіне кедергі жасау қылмыс болып саналады. Мұндай жағдайда 1 000-нан 2 000-ға дейінгі есептік көрсеткіште айыппұл салынады я болмаса үш жылдан бес жылға дейін түрмеге қамалады.

Ал Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің 136-бабы — “Әйелді некеге тұруға мәжбүрлеу немесе оның некеге тұруына кедергі жасау” бойынша, қызды некеге тұруға я болмаса бірге тұруды жалғастыруға мәжбүрлеген, еркінен тыс некеге тұру үшін алып қашқан не керісінше, әйелдің неке қиюына кедергі жасаған адамға бірнеше жаза түрі қарастырылған. Ол соның бірін өтейді: елдегі ең төменгі жалақының 25-ке дейінгі мөлшерінде айыппұл төлейді; 360 сағат қоғамдық жұмыспен айналысады; үш жылға дейін түзеу жұмысын істейді; бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығы шектеледі; үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Түркіменстанның Қылмыстық кодексінің 125-бабына сай (“Некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау”), үйлену үшін әйелді еркінен тыс алып қашқан адамға елде белгіленген базалық шаманың 30-дан 70-ке дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады не екі жылға дейін түзеу жұмысымен айналысады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Қазақстанда қалай?

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде алып қашуға қатысты жеке заңнама жоқ. Дегенмен бұл әрекет көп жағдайда кодекстің 125-бабы — “Адам ұрлау” ісі бойынша қаралады. Алайда ұрланған адамды өз еркімен босатқан азаматтың әрекеттерінде басқа да қылмыстық құрам болмаса, жауапкершіліктен босатылатыны да бар.

2023 жылғы 4 тамызда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев дәл осы заңнамаға өзгеріс енгізуді, қыз алып қашатындарды жауапкершілікке тартатын арнайы заң енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, 125-бапқа жаңа тармақ қосылуы қажет. Сонымен қатар ұрланған адамды өз еркімен босатса да, қыз алып қашқан адамды жазадан құтылмауы керек.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Factcheck.kz