Литва ұлттық қауіпсіздігіне қатысты заңға түзету енгізді ме?

Желтоқсанның алғашқы аптасында әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда “геосаяси жағдайға байланысты Литва ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін елдер тізімін жасады” деген ақпарат тарап жүр. Тізімнің ішінде Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және т.б. бұрынғы Кеңес одағына кірген мемлекеттер бар. Елдегі әскери салада жүрген қызметшілерге осы тізімдегі елдерге баруға шектеу қойылады, яғни осы арқылы мемлекеттегі құпия ақпараттың сыртқа шықпауын қамтамасыз етедімыс. Аталған ақпаратты Factcheck.kz тексеріп көрді.

Үкім: Шындық

Литва Республикасы “Ұлттық қорғаныс жүйесін ұйымдастыру және әскери қызмет туралы” заңына бірнеше түзету енгізіп, 17 қарашада Сейм (жоғары заң шығарушы орган) тіркеді. Осы заңның 36-бабына “Кәсіби әскери қызметте жүрген қызметкерлер ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жұмыстан тыс шетелге шығуға тыйым салынады” деген толықтыру енгізілді. Әрі осы түзетулер 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енеді. Дегенмен заңда нақты қай елдер екені жазылмаған. Сайттағы ақпаратта жазылған елдер тізімін Литва Ұлттық қауіпсіздік министрлігі ұсынған болатын. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Литва экономика және инновация министрлігі Үкіметпен бірігіп 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейін “агрессив елдердің” тізімін жасаған болатын. Оның ішінде Ресей, Белорусь, аннексияланған Қырым, Абхазия, Оңтүстік Осетия және т.б. аймақтар бар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz