Фактчек | Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы туралы

6 желтоқсанда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Литваның Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергистің кездесуі өтті. Кездесу барысында Мұхтар Тілеуберді екі ел арасындағы сауда айналымы туралы дерек келтірді. Осы орайда Factcheck.kz сайты екі ел арасындағы тауар айналымын қарап көрді.

2022 жылдың тоғыз айында екіжақты тауар айналымы 500,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары.

Мұхтар Тілеуберді, Сыртқы істер министрі

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан мен Литва арасындағы 9 ай ішіндегі тауар айналымы 500,4 млн АҚШ долларына жеткен. Ал 2021 жылдың 9 айындағы тауар айналымы – 242,4 млн АҚШ доллары болған. Демек, Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы шамамен 2,1 есеге өскендігін көреміз.

Қазақстанда 170-ке жуық литвалық компания бар.

Мұхтар Тілеуберді, Сыртқы істер министрі

Үкім: Техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істеп тұрған Литвалық кәсіпорындар саны – 179 (оның ішінде 174 шағын кәсіпорын болса, 5 орта кәсіпорын).

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz